Таңдаулы жаңалықтар:

ШЫМКЕНТТЕГІ МОМЫШҰЛЫ КӨШЕСІНДЕГІ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ АЯҚТАЛДЫ - Zau.kz

Шымкентте бірқатар көшелерде жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді.

Қалада биыл 182 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүріп, біраз бөлігі аяқталды. Соның бірі – орталық көше саналатын Б.Момышұлы көшесі.

Биыл наурыз айында Б.Момышұлы көшесінде орташа жөндеу жұмыстары басталған болатын. Бұл жолдың құрылыс жұмыстарын «Омар-Транс» ЖШС-ы атқарды. Техникалық қадағалаушы «Глобус Инжиниринг» ЖШС-ы болып бекітілді.

Қаланың маңызды көшесі саналатын Б.Момышұлы көшесінің жалпы ұзындығы екі жолақты 2,1 шақырымды құрайды. Жолдың төменгі түзету қалыңдығы 4см болса, асфальт бетонның беткі қабаты 5см болады.

Күз мезгілінің соңына дейін толығымен аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарланған Б. Момышұлы көшесіндегі жөндеу жұмыстары бүгінде 100 пайызға аяқталған. Сонымен қатар, басқарма тарапынан жол белгілерін сызу жұмыстары да жүргізілді.