Таңдаулы жаңалықтар:

Шымкентте 4 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істеп тұр | Zau.kz

  Сайлауалды бағдарла­маны уақытылы әрі толық орындау мақсатында Шымкентте 10 басым­дық пен 149 нақты іс-шарадан тұратын Жол картасы әзірленді. Біз басым бағыттардың қатарына өзіміздің өңірге тән тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтік саланы дамыту, экономикалық әлеуетті жақсарту, шағын және орта биз­нестің дамуына жағдай жасау, шал­ғайдағы елді мекендерді көркейту, экологиялық ахуалды жақсарту, жол және көлік құрылымы, қоғам­дық қауіпсіздік, жастарды қолдау және қаланы цифрландыруды енгіздік. Осынау жұмыстарды іске асыруға 5 жылда 1,3 триллион теңге жұмсалады деп жоспар­лан­ған. Жол картасындағы индикатор­лардың орындалуын бақылауға партияның қалалық мәслихаттағы фракциясының барлық мүшелері жауапты етіп бекітілді. Сондай-ақ Елбасы қаулысына сәйкес, партия филиалының жанынан 11 аймақ­тық қоғамдық кеңес құрылды. Бүгінде бұл кеңестер өзінің тиім­ділігін көрсетіп отыр.

Нәтижесінде, «Nur Otan» пар­тиясы сайлаушыларға жыл басын­дағы Парламент Мәжілісі мен мәслихат сайлауының алдында берген уәделерін кезең-кезеңімен әрі сапалы орындай бастады. Мәселен, сайлауалды бағдарла­мадағы «Экономикалық әлеуетті жақсарту» бағыты бойынша, бүгінде қала аумағында ауданы 743 гектарды құрайтын 4 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істеп тұрғанын айту­ға болады. Осы аймақта 267 млрд теңгеге 187 инвестициялық жоба­ны іске асыру жоспарланған. Бұл 12 мың тұрақты жұмыс орнын ашу­ға мүмкіндік береді.

Қазір аталған индустриалды аймақтар зауыт-фабрикаларға тол­ған. Онда жаңа кәсіпорындар са­ла­тын бос жер жоқ. Сондықтан қа­ла­да жаңадан 4 индустриалдық аймақ ашу бойынша жұмыс жүргізілуде.