ТарМУ тың жобаны іске асыруда

Қоғамның өмірінің сан түрлі саласына тың серпін берген Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы тәуелсіздігінің үшінші он жылдығына аяқ басар тұста саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды бастан өткерген мемлекет дамуындағы жаңа белеске айналды. Баянды болашаққа бет алған еліміздің ендігі мақсат-мұраты қазақы қалпымыз  мен ұлттық біртұтастықты сақтап әлемдік өркениет көшіне аяқ басу. Бұл орайда, жастарға заман талабына сай тәрбие беру мен сұранысқа сай маман етіп даярлауда білім беру мекемелеріне зор сеніп артылған. Сәйкесінше, Елбасы тапсырмаларды жүзеге асыру, бағдарламалық мақалаға үн қосу мақсатында  биыл асқарасы 60 жылдығын атап өткелі отырған  М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті 9 ауқымды жобаны қолға алды. Жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыруға университеттің профессор-оқытушылар құрамы, магистрандармен студенттер жұдырықтай жұмылып іске кірісті.

 

Елбасы өз мақаласында «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар –қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы екендігін атап өтті. Университет қабырғасында болашақ ІТ саласының мамандары даярлап жатқандықтан оқу орнында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына ерекше басымдық берілді. Ғалымдар мен студенттердің ғылыми әлеуеті дәл осы бағдарламаға сай жоба жасауға жұмылдырылды. Нәтижесінде, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасымен үндес бірнеше жоба дүниеге келді. Соның бірі- «Жамбыл облысының этникалық топтарының интерактивті тарихи картасы» деп аталады. Бұл жоба арқылы кез келген желі қолданушысы облыс аудандарын қоныстанған ұлттар туралы толық ақпараттарды ала алды. Картаға облыстағы этно-мәдени орталықтары жайындағы барлық ақпараттар енгізілген. Тіпті осы орталықтардың мұрындық болуымен жақын арада өткізілетін іс-шаралардың жоспарымен де танысып шығу мүмкіндігі берілген. Қазіргі таңда Жамбыл облысының этникалық топтарының интерактивті тарихи картасы www.ank-tarsu.kz сайтында орналасқан.

Жалпы, осынау жобаны қолға алудағы негізгі мақсат жаңа ақпараттық, мультимедиалық әдістерді мен цифрлық технологияларды қолдана отырып еліміздегі полиэтникалық топтардың тарихи мұрасы мен рухани байлықтарын насихаттау болып табылады. Сол арқылы жастар санасында, ұлттық бірлік, этносаралық келісім ұғымы қалыптасады.

Жоба арқылы халықтың саналы сауаттылығын арттыру мен «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында сандық Жібек жолын қалыптастыруды мақсат етіп отырмыз. .Әрі ғаламтор желісін облыс аумағындағы этностардың пайда болу, қалыптасу туралы тарихи деректерге негізделген контенттермен толықтыру ойымызда бар. Жамбыл облысының этникалық топтарының интерактивті тарихи картасы замануи web технологиялардың көмегімен әзірленді.

Жалпы, картаны дайындауға негізінен ақпараттық технологиялар, автоматика және телекоммуникацияла  факультетінің профессор-оқытушылар құрамы және «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасы, «Қазақстан тарихы» кафедрасы ұжымдары ат салысты. Болашақта бұл картаны облыстың этникалық қауымдастығының тарихы мен бүгінгі жай-күйіне қызығушылық білдіргендер өз ғылыми зерттеулеріне дереккөзі ретінде пайдалана алады. Сол себептен картаны жетілдіру, құнды мәліметтермен толықтыру жұмыстары жалғасын табуда. Өз кезегінде, бұл жұмыстарға кәсіпкерлер мен әлеуметтанушылар, ІT-мамандар, тарихшылар және мәдениеттанушылар тартылып жатыр. Сондай-ақ картаға университеттің профессор-оқытушылар құрамымен өткен жылы ұйымдастырылған «Әулиеата киелі мекен» экспедициясымен этностарға қатысты жиналған материалдар толықтай енгізілді.

Университетте «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алынып жатқан жобалардың барлығына дерлік ақпараттық технологиялар, автоматика және телекоммуникациялар факультетінің оқытушылары мен студенттері ат салысады. Әрине, болашақ ақпараттық технология саласы мамандарын осынау жобаларға тарту олардың кәсіби машығын шыңдай түспек. Оған қоса жаңа оқу жылынан бастап біздің университетте «Цифрлы университет» жобасы қолға алынды. Оқу орнының басшылығымен жобаны жүзеге асырудың жол картасы бекітіліп, 2021 жылға дейінгі жұмыс жоспары түзілді. Қазір біздің университет осы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асырудағы жетекші ғылыми орталыққа айналып келеді. Тамыз айында оқу орнының базасында IT орталық өз жұмысын бастады. Өз кезегінде, бұл орталық облыстағы ақпараттық технологиялар саласы мамандарын даярлау мен  кәсіби біліктілігін арттыру орнына айналады.

Сондай-ақ факультеттің профессор-оқытушылар құрамы «Цифрлы университет» жобасының тұжырымдамасындағы маңызды міндеттердің бірі оқу үрдісі мен құжат айналымын электронды жүйеге көшіру жұмыстарымен айналысып жатыр. Сәйкесінше, бұл жұмыстарға «Ақпараттық жүйелер», «Информатика», «Есептеу техникасы және бағдарламалық жабдықтау», «Автоматика және басқару» мамандықтарында білім алатын студенттер де өз үлестерін қосуда. Олар үшін бұл жұмыстар студенттер дәріс барысында теориялық білімдерін іс жүзінде сынап көрудің тиімді тәсіліне айналмақ. Әрине, сәт сайын жетіліп, жаңартылатын web-технологиялар IT-мамандардан мейлінше кәсібилікті қажет етеді. Бұл орайда, маман даярлау ісі шетелдік тәжірибесімен ұштасып жатса ұтарымыз көп болмақ. «Цифрлы университет» 0жобасы Португалияның Браганса институтының тәжірибесі арқылы жүзеге асып жатқандықтан алдағы уақытта аталмыш оқу орнымен әріптестік байланыс арқылы қос дипломды білім беру мүмкіндігі жан-жақты пысықталуда.

.    Сайып келгенде маман даярлау ісіндегі шетелдік тәжірибені кәдеге жарату, университетті цифрландыру, кітап қорын электронды жүйеге көшіру жұмыстарына Елбасының бағдарламалық мақаласы арқау болды. Қоғамды  рухани жаңғыртуда, санаға сілкініс әкелуде білім, тәлім-тәрбие орындарына айрықша сенім артылған. Осы сенімнің үдесінен шығуда ұстаздар қауымына ұрпақ тәрбиесі, маман даярлау ісіне тың көзқараспен қарайтын кез жетті.

 

Гаухар Мұратова,

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың

ақпараттық технологиялар, автоматика

және телекоммуникациялар

факультетінің деканы