«Шәйпұл» беремін деп 252500 теңге айыппұл арқалады

Таразда полиция қызметкеріне 1000 теңге берем деп Б есімді азаматтың басы бәлеге қалды. Өйткені, аз ақша ұсынған азаматқа үлкен көлемде айыппұл салынған. Б есімді азамат көлігінің жарығын жағуды ұмытып кеткен. Осы сәтте тәртіп сақшылары тоқтатқан. Жай ғана пара ұсынумен сытылмақшы болған азаматтың әрекеті жүзеге аспады.
«676 бапқа сәйкес ол азаматқа хаттама толтырылып, қысқартылған әкімшілік-құқық бұзушылық ісін жүргізуге келіскендіктен 100 АЕК көлемінде яғни 252 мың 500 теңге айыппұл салған болатынбыз. Бұл жағдайда ескерту деген жоқ. Нақты айыппұл көлемі бар. 200 АЕК бастап 750 АЕК дейінгі мөлшері көрсетілген. Сондықтан ескерту деген болмайды» деді, Жамбыл облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс – қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев.
Департамент тарапынан жыл бойы жол үстінде рейдтік шаралар ұйымдастырылады. Дегенмен, осындай оқиға орын алмас үшін көлік жүргізушілеріне ақша немесе сыйлық беруге болмайтындығын ескертеді.