Сайлауалды бағдарлама

«Nur Otan» партиясының ішкіпартиялық праймеризіне қатысушы кандидат  Аханов Төлеген Еркенұлының  үгіт жұмысын жүргізуге арналған

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ

Құрметті «нұротандықтар»!

Қадірлі әріптестер!

Еліміздегі жетекші саяси құрылым- «Nur Otan» партиясы өзінің 20 жылдық тарихында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету  бағытында баянды бастамаларға ұйытқы болып келеді. Бұл тұрғыда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту, ауыл шаруашылығын өркендету, сол арқылы халықтың тұрмыстық жағдайын жақсарту-басты назарда.

«Nur Otan» партиясының 2019 жылдың 21 тамызында өткен Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Партия Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту мен жандандыру бағдарламасын ұсынған болатын.

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауында да нақты міндеттер айқындалып, оны жүзеге асырудағы партияның рөлі мен әлеуеті айрықша атап көрсетілді.

Осы орайда жаңа жағдайдағы экономикалық даму мәселесіның маңызы зор. Президент әртараптандырылған және технологияға негізделген экономика құрудан басқа жол жоқ екенін нақты айтты. Сонымен қатар экономиканың  халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы керектігін тапсырды.

Ендігі мақсат – жаңа Жолдауда белгіленген басты міндеттерді ел арасында кеңінен насихаттай отырып, қоғам алдына қойылған басты міндеттерді мүлтіксіз орындауға бет бұру.

Мен осындай аса жауапты саяси кезеңде «Nur Otan» партиясының Жарғысы талаптарын мойындай отырып, бүгінде үлкен қолдауға ие болып отырған ішкіпартиялық жаңғырту мен партия ұйымдарының белсенділігін арттыруға белсенді атсалысу принципін берік ұстанып отырмын.

Бүгінде жалпы халықтың аса зор сеніміне ие болып отырған «Nur Otan» партиясының ең басты мақсаты  мемлекеттік саясат пен ұлттық идеологияның қалыпты дамуына барынша ықпал етуге негізделген.

Сонымен қатар, «Nur Otan» партиясы – еліміздегі саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің, көпұлтты халқымыздың арасындағы татулық пен бірлік мәселесін басты назарда ұстап келеді.

Осылайша, егемен еліміздің қарқынды әлеуметтік-экономикалық дамуы мен рухани құндылықтарының  сақталуына ерекше үлесін қосып отырғандығы уақыт шындығы.

Бұл «Nur Otan» партиясының қазіргі кезеңдегі ең басты миссиясы болып табылады.

Ол үшін партия жұмысының тиімділігін арттыру мен  партия қызметін жаңғыртуға арналған бірқатар іс-шараларды қолға алып, жаңа заманға бейімделіп, тың тәсілдер мен тетіктерді кеңінен пайдалануға  мүмкіндік жасалып  отыр.

Менің «Nur Otan» партиясының елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған ішкіпартиялық праймеризге қатысудағы мақсатым – туған Отаным мен Қазақстан халқына қызмет ету болып табылады.

Осы саяси бәсеке жолында «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалының сайлауалды бағдарламасы менің партия мүшелерімен өтетін кездесулерім мен өзара пікірсайыс барысында басшылыққа алатын негізгі стратегиялық бағытым болары сөзсіз.

Ал, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының сайлауалды бағдарламасының басты мақсаты халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын үнемі жақсарту үшін жағдай жасауға бағытталған.

Оның ішінде, өңірдің өнеркәсіп саласын дамытуға бағытталған шаралардың арқасында өңірде тұрақты экономикалық даму мен халықтың өмір сүру деңгейін арттыру басымдық берілуде.

COVID-19 жағдайы облыстың еңбек нарығына бірқатар өзгерістер енгізіп, жұмыспен қамту саласындағы белсенділікті әлсіреткені жасырын емес.

Дегенмен, келешекте мұндай жағдайларды түзету мақсатында нақты шаралар қабылданғалы отыр.

Мысалы, 2025 жылға дейін облыста 19 инвестициялық жобаны іске асыру арқылы өңдеу өнеркәсібін дамытуға қол жеткізуді жоспарлап, 2025 жылға қарай 6 мың жаңа жұмыс орнын ашуды көздеп отыр.

Жалпы, алдағы 5 жылда облыс бойынша шамамен 84 мың жаңа жұмыс орындары құрылмақ.

Бұл жағдайлардан – бүгінде жалпы халықтың сеніміне ие болып отырған «Nur Otan» партиясының жергілікті тұрғындарды ойландырып жүрген ең өзекті проблемаларды шешуге деген оң қадамын ашық көруге болады.

