Таңдаулы жаңалықтар:

ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ БАҚЫТТЫ ҰРПАҒЫМЫН!

 Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтеміз. Уақыт өткен сайын өз тарихымызға қайта үңіліп, біздің ата-бабаларымыздың сан ғасырлық азаттық күресінің жаңа беттерін ашып, Қазақстан тәуелсіздігінің көне дәстүрлерін жаңғыртып, жаңа құндылықтарды қалыптастырудамыз. Ғасырлар қойнауынан асыл елдің тарихын аршып алдық.

Менің ата-бабам кеңестік дәуірдегі солақай саясаттың арқасында 1937 жылдары Әзірбайжаннан кең байтақ Қазақстанның киелі Созағына жер аударылған болатын. Бұл 1937-нің қараша айы еді. Қақаған қыс. Екі аптадан көп уақыт мал таситын вагондардағы өмір. Жолдағы қиыншылық, адамдардың суықтан, аштықтан қырылуы. Белгісіз бағыт. Іштерінен «Сібірге апармаса екен» деген арман. Несібелеріне қарай Қазақстан жерінің топырағы бұйырған екен.

Сол кезеңде қазақ халқы өзге ұлттарды өзекке теппей, қайта үрпиіп, не істерін білмей тұрғандарды «Қорықпаңдар, өзіміздің бауырлар екенсіңдер. Бірге көтерген жүк жеңіл» деп үйді-үйге жанұяларды бөліп алды. Ата-әжемнің айтуынша ол кезең Қазақстан үшін де оңай болған жоқ, алайда қазақ халқы оларға өздеріне тән кең пейілділігі мен қайырымдылығын көрсетті. Өзге этнос өкілдерін бауырына басып, қолындағы барымен бөлісті. Отанынан жыраққа келгендердiң көкейiнде келешекке деген сенiмді ұялатты. Қолындағы бір үзім нанын тең бөліскен қазақтар олардың қазақ топырағына барынша жерсінуіне лайықты жағдай жасады.

Олар қазақ жеріне келіп өздерін ажалдан арашалап қана қалған жоқ, қазақтың «судай сіңіп, тастай бат» деген мақалына сай, осы елге сіңіп, тілін ана тіліндей қабылдап, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын өз өмірімен байланыстырды. Атамның екі бауыры қазақпен құда болды.

Қазіргі таңда жер аударылып келген әзірбайжандар өз ұлтында жоқ қазақтың көптеген салт-дәстүрлерін қолданып келеді. Атап айтсақ, келін түсіргенде беташар жасап, келіндер үлкендерге сәлем салып, перзенттері енді тәй-тәй басқанда «тұсаукесер» жасайды, қадірлі қонақ келгенде етін асып, қонағының алдына қояды.

1950 жылдары депортацияланғандарға өз еліне оралуға рұқсат берілді. Болашағын  қазақ елімен, қазақ топырағымен байланыстырған атам «Тал бір жерде көгереді, жас кезімізде келіп, ажалдан аман қалып, Қазақ топырағынан нәр алып, үйлі жайлы, перзентті болып жатырмыз. Яғни біздің көгерер жеріміз Қазақстан», деп ешқайда көшпей, Қазақстанда қалғанды құп көрді. Алайда, туған-туыстарымыздың бір бөлігі Әзірбайжанға қоныс аударды.

Қолым қалт еткенде шет елдегі туған-туысты аралап келемін. Олар әрдайым қазақ халқының адами қасиеттерін жиі еске алады. Қазақтың құрт-майы мен бауырсағын, қазы-қартасын аңсайды. Ауылдағы жақын ағайындай болып кеткен азаматтарды сұрайды.

Бәріміз түркі тілдес халықтар болсақ та мәдениетімізде шамалы өзгешеліктер бар. Мысалы, әзірбайжандар жылқы етін жемейді, бірақ Қазақстаннан көшкендер оны әрдайым аңсайды. Сондықтан жылда Әзірбайжанға барғанда мен жылқы етімен қазы алып барып, әдемілеп ет асып беремін. Сонда менің 96 жастағы қарт әжем «Асхананың есігін ашыңдаршы. Шіркін-ай, менің киелі Қазақстанымның иісі  мұрныма келді ғой» деп көзіне  жас алатын. Ол кісі 98  жасқа келіп дүниеден өтті, бірақ өл-өлгенше «шіркін-ай, маған Құдай бір сәтке қанат берсе Қазақстаныма ұшып барып, рахаттанып ауасын бір жұтып өлсем де арманым жоқ» деп армандаушы еді.

Кішкентай кезімде, әлі есімде әжем екі күн сайын тандырға екі тандыр нан жабатын, біреуін өзімізге, ал екіншісін көршілерге апарып беретін. Бұл жылдар бойы жалғасты. Сонда мен «апа, неге олай істейсіз?» дегенде, «балам, бұл бейбітшілік, молшылық заманның наны, ал сонау 1937 жылдардағы ашаршылықта қазақ бауырларымның өз балаларының аузынан жырып, бізге бөліп берген бір үзім нанының дәмі ешқашан аузымнан кетпейді, сондықтан да мен қазақ халқына мәңгі қарызбын» дейтін.

Тағдыры қазақпен тығыз байланысқан түрлі ұлт өкілдері үшін Қазақстан тарихи Отанынан да ыстық.

Сондықтанда Шымкент қаласында тұратын барша ұлт өкілдерін қазақ халқының жанына топтасып, қазақ тілінде сөйлеп, қазақ халқының салт дәстүрлерін дәріптеп, тарихын құрметтеп, елімізде қалыптасқан ұлтаралық достық пен ынтымақты ұрпақтан ұрпаққа жеткізуге шақырамын.

Мен ата-бабаларымның атынан сонау қиын-қыстау кезеңде менің бауырларымды аман сақтап қалған Қазақ халқына, туған мекенге айналған Қазақ жеріне мың алғысымды білдіріп, басымды иемін! Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы құтты болсын!  Бірлігі бекем, тірлігіміз тиянақты болсын!

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *