Таңдаулы жаңалықтар:

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ТӘУЕКЕЛДЕРІНЕ ІШКІ ТАЛДАУ САПАЛЫ ЖҮРГІЗІЛУІ ТИІС

02/04/20211min1090

Бүгін, 2 сәуір күні «ANTIKOR ORTALYGY» сервистік орталығында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының кеңесшісі Жылқышиева Жазира, Республикалық «Парасат жолы» орталығының жетекшісі Сәдібек Түгел және аймақтық Департамент басшылығы облыстық басқарма және аудан басшыларының қатысуымен кездесу өткізді.
Шарада сыбайлас жемқорлықтың алдын-алудың тиісті деңгейде жүзеге асырылуы талқыланды.
Кездесу барысында арнайы мониторингтік топтың жетекшісі Бауыржан Мөрбеков 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның орындалысын талдау қорытындысы туралы айтып берді. Оның ішінде көліктік бақылау саласындағы мониторинг нәтижесінде көлік құралын тексеруді жүзеге асыратын инспекторларда бейнетіркегіштер жоқтығы және сараптамалық бақылау басқармасының орталықтарында портативті бейнетіркегіш арқылы тіркеу жүргізу мүмкіндігі жоқ екені анықталды.
Сондай-ақ, кездесу барысында Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясының жұмысында анықталған кемшіліктер айтылды. Ветеринарлық тексеру өткізу пункттерінде бейнетіркегіштер белгіленбеген, салдарында, өткізу пункттерінде жүк көліктерін тексеру тетіктері жоқ, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне әкеліп соғады. Осыған байланысты бұл мәселені ведомствоаралық деңгейде қарау туралы ұсыныс айтылды.
Кездесу нәтижесінде Төраға кеңесшісі басқарма жұмыстарында сапалы ішкі талдау жүргізіліп, оның нәтижесі нақты ұсыныс ретінде шешімін табу керек екендігін атап өтті. Сонымен қатар, шара барысында Агенттіктің заңнамалық бастамаларының негізгі бағыттарына тоқталды. Соңында Департамент басшысы Әділхан Әшірбаев жергілікті атқарушы органдармен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны орындау бойынша тығыз байланыста екендігін атап өтіп, қатысушыларды адал, парасатты болуға және мемлекет пен азаматтардың мүддесіне шынайы қызмет етуге шақырды.