Таңдаулы жаңалықтар:

ШЫМКЕНТТЕ ЖЫЛУ МАУСЫМЫНА ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ

Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Әбіл Оразов пен Шымкент қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері, азаматтық қорғау майоры Азамат Бұлдырықовтың қатысуымен брифинг өтті.

Баспасөз мәжілісінде Әбіл Владимирұлы қаладағы газ құрылғыларын пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігі туралы айтты.

– Жылу беру маусымына орай тұрғын секторында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және газдан уланудың алдын алу бойынша дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы ретте мөлтек аудандарда жалпы саны 308 210 адам қамтылған 73 068 үйге, 11 245 адам қамтылған 192 жиын өтті. Сондай-ақ, арнайы әзірленген жаднамалар таратылды, – деді басқарма бастығы.

Спикердің сөзінше, осы жылдың 14 тамызынан бастап қала аумағында «Өрт қауіпсіздігі айлығы» басталған. Оның шеңберінде тұрғын үй секторында төтенше жағдайлардың туындау тәуекелдерін төмендетуге бағытталған кезең-кезеңімен іс-шаралар іске асырылуда. Осы ретте 1 кезең – халықтың әлеуметтік осал топтары (1 358 отбасы) мен жатақханалардағы тұрғындарға үгіт насихат жұмыстарын жүргізу, 2 кезең – саяжай алқаптарындағы тұрғын үйлерге профилактикалық жұмыстарды жүргізу, 3 кезең – негізгі тұрғын үй секторына профилактикалық жұмыс.

 

Брифинг барысында Азамат Қожахметұлы көп қабатты тұрғын үйлердің терезелерінен балалардың құлауы туралы айтты.

– Маңызды мәселелердің бірі – көп қабатты тұрғын үйлердің терезелерінен балалардың құлауы. Жыл басынан бері жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін департамент қызметкерлері 1500-ден астам адамды қамти отырып, 340 үйді аралады. Бұл ретте 45 жиын өткізді. Онда көп қабатты тұрғын үйлердің терезелерінен балалардың құлау фактілерін болдырмау бойынша ұсынымдар берілді. Осы жылы құлаудың алдын алу мақсатында көп қабатты тұрғын үйлерде (әлеуметтік осал топтарына кіретін үйлерінде) терезе ашуды шектейтін 67 құрылғы орнатылды, – деді А.Бұлдырықов.

Айта кетейік, департамент құрылыс басқармасына жаңа көп қабатты тұрғын үйлерді жобалау және салу кезеңінде терезелерді ашуды шектейтін құрылғыларды орнатуды қарастыру бойынша ұсыныстар берген.