Таңдаулы жаңалықтар:

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің Рамазан айының басталуымен құттықтауы

Ардақты ағайын!    

Барша мұсылман үшін қасиетті Рамазан айы да келіп жетті. Бес парыздың бірі – Ораза – ауыз бекіту, ауызашар беру, мұқтаж жандарға қол созу сынды сауабы мол игі істерге толы қасиетті ай. Бұл айды мұсылман үмбеті асыға күтіп, көбірек жақсылық жасап, ізгі амалдарды атқаруға тырысады. Баршаңызды жақсылыққа жаршы, ізгі амалдарға бастау болатын Рамазан айымен құттықтаймын!      

Өздеріңізге белгілі, бүкіл әлем мұсылманадары осымен екінші жыл қатарынан Рамазан айын жер-жаһанды алаңдатқан жұқпалы індет жағдайында өткізіп отыр. Сондықтан санитарлық қызмет тарапынан қала тұрғындарының денсаулығын сақтау мақсатында мешіттер мен қоғамдық тамақтану орындарында, ауызашар беруге және жамағатпен бірге мешіттерде тарауих намазын оқуға шектеу қойылады. Түсіністікпен қарайсыздар деп ойлаймын.

Қарт ата-анаңыздың, балаларыңыздың денсаулығы мен өміріне қауіп төндірмеу үшін үйге адам жинап, ауызашар бермеуге шақырамыз. Оның орнына қасиетті айда мұқтаж жандарға немесе ауыз бекіткендерге азық-түлік себетін жолдауға болады. Бұл сауапты бастаманы мүфтият та қолдап отыр.

Құрметті жамағат!     

Баршаңызды Оразада мұқтаж жандарға қамқорлық танытып, қол ұшын созатын «Рамазан – қайырымдылық айы» акциясына қосылуға шақырамын.

Ұстаған Оразаларыңыз қабыл болсын, дұға-тілектеріңіз орындалсын!

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, Шымкент қаласы өркендей берсін!

 

Мұрат ӘЙТЕНОВ,
Шымкент қаласының әкімі

#ШЫМКЕНТ