Таңдаулы жаңалықтар:

Шымкентте экономика салалары бойынша оң өсім бар

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы, республикалық бюджеттің атқарылуы және Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген Ұлттық жобалар таныстырылды.

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев ел экономикасының даму көрсеткіштерін баяндап, Қазақстан экономикасында сенімді өсу бар екенін айтты. Республикада биылғы жылғы тоғыз айда инвестиция өсімі 15,1 пайызға артқан.

Шымкент қаласы инвестициялар тарту бойынша өңірлер арасында алғашқы орында келеді. Қаламызда өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда инвестиция тарту көрсеткіші 38,8 пайызға өскен. «Барлық көрсеткіштер бойынша оң өсу Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қостанай облыстарында және Шымкент қалаларында байқалуда», — деді Ә.Ерғалиев. Тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша барлық өңірде оң өсім байқалған. Есепті кезеңде елімізде 10,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Шымкент қаласында бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 11,4 пайызға өскен.

Қаламызда тұрақты және сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз етуде инвестициялар тарту бойынша белсенді және мақсатты жұмыстар жалғасын табатын болады. Өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс саласында жоспарланған өсу қарқыны қамтамасыз етіліп, инфляцияға қарсы шаралар кешені тиімді жүзеге асырылады. Халықты вакцинациялау және кәсіпкерлікті қолдау шараларын тиімді іске асырылып, шикізаттық емес экспортқа кешенді түрде қолдау көрсетіледі.