Тараз қаласының күні неге әрқалай атап өтіледі?

Фото авторы:  Алтынбек Қартабай

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, алдағы 27 қазанда атап өтілетін Тараз қаласының күні тамаша тартуларға толы болғалы тұр. Өйткені, аймақ басшысы Асқар Мырзахметов бастаған атқамінерлер айтулы мерекеге  айрықша   дайындықпен келді. Сұрқай тартқан саябаққа сән кірді. Құрылыстың тамырына  қан жүрді. Көше кеңіп, көлік жолы жаңғырды. Осылайша іскер билік таң қылды. Кей-кейде өркенді істер де өздігінен өлең  болып төгіле ме, қалай?

«Балапанды күзде санайды» дейді дана қазақ. Сол айтқандай, биылғы қала күнінде бір емес, бірнеше нысан ел игілігіне ұсынылмақ. Тараз қаласының әкімдігі таратқан хабарламаға көз салсақ, 27 қазанда сағат 9.30-дан басталатын мерекелік шаралар түн жарымына дейін толастамайтын сияқты.

Атап айтқанда, сол күні   темір жол скверінде «Тараз» стеласы ашылады.

Ал,  Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақта Қайрат Рысқұлбеков ескерткіші ашылып, «Тәуелсіздік ұшқыны» аллеясы талайды тәнті етпек. Осы аумақта  «Ғибрат» орталығы да іске кіріседі.

Сонымен қатар жұртшылық «Желтоқсан» скверіндегі «Желтоқсан толқыны» субұрқағының сән-салтанатын  тамашалайды.

Қайта жаңғырған Б. Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында да оңды өзгеріс көп. Мұнда тыл еңбеккерлеріне, Чернобыль атом электр стансасының зардабын жоюға қатысушыларға, Ауғанстан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштер ашылады.

Сәнді саябақтың іргесіндегі  «Үшбұлақ» демалыс орны да осы күні пайдалануға берілмек.

Сондай-ақ орталық «Достық» алаңында өтетін «Тараз-менің сүйікті қалам!» атты мәдени көпшілік іс-шара  ғажайып мерекелік отшашумен аяқталады.

Аталған іс-шараларға Қазақстан эстрадасының  жұлдыздары Досымжан Таңатаров, Саят Медеуов, Қуандық Рахым, Арай Серікхан және «OXFORDS live band»  вокалды-инструменталдық ансамблі қатысады деп күтілуде.

Жергілікті билік жұртшылыққа шаттық пен шалқар көңіл сыйлап жатса, оған қалай марқаймасқа? Осы орайда көкейде «Қала күнінің тарихы қалай басталған?» деген сұрақ көлбеңдейді. Оның үстіне шаһар мерекесінің әр жылы әрқалай тойланатындығы да еріксіз  ойға қалдырады. Мысалы, 2016 жылы қала күні 14 қазанда атап өтілсе,  2017 жылы 5 қазанда тойланды. Биыл 27 қазанда мерекеленбек. Бұл мерекенің тым тереңде жатқан тарихымызға қатысы жоқ екендігі де бесенеден белгілі. Ал, Елбасының Жамбыл қаласын ежелгі аты Тараз қаласы деп атау туралы Жарлығы 1997 жылғы 8 қаңтарда жарияланған. Бір анығы, қала күні сол жылдың қоңыр күзінен  бері тойланып келеді. Естуімізше, шаһардың сол кездегі әкімі Болат Жылқышиев «Биылдан бастап қазан айының алғашқы сенбісін Тараз қаласының күні деп белгілейік» деген ұсыныс тастап, ол бірден қолдау тапқан көрінеді. Расында да, мұндай мереке керек. Дегенмен, нақты бір күнді белгілесек нұр үстіне нұр болар еді. Жә, ол енді алдағы уақыттың еншісіндегі дүние. Тойлай білген де, ойлай жүрген де жақсы.

Ендеше, Мемлекет басшысы «Тарихымыздың темірқазығы» деп айрықша баға берген Тараз қаласының күні құтты болсын! Киелі Әулиеата өңірі өсіп-өркендей берсін!

 

Сембек Сәрсен

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *