Шымкент осыдан 3 жыл бұрын миллионды қала атанды. Оған көршілес жатқан елді мекендердің қалаға енуінің де үлесі болғаны белгілі. Бүгінде осынау шалғай елді мекендердің инфрақұрылыммен қамту жұмыстары да назарда тыс қалған жоқ.
Қала экономикасының орнықты дамуы инфрақұрылымды жетілдіріп, өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр. Осы орайда сайлауалды бағдарламаның «Шалғайдағы елді мекендерді дамыту» бағыты бойынша халықты сапалы сумен қамту мақсатында ауқымды жұмыс атқарылып отыр.
Биыл бюджеттен 16 миллиард теңге бөлініп, 3 магистралды және 11 ішкі орамдық ауызсу құбырының құрылысы жүргізілді. Нәтижесінде, суды тасымалдап алып отырған 7 елді мекен және жартылай қамтылған 2 елді мекенде ауызсу мәселесі жыл соңына дейін толық шешіледі. Жоғарыда аталған 9 елді мекенде 26 мың адам өмір сүретінін ескерсек, биыл Шымкенттегі тұрғындарды ауызсумен қамту көрсеткіші 98 пайызға дейін жетеді.