Таңдаулы жаңалықтар:

Таразда жолақы да, нан да қымбаттады…

Тараз қаласында нан бағасы 5 теңгеге, қоғамдық көлікте жүру жолақысы 20 теңгеге қымбаттады.

Қазір ас атасы дүкендерде 90 теңгеден сатылып жатыр. Қалыптасқан жағдайға байланысты өндірістегі жағдай тексерілген.

Мамандар бұл жолы қымбаттауға негіз бар деген шешімге келіп отыр. Бағаның өсуіне солтүстік өңірдегі бидай мен 1-сұрыпты ұнның қымбаттауы әсер еткен. Бидай 75-тен 95-ке, ал ұн 110-нан 125 теңгеге дейін өскен. Соңғы екі жылда нан бағасын ұстау мақсатында наубайханаларға тұрақтандыру қорынан 3,5 мың тонна ұн төмен бағамен беріліп келді. Соның арқасында аймақта 2 жыл бойы нан құны 85 теңгеден аспады.

 «Облыста өндірілетін бидай сапасы бойынша сәйкес келмейді. Сәйкесінше осыған байланысты облыстағы нан бағасы солтүстік өңірден сатып алынатын ұн және бидай бағасына тәуелді болып келеді. Алдағы уақытта нан бағасы 90 теңге көлемінде ұсталып тұратын болады. Бұл бағытта тұрақтандыру қорынан алдағы уақытта жергілікті бюджеттен қосымша қаржы сұратылып, нан бағасын ұстау мақсатында тиісті жұмыстар атқарылатын болады»,- дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Төлебек Құлекеев.

Сондай-ақ, Тараз қаласының қоғамдық көліктерінде жол жүру ақысы 20 теңгеге қымбатауда.

Бұл туралы Тараз қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Тараз қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 20 сәуірдегі №1547 қаулысына сәйкес, ағымдағы жылдың 4 мамырынан бастап Тараз қаласында қоғамдық көліктерде жол жүру ақысын электрондық жол жүру картасы арқылы қолма-қол ақшасыз төлеу кезінде барлық жолаушылар үшін – 85 (сексен бес) теңге, мектеп оқушыларына (1-11 сынып) – 40 (қырық) теңге болып белгіленді»,-делінген әкімдіктің хабарламасында.

Айта кету керек, бұған дейін шаһардағы қоғамдық көліктерде электрондық жол жүру картасы арқылы төлем құны – 65 теңге болып келген.

Сондай-ақ, хабарламада қолма-қол ақшамен төлеу тарифінің көлемі барлық жолаушылар үшін – 130 теңге, мектеп оқушыларына –  65 теңге көлемінде өзгеріссіз қалатындығы айтылған.