Таңдаулы жаңалықтар:

ШЫМКЕНТТІК ҰСТАЗДЫҢ 121 ШӘКІРТІ БІЛІМ ОЛИМПИАДАЛАРЫНДА ҮЗДІК ШЫҚТЫ

Қала мектептері мұғалімдерінің алдында тұрған басты міндет — білім сапасын арттыру екенін қала әкімі Мұрат Әйтенов педагогтардың биылғы тамыз конференциясында айтқан болатын. Мемлекет тарапынан оқушылардың сапалы білім алулары үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылуда. Шымкентте қала абыройын асқақтатып, білімнің шыңына шыққан жастар қатары артуда. Оқушы бойындағы дарынды анықтап, жетелеген ұстаздың бірі – Бибайша Бейсетаева. Ол дайындаған 121 жас өрен Республикалық және халықаралық олимпиадаларда жеңіс тұғырынан көріне білді.

Бибайша Абдіманапқызы 1996 жылдан бері №47 мектеп-гимназиясында қазақ тілі және әдебиеті пәнінен сабақ беріп келеді. Саладағы жұмыс өтілі – 34 жыл. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған тәжірибелі ұстаз білім саласындағы жаңалықтарды жатсынбай қабылдап, оқу үдерісіне енгізу үшін үздіксіз еңбек етуде.

Кәсіби жағынан кемелденген ұстаз жас мамандарға өз тәжірибесімен бөлісіп те отырады. 1999 жылдан бері әріптестері арасында қалалық семинарлар өткізіп, кәсіби жағынан шыңдалуына ықпал етуде. Сонымен бірге, 9-сыныптың қазақ тілі және әдебиеті пәнінен емтихан материалдарын дайындау және жаңартылған оқулықтарды талдау семинарын ұйымдастырады.

2020 жылы Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтің қабылдауында болған Бибайша Абдіманапқызы 2020-2025 жылдарға арналған білімді дамыту бағдарламасы мен «Мұғалім мәртебесі» туралы Заңды талқылауға қатысып, жаңа буын оқулықтары бағытында ой бөлісті.

Б.Бейсетаеваның авторлық еңбегі Шымкент қаласы мен Түркістан облысы мектептерінде кеңінен қолдалынып отыр. 2005 жылы 5-7-сыныпқа арналған «Тіл дамыту», 2019 жылы 5-9-сыныпқа «Тіл дамыту және сөйлеу мәдениеті» мен эсселер жинағы жарық көрген. Ал 2018 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 5,6,7- сынып оқушыларына арналған «Өлкетану» оқулығына тең авторлық етті.

Өз шәкірттерін шығармашыл тұлға ретінде тәрбиелей білген ұстаз 1999, 2017 жылдары ҚР Білім және ғылым министрінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *