Таңдаулы жаңалықтар:

«Шымкент – тек тойшылдар мекені емес екен…» – танымал журналист

Қалай десек те, баяғы ескі сарынға салып, әлі күнге Шымқаланы – тойшылдар мекені деп танитындар аз емес. Көптің құлағына жаттанды естілетін осынау теңеудің ескіргеніне біраз уақыт болса да, оңтүстіктегі шырайлы қаланың шаруасы шалқып келе жатқанын кейбіреулер білмейді-ау, білсе де, құлағына ілгісі келмейді-ау…

Расы – солай! Себебі, үшінші мегополистің қазіргідей той тоқтаған, ырду-дырду тыйылған шақта да тынысы тарылмай, түтіні түзу ұшып жатқаны да сол экономикасын тұралатпауға негіз болатын өнеркәсіп саласындағы сапалы серпілісі, ілкімді істері десек қателеспейміз.

Көп сөзбен көпіртпей, аз сөз бен айғақтайтын болсақ, бұл туралы кеше ғана әлеуметтік желіде жазба жариялаған танымал журналист, белгілі белсенді Сәуле Әбілдаханқызы да айрықша атап өтіпті. Тек, атап өтпей, фото-дәйектер де келтіре кетіпті. Құп, ендеше, сол жазбадан мысал келтіретін болсақ:

 

«Расында, өзім де Шымкентте не бар деп ойлағам –…» деп күмәнді ойын жасырмай бастаған журналист өз жазбасында бірқатар кәсіп орындарға барып, көңілі көншігенін жеткізген.

«Біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп, жерлестерім бүгін біраз өндіріс орындарын көрсетті…

«Не шықса да, Шымкенттен шығады» демекші, жер сауып диқаншылықты меңгерген, мал сауып шаруашылықты игерген еңбекқор шымкенттіктер өндірісті де қолға алып, өз өнімдерін экспортқа да шығарып, тіпті, АҚШтан арнайы тапсырыс та қабылдайды екен…»,-дегені шын мәнінде жалғаны жоқ нақты дерек. Ол туралы жазба иесі былай жалғай түскен:

«Сонымен, Шымкентте не бар?

Мұнай өңдеу зауыты бар, білесіздер. Ас та төк көк-сөк бар, білесіздер. Дәмді ас, сервис бар, білесіздер. Қабағы ашық, жүрегі жылы қонақжай халқы бар, білесіздер. Ұлттық салт-дәстүр мен ұлттық рух бар, білесіздер…. Одан басқа кондитерлік фабрика, сусын-шырын зауыты, мақта-мата комбинаты, кілем фабрикасы, аяқ киім фабрикасы, жіп иіру-ширату фабрикасы, кашемир текстиль өнімдері (түйе жүннен көрпе-жастық, жейде, жемпір, нәски т.б.) Әр кәсіпорында 300-1000 адамға дейін жұмыс істейді екен…

Сонымен, Шымкент тек тойшылдар мекені емес екен, Шымкент — үлкен өнеркәсіптері бар нағыз өндірістің қаласы екен.

Бүгін шырайлы Шымкентпен танысуды бастадым… «Барды — бар, жоқты — жоқ» деп айту керек қой… зауыт-фабрикаларға, Жапония, Швейцария, Германия, Түркиядан әкелінген автомат машиналарға, станоктарға қарап аузым ашылды…»,- деген Сәуле Әбілдаханқызы Бұл ойын ары қарай тиянақтай алатын баса айтып өткен.

 

 

Фотолар Сәуле Әбілдаханызының фб парақшасынан алынды

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *