Таңдаулы жаңалықтар:

Сайлау-2021: Жамбылда 5 партияның филиалы тарапынан 523 кандидат тіркелді

Жамбыл облыстық сайлау комиссиясына 5 партияның филиалынан 523 кандидаттың тізімі ұсынылып, толық тіркелген. Олар 206 мандаттық орын үшін саяси сынға түспек. Бұл туралы Жамбыл облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов ӨКҚ ақпