Шамсат Исабеков: «Құдай жоқ» дедім

Жамбыл облыстық «АРАЙ» жастар газетінде журналист Айжан Өзбекова жүргізетін «Менің анам» айдарында  есімі елге елеулі азамат, Парламент Сенатының  экс-депутаты, «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының бұрынғы директоры Шамсат Исабеков жан сырын жайып салды.

Анамды ойласам, балалық шағым, біз тұратын үй, көршілеріміз, анамның достары, бәрі-бәрі көз алдыма келеді.

Менің анам аса мейірімді, сезімтал, сергек, өте сауатты әзілдей білетін жан болатын. Айналасындағы адамдарға балаларына ескертпелерін қалжыңмен аса жұмсақ, көңілге тимейтіндей етіп, өте шебер жеткізетін.

Отбасымызбен кино көріп отырғанда актерлердің айтар сөзін, іс- әрекетін, ары қарай өрбітіп, оқиғаны өзінше жандандырып қосып отыратын. Анам мені ерекше жақсы көрді. Үйдің маңында балалармен ойнап жүрген кезімде бір сәтті де қалт жібермей жіті қадағалаудан жалықпайтын. Балалармен алысып, қызуқандылыққа салынып жұдырықтаса қалсам қасымнан қай кезде де табыла кетіп, тоқтатушы еді.  «Мама, өздері тиісіп жатыр ғой» деп ақталсам, «Қоя сал, өздері тиіссе,  қашып кет» дейтін сөздері құлағымда тұрады,-дейді экс-депутат.

Шамсат Исабеков мектеп қабырғасында «Құдай жоқ» дегені үшін анасының қатты налығанын жазыпты.

         «Мен оқушы кезімде сабақты өте жақсы оқыдым, үнемі үздік баға алатынмын. Күнде сабақтан келген сайын «Бүгін не өттіңдер, қандай баға алдыңдар?» деп сұрау бұлжымайтын қағида еді.

Бірде «Бүгін қандай баға алдың?» деп сұрағанда, марқайып, мақтанышпен «5 алдым» деп жауап бердім.

-Қандай сабақтан, нендей сұраққа жауап бергенің үшін алдың?-деді анам

-Жаратылыстану сабағынан «Құдай бар ма?» деген сұрақ қойып еді, «Жоқ!» деп жауап бердім дегенім үшін…

Сол сәтте бір құстың қанатының сусылдаған дауысы естілгендей болды да қас пен көздің арасында анам қасыма шошып, таңырқаған кейіппен жетіп келіп, өте сұсты, ашулы дауыспен: «Балам, бұл сөзіңді екінші мәрте естімейтін болайын. Құдай бар! Құдай бар!» деп бірнеше рет қайталады».

Сонымен қатар ол отбасында  қонақ үзілмейтіндігін, анасының көпшіл болғанын айтыпты.

Анам қашан болмасын ағайын-туыстарды себебін тауып үйге шақырудан жалықпайтын. Біздің үйіміз көпшілікке арналған мекеме сияқты. Мен сабақтан келіп, табалдырықты аттай бергенде сапырылысып жататын аяқ киімге шалынып қала жаздайтынмын. Төріміз қонақтан, дәлізіміз толған аяқ-киімдерден босамайтын.

Институтты бітіріп, Алматы қаласында жұмыс істеп жүрген кезім. Әйелім де қызметте. Ол кезде балаларды балабақшаға орналастыру қазіргідей қиын. Үйіміздің дәл түбіндегі балабақшаға кішкентай балаларымызды орналастырудың жөнін таппай жүргенбіз. Оның үстіне «пропискамыз» да жоқ. Содан бір күні анам бізге келіп, жағдайды білген соң «Мен барып сөйлесіп келейін» деп үйден шығып кетті де, жарты сағаттан кейін «Балаларды алып бара бер. Қабылдайтын болды» дейді. Ауылдан келген қарапайым кісі сол кезде қалай тілін тапты, ол маған әлі жұмбақ.

Әкеміз әскери қызметте, іссапарларда жүреді. Біз ұйықтап жатқанда кетеді, кеш келеді. Біздің тәрбиеміз толық анамызда болды. Түзге шықсын, үйде болсын басынан орамалын тастаған емес. Тақуалығы өз алдына бітпейтін әңгіме.

Және анамыздың қасиеттерінің бірі анасы мен бауырларына  мейірімді еді. Дүниеден қайтар шақта мені оңаша шақырып алып айтқан өсиеттерінде өзінің бауырларына қамқорлық жасауымды қатты тапсырды.

Анамның көзі тірісінде жұмыстан қолым қалт еткенде үнемі қасында болуға тырысатынмын. Ол кезде бүгінгідей ұялы телефон жоқ. Сондықтан аптасына кемінде екі рет үйге соғып, анамның қолынан шәй ішіп, қасында отырып, сырласушы едім.

Өмірден озғанда анамның жасы 55-те болатын. Өткен шақты есіме алғанда көз алдыма ең бірінші анам, оның мейірімді көзі келеді. Жасым біразға келсе де, немере көрсем де, анамды әлі сағынамын,-деп ағынан жарылыпты Шамсат Исабеков.

 

 

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *


Бізбен байланыс

«ZAU.KZ» ақпарат агенттігі

Мекен-жайымыз: Жамбыл облысы, Тараз қаласы

Телефон: 8 771 399 43 63

Электронды пошта: zau.kz18@mail.ru