Бір сөзбен айтқанда «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының сайлауалды бағдарламасы айқындаған негізгі міндеттерден жергілікті тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған кең көлемді кешенді шаралар екенін аңғаруға болады.

Құрметті «нұротандықтар»!

Менің сайлауалды бағдарламам төрт бағыттан тұрады.

Біріншіден, «жасыл экономиканы» дамытуға көңіл бөлетін боламын. Өздеріңізге белгілі, еліміз 2017 жылы «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен Халықаралық ЭКСПО көрмесін өткізді.  Біз осынау ауқымды шараның идеологиялық мәнін терең түсініп қана қоймай, оны іс жүзіне асыра білуіміз керек. Бұл міндеттерді мен өзімнің өмірлік тәжірибеме сүйене отырып, алға қоюдамын. Мен жетекшілік ететін «Hi-Tech Qazaqstan» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұған дейін Жамбыл, Қарағанды және Түркістан облыстарында қуаттылығы 140 мВт болатын үш күн электр стансасын салып, іске қосты.

Жалпы, табиғи ресурстарды тиімді пайдаланып, баламалы энергия көздерін тарту-уақыт талабы. Осы орайда 2013 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдама әзірленіп, бекітілген.

Бүгінде облыстың Жамбыл облысының Жуалы ауданында «Бурное Солар-1», «Бурное Солар-2» күн электр стансалары жұмыс істеп тұр. Бірқатар аудандарда жел электр стансалары іске қосылған. Осындай жел электр стансаларының бірі Сарысу ауданында да салынуда.

Өңірде «жасыл экономика» шеңберінде жаңартылатын энергия көздерінің инвестициялық жобаларын іске асыру бойынша жұмысты жалғастыруға ықпал етемін.  Өндірістік қажеттілікті қамтамасыз ету үшін бізге таяу уақытта жалпы қуаты 133,8 МВт жаңартылатын энергия көздері қажет.

Екіншіден, инвестициялық климатты жақсартуға атсалысамын. Аймақта қаржыландыру тетігі табылса табысқа бастайтын жобалар аз емес. Өйткені, Жамбыл облысының асты да, үсті де қазынаға толы.  Әсіресе, химиялық элементтердің мол қоры бар. Міне, осындай байлықты игілікке айналдыру үшін инвесторлардың мүмкіндігін пайдалану керек. Ауыл шаруашылығы саласына да инвестиция тартпай, іс ілгері баспайды. Мен кәсіпкерлік саласындағы  тәжірибеме сүйене отырып, инвестиция тартуға күш салатын боламын. Өндіріс орны іске қосылса, жаңа жұмыс орындарының ашылатындығы белгілі. Бұл әлеуметтің әлеуетінің  артуына оң септігін тигізеді.

Үшіншіден, экологиялық ахуалды жақсартуға барынша көңіл бөлемін. Менің «Жасыл экономика» тақырыбын ұсынудағы басты мақсатымның бірі осы. Экологияға кері әсер ететін барлық факторларды жою керек. Қоршаған ортаны қорғау қашанда басымдыққа ие, себебі бұл халықтың денсаулығын қамтамасыз етудің маңызды тетігі.

Осы орайда  жасыл белдеулер құруға,  қоқыс үйінділері мен полигондарды экологиялық талаптарға және санитарлық ережелерге сәйкес келтіруге күш салатын боламын.

Тараз қаласында қатты тұрмыстық қалдық  өңдеу/жағу зауытын салуға ықпал етемін.

Тараз, Жаңатас, Қаратау, Шу қалаларында тазарту құрылғылары кешенін салатын уақыт жетті. Бұл өте өзекті мәселе. Сондықтан  жергілікті атқарушы биліктің алдына осы мәселені үнемі қойып, шешу жолдарын қарастыруға атсалысамын.

Төртіншіден, цифрландыру процесінің жергілікті жерде жүйелі жүзеге асуын басты назарда ұстаймын. Қазір-ақпараттық технология уақыты. Сондықтан цифрлық сауаттылықты арттыруға көңіл бөлу қажет. Бұл тұрғыда өңір тұрғындарының интернет желісіне қолжетімділігін қамтамасыз ету-басты міндет. Жергілікті тұрғындардың кем дегенде 90 пайызы интернетке қол жеткізуі қажет. Оның үстіне   оқу орындарында онлайн сабақ өтіп жатқан қазіргідей уақытта интернеттің әлсіз болуы сын көтермейді. Сондықтан да бұл олқылықтың орнын толтыруға атсалысамын.

Құрметті әріптестер!

Менің алға қойған мақсатым айқын, ол-елге қызмет ету. Бұл жолда білімім мен біліктілігімді үйлестіріп, аянбай еңбек етуге белдік бекем буып отырмын. Ендеше сіздерді  менің кандидатурамды қолдап, маған дауыс беруге шақырамын.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *