Таразда Жамбылдың екі ескерткіші, екі көшесі бар

«Естімеген елде көп» дегендей, Таразда да таңдай қақтыратын тірліктер жетеді. Соның бірі жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың қос-қос ескерткіші мен көшесіне қатысты.

Мына бірінші фотодағы ескерткіш бұрынғы көк базар аумағында 1963 жылы орнатылған болатын. Мүсіннің авторы-Х. Наурызбаев. Ескерткіш өткен жылы тұғырынан алынып, Тараз қалалық әкімдігіне қарасты «Жасыл Тараз» мекемесінің ауласына қойылды.

Есесіне былтыр қала күнінде жыр алыбының жаңа ескерткіші облыстық әкімдік ғимаратының алдына орнатылып, салтанатты түрде ашылды.

Бұл бастаманы қолдағандар да, қарсылық білдіргендер де болды. Дегенмен ескерткіш төңірегіндегі дауға әлі нүкте қойылған жоқ.

Енді мына қызықты қараңыз. Жамбыл Жабаевтың Тараз қаласындағы ескерткіштері ғана емес, оның атындағы көшелер де екеу болып тұр.  Автобекет аумағынан Д.Қонаев көшесіне дейінгі аралықты алып жатқан Жамбыл даңғылын білмейтін жан кемде-кем шығар.

Ал, Тектұрмас кесенесіне баратын жолда тағы бір Жамбыл көшесі бар екенін естіп пе едіңіз? Бірақ, бұл көшенің қалтарыс-бұлтарысы көп. Тұрғынүйлердің номерленуі де бір жүйеге келтірілмеген. Көше жолдары да оңып тұрған жоқ. Неге дәл осы көшеге жыр алыбының есімін қойды екен деген сұрақ туындайды. Әлде, бұл басқа Жамбыл ма?

«Атыңнан айналайын, Әулиеата, Атыңды мен алды деп болма қапа» деп тебірене толғанған, отты жылдарда жалынды жырларымен жауынгерлерге рух берген дала дүлдүліне қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Тек артық қыламыз деп тыртық қылып алмасақ болғаны. Бұған қала әкімі Қайрат Досаев қандай уәж айтар екен?

Заула, ақпарат!