Таңдаулы жаңалықтар:

Түркістан қаласында 130-ға жуық көше жарықтандырылды

Түркістан қаласын жарықтандыру мен автокөлік жолдарын күрделі жөндеуден өткізу бағытында 2020 жылы бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылды. Мәселен, былтыр қала ішінде 168,5 шақырымды құрайтын 126 көше жарықтандырылған. Бұнымен қоса, орташа жөндеу жұмыстары (асфальт төсеу) 106,1 шақырымға, яғни 81 көшеге жүргізіліп, аяқ жолдар салынды.
«Түркістан қаласы тұрғындары электр қуатымен 99,8 пайыз қамтылған. Жылу жүйесінде орталық қазандықты қайта жөндеу (реконструкция) жұмыстары толық аяқталды. Орталық қазандықтың жұмысы көмір отынынан табиғи газға ауыстырылды. Сондай-ақ, Түркістан қаласында 37 455 абонент (98%) таза ауыз сумен қамтамасыз етілген», — деді қала әкімі Рашид Аюпов халық алдындағы онлайн форматтағы есебінде.
Айта кетерлігі, былтыр Түркістан қаласын газбен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілді. Нәтижесінде көгілдір отынды толық пайдаланушы абоненттер 63%-ға жеткен. Ал қала бойынша инфрақұрылым және сол инфрақұрылымға газ беру көрсеткіші — 100%. Сонымен қатар, жаңадан қоныстанған, жер құжаттарын жаңадан заңдастырған және тағы басқа да себептермен жобаға енбей қалған қала аумағындағы 380 тұрғын үйді табиғи газбен қамту мақсатында жобалау сметалық құжаттары әзірленуде. Жобаның құрылыс жұмыстарын жүргізу 2021 жылдың 2-ші жарты жылдығына жоспарланған.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі