Тараздықтар қашан көбейеді?

Таяуда ғана Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы- Шымкент қаласы халқының саны 1 миллион адамға жетті. Осылайша аталмыш шаһар республикалық мәндегі қалалар қатарына қосылатын болды. Ал, Шымқаладан 200 шақырымға жетпейтін қашықтықта орналасқан Тараз шаһары тұрғындарының саны соңғы 20 жылдың бедерінде 300 мыңның төңірегінде келе жатыр. Неге көбеймейді? Осы мәселені жақында Жамбыл облыстық «АРАЙ» жастар газетінің «DODA» ой-пікір алаңында жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Көсемәлі Сәттібайұлы көтерді.

-Жуырда облыстық статистика департаментінен Тараз халқының санына байланысты мәлімет алдым. Департаменттің мәліметіне сүйенер болсақ, 1998 жылы облыс халқының саны 900 мыңға жуық болса, Тараз қаласы тұрғындарының саны 333 мыңды құраған екен. 2017 жылғы халық санын көргенде шынымды айтсам көңілім алабұртып, өз көзіме өзім сенбей, парақтағы цифрларға қайта-қайта қарай беріппін. Осы уақытқа дейін облыс халқы 125 мыңға, тараздықтардың саны 25 мыңға ғана көбейген. Біз неге көбеймейміз?! Мұның бір ғана себебі бар. Облыстан көшіп кетушілер көп. Тиісінше өңірімізге қоныс аударушылар жоқ десек те болады.

Қанша ойлансам да жанымды жегідей жеген бір сұрағыма жауап таба алмадым. Облысымыздағы небір талантты жастар неге басқа қалаларға, шетелге сонша құмар? Басқа қалада берілетін пәтер бізде де бар. Жамбылда жүріп те шаңырақ көтеріп, тіршілік жасауға болады ғой. Алысқа бармай-ақ өзімді мысал етіп алайыншы. Қызмет бабымен немесе басқа себеппен Алматы, Астанаға кетіп қалғанымда мүмкін қазіргіден де үлкен жетістіктерге жетіп, құрмет-қошеметтің ортасында жүрер ме едім. Шүкірлік етем, алақандай Таразымда жүріп те көштен қалып жатқан жоқпын.

Сондықтан, жастардың бойындағы туған жерге, туған қаласына деген санасын, махаббатын оятуымыз керек. Бұл орайда отбасындағы тәрбиенің маңызы зор. Ата-ана дұрыс тәрбие бере алмаған жастан жақсы нәтиже күтуге болмайды. Әйтпесе, бүгінгі жастар бақытты. Өткен жылдарға шегініс жасасақ, кезінде дәл қазіргідей мүмкіндіктер болған жоқ қой. Ал, қазір мемлекет қолымызға «балық бермей, қармақ беріп» бар жағдайды жасап беріп отыр. Тек мол мүмкіндіктерді пайдалана біліп, жұмыс жасауымыз керек. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының еңбек жолына зер салыңыздаршы. Көптің бірі болып қатардағы қарапайым жұмысшыдан бастады емес пе?

Тағы бір мысал, еркін күрестен Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров қазір облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры. Осы қызметке тектен-текке отырғыза салды ма? Жоқ. Өз-өзін дәлелдей білді. Шүмектеп терін төкті, ал қазір жемісін көріп отыр. Айтқым келіп отырғаны, «тамыр-танысы көптердің ғана мүмкіндігі бар» деген түсініктен арылу керек. Санамызға әбден сіңіп қалған осы қағидаға қарсы жұмыс жасау керек. Айта берсе, қарапайым отбасыдан шығып, бүгінде есімі ел аузында жүрген тұлғалар жетерлік. Өзім де 8 жасымда әкеден айырылып, жалғыз әжемнің арқасында осы деңгейге жеттім. Әжем бетімнен қақпады. Еркін өстім. Егер кітап оқып, өз-өзімді тәрбиелемегенімде кезінде бұзақылардың қатарына қосылып, мүлдем басқа жолға түсіп кетер ме едім. Сондықтан, жастарымызға «сана берсін» дегім келеді. Ал, саналы, әрбір іс-әрекетін ой таразысында таразылай білетін жастан жамандық  шықпайды,-дейді Көсемәлі Сәттібайұлы.

Шынында да ойланатын мәселе. Біздің білуімізше, мұның басқа да себептері бар. Оған кейінірек тоқталатын боламыз. Ал, сіздің ойыңызша қалай? Тараздықтар неге көбеймейді?

 Мейірхан ЖҰМАБАЙҰЛЫ

 

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *


Бізбен байланыс

«ZAU.KZ» ақпарат агенттігі

Мекен-жайымыз: Жамбыл облысы, Тараз қаласы

Телефон: 8 771 399 43 63

Электронды пошта: zau.kz18@mail.ru