Таңдаулы жаңалықтар:

ШЫМКЕНТТЕГІ КӨКӨНІС САҚТАУ ҚОЙМАЛАРЫ ҚАЛА АУМАҒЫНДА ӨНДІРІЛЕТІН ӨНІМНІҢ 80 ПАЙЫЗЫН САҚТАУҒА ҚАУҚАРЛЫ

Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында агроөнеркәсіп кешеніндегі қордаланған проблеманың бірі азық-түлік бағасы мен оны бөліп-таратудың тиімсіздігі деп атап өтті. Сонымен бірге көтерме тарату орталықтарын құру бойынша берілген тапсырманың орындалу жайын айтқан болатын. Бұл міндет Шымкент қаласында қалай жүзеге асырылып келеді.

Қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының айтуынша, Шымкент қаласын Орталық Азия аумағында ірі көліктік-логистикалық хабы ретінде қалыптастыру мақсатында 2015 жылы 92 гектар жерге көлік-логистикалық аймағы құрылған. Аталған аймақта қазіргі күні «Kazakhstan Logistic group» ЖШС, «Зерде» ҒӨБ» және «Continental Logistics Shymkent» сынды үлкен жобалар іске асырылуда.

Аймақта құрғақ және климаттық қоймалар, контейнерлік алаң, темір жол тұйығы, әкімшілік тұрмыстық кешен, сондай-ақ кедендік рәсімдеу орталығы жұмыс істейді. Келешекте осындай тағы бір көтерме-тарату орталығын салу жоспарлануда.

Бұдан бөлек, қала тұрғындары үшін әр түрлі тауарларды қолайлы бағада сатып алу үшін 11 мың шаршы метрді құрайтын «GraMaD» сауда орталығында көтерме-тарату орталығы ашылды. Ол қаладағы 1700-ден астам сауда орындарын азық-түлік, жеміс-көкөністермен қамтамасыз етіп келеді.

Сонымен қатар, қала аумағында жалпы сыйымдылығы 108 мың шаршы метр болатын 14 сақтау қоймасы орналасқан. Оның ішінде 6 климаттық және 8 құрғақ сақтау қоймасы бар.

Сонымен қатар 2022-2024 жылдар аралығында жаңа 2 көкөніс сақтау қоймаларын («КЕРЕМЕТ-САПА» ЖШС, «GRAMAD RETAIL» ЖШС) салу көзделуде.

Қазіргі таңда жоғарыда аталған көкөніс сақтау қоймалары қала аумағында өндірілетін көкөніс өнімдерінің 80 пайызға жуығын сақтауға қауқарлы.