Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде 4 миллионға жуық автокөлік бар болса, соның 60 пайызға жуығы тозығы жеткен көрінеді. Ал, Жамбыл облысында 222 мың 77 автокөліктің 183 мың 801-і тіркелген.

Әйтсе де, Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің мамандары мәліметтерді сақтау және жинақтау базасы технологиясының өзгеруіне байланысты автокөліктердің техникалық жағдайы туралы  нақты ақпарат бере алмайтындарын айтты. Мұны сөз етуіміздің себебі, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мәліметіне сәйкес, жалпы Тараз қаласында көлік түтінінен ауаның ластануы 1,22 пайызды құраған. Бұл ауаны ластап жүрген ескі көліктердің әлі де болса көп екенін көрсетеді. Ал, ескі көлік мінген тұрғындардың оны жаңасына ауыстырғысы  келгенімен, екінің бірінің су жаңа «темір тұлпарды» тақымдауға шамасы келе бермейтіні анық. Дегенмен, қазақстандықтарды отандық автокөлікпен қамту мақсатында 2015 жылы жеңілдетілген автокөлік несиесі бағдарламасы іске қосылғаны белгілі. Биыл осы бағдарламаның үшінші траншы басталды. Алайда, тұрғындар осындай мүмкіндікті пайдалануға неге құлықсыз? Біз осы мәселені зерделеп көрген едік.

Айта кету керек, жеңілдетілген автокөлік несиесі бағдарламасының операторы- «Қазақстанның Даму банкі» акционерлік қоғамы. Дегенмен, облыста аталмыш қаржы ұйымының филиалы болмағандықтан, бізге Астана қаласында орналасқан бас кеңсеге  қоңырау шалуға тура келді. Банктің қоғаммен байланыс қызметінен білгеніміздей,  бағдарламаны іске асыруға Ұлттық қор есебінен 26 милиард теңге бөлініп, бұған дейін екі траншы жүзеге асырылыпты. Биыл бағдарлама аясы 8 миллиард теңгеге кеңейтіліпті. Үшінші траншты жүзеге асыру мақсатында еліміздегі екінші деңгейлі «Halyk Bank», «Евразиялық банкі», «Ресей жинақ банкі» және «БанкЦентрКредит» акционерлік қоғамдары бүгінде 1 миллиард 875 миллион теңгеге, ал «ВТБ банкі» 500 миллион теңгеге қаржыландырылыпты.

– Жеңілдікпен автонесие беру бағдарламасы 20 жылға есептелген. Бағдарламаны қаржыландыру көзі «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде бөлінетін Ұлттық қордың есебінен жүргізіледі.  Осы орайда 2015 жылдан  бері 10 мыңға  жуық қазақстандық отандық жаңа автокөліктерді сатып алды. Берілген қарыздардың жалпы құны қайталап игерілген қаражатты  есептегенде, бүгінгі таңда 39 миллиард теңгеден асты. Бірақ, Жамбыл облысы тұрғындарының  жеңілдетілген несиені қаншалықты пайдаланып жатқанын нақты айта алмаймыз.  Өйткені, біз екінші деңгейлі банктерді қаржыландырумен ғана айналысамыз, – деді банктің қоғаммен байланыс қызметінің өкілі.

Жалпы, бағдарлама арқылы жеңілдетілген автокөлік несиесін ресімдеу Тараз қаласында екі кәсіпкерлік нысанында жүргізіледі.   Соның бірі – Тәуке хан көшесінің бойында орналасқан «ВИПЭК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Серіктестік директоры Руслан Есенғалидың айтуынша, несиеге еліміздегі «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «АЗИЯ АВТО» акционерлік қоғамында құрастырылған «Kia», «Chevrolet», «Skoda», «Hyundai», «Lada» маркалы автокөліктердің бірқатар моделі ұсынылады екен.

– Бізде тұрғындардың  отандық автокөліктердің кез келген түрін таңдауына болады. Дегенмен, әркім көрпесіне қарай көсіледі.  Мәселен, біздегі ең арзан саналатын автокөліктің бірі – «Lada Granta». Оның өз бағасы 2 миллион 600 мың теңге. Бір айта кетерлігі, 2017 жылы шығарылған «Lada Granta» моделінің бағасынан 2018 жылғы үлгісінде  сәл ғана айырмашылық бар. Автокөліктердің ең қымбаты 15 миллион теңге тұрады. Сонымен қатар бізде бұрын қолданыста болған жеңіл көліктер де несиеге беріледі. Бірақ, оның шарттары басқаша. Анығы жеңілдетілген автонесие бағдарламасына олардың қатысы жоқ. Сондықтан шығар, келушілердің  70 пайызы жеңілдетілген автокөлік несиесі бағдарламасын пайдалануда, – дейді Руслан Есенғалиұлы.

Аталған автодүкенде «Евразиялық банктің» менеджері Заманбек Нұрмаханов бізге жеңілдетілген автонесие берудің шарттары мен талаптарын түсіндірді.

– Сыйақының номиналдық мөлшерлемесі жылына – 4 пайыз. Несие мерзімінің ұзақтығы 7 жылға дейін. Бастапқы жарна үшін несие алушы автокөлік құнының  он пайызын алдын ала төлеуге міндетті. Еңбекақысы 70-80 мың теңгені құрайтын азаматтардың бізден жаңа көлікті несиелендіруіне мүмкіндігі бар. Жалпы, «Евразиялық банк» арқылы былтыр облыста 17 атокөлік несиеге берілді, – деді Заманбек Мұхтарұлы.

Осы тұста «ВИПЭК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің автодүкенінен жақында ғана бағасы  3 миллион 790 мың теңге тұратын, 2017 жылы шығарылған «Lаdа Vеstа» автокөлігін «Евразиялық банк» арқылы несиеге алған Аманғали Көсемесовпен тілдесудің сәті түсті. Ол үйіндегі тозығы жеткен екі көлігін утилизацияға өткізіп, қолына 605 мың теңгенің сертификатын алғаннан кейін, бірден автодүкенге тартқан. Сөйтіп сатып алатын көліктің бастапқы жарнасын құйыпты. Аманғали Ілесбайұлы сертификатта көрсетілген соманың бастапқы жарна ретінде құюға үлкен көмек болғанын айтты.

Біз «Оператор РОП» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Жомарт Рахымжанмен тілдесіп, ескі көліктерді жою жұмыстарының жай-жапсарына  қанықтық.

Бұрнағы жылдың қараша айында Энергетика министрлігінің бастамасымен ескі көліктерді жою бағдарламасы қолға алынып, күні бүгінге дейін 51 099  техника утилизацияға өткізілді. Соның ішінде Жамбыл облысы бойынша 2016-2017 жылдары 3203, ал биыл 275 автокөлік қабылданды. Жалпы, былтырғы 26 маусымнан бастап  сертификат бағдарламасы іске қосылып, 23 мың квота бөлінді. Оның 20 мыңы жеңіл автокөлік қабылдауға, 3 мыңы жүк көліктеріне арналып отыр. Осы бағдарлама бойынша жеңіл және жүк көліктерін өткізіп, 315 мыңнан 650 мың теңгеге дейінгі жеңілдік сертификатын алуға болады. Екі серификатты біріктіруге де мүмкіндік бар. Бірақ, бір адам екі реттен артық бұл бағдарламаға қатыса алмайды. Сертификаттың жарамдылығы 12 ай, деді ол.

Бағдарламаның басты мақсаты экологияны ластап жүрген ескі көліктердің санын азайтып, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету  екені белгілі. Сонымен қатар, отандық автоөндірушілерге де қолдау көрсету-басты назарда. Әрине, жаңаның аты-жаңа. Сондықтан да. байыпты бағдарламаның  берері мол екенін  жұртшылық жан-жақты түсіне бастағандай.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *