Таңдаулы жаңалықтар:

ШЫМКЕНТКЕ ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 1600-ГЕ ЖУЫҚ ҚАНДАС ҚОНЫС АУДАРДЫ | Zau.kz

Шымкент қаласына жыл басынан бері көшіп келген 1147 отбасындағы 1674 азаматқа қандас мәртебесі берілді. Елге оралғандардың басым көпшілігі көрші Өзбекстан Республикасынан қоныс аударған. Сондай-ақ, атажұртқа Ауғанстан, Қытай және Ресей елінен де қандастарымыз көшіп келіп, қаланың әр ауданына қоныстанған.

Алыс-жақын шетелден көшіп келген қандастарды қолдау мақсатында Шымкент қаласында Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы» қызмет көрсетуде. Орталық мамандары ҚР заңнамасына сәйкес, елге оралған азаматтарға 6 ай мерзімде бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін ұсынады.
Қазіргі таңда, мұнда 12 отбасы құрамындағы 31 адам елге бейімделуде. Тіпті түрлі мамандықтар бойынша тегін оқу курстары қарастырылған. Қандастарға барлық сұрақтар бойынша ақпараттық бағытта түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Жалпы, қандастарға ұсынылатын мемлекеттік қолдау шараларының аясында ең алдымен, этникалық қазақтар және олардың отбасы мүшелері ҚР тұрақты тұруға рұқсат алу кезінде өзінің төлем қабілеттілігін растаудан босатылады. Сондай-ақ, қандас мәртебесін алғандар және олардың отбасы мүшелері «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығында» 6 ай көлемінде тегін тұрып, көрсетілетін қызмет түрлерін ала алады.

Сонымен бірге ҚР денсаулық сақтау саласындағы заңнамаға сәйкес медициналық көмекке де қол жеткізеді. ҚР азаматтарымен тең жағдайда оқу орындарына яғни, мектеп, балабақша, жоғары білім беретін оқу ұйымдарына білім алу мүмкіндігі бар және ҚР азаматтарымен тең жағдайда әлеуметтік қорғалып, заңнамаға сәйкес жұмыспен қамту шаралары жүргізіледі. Мемлекеттік қолдау шараларынан басқа тұтыну кредитін және тұрғын үй құрылысына ипотекалық қарыз алу құқығы беріледі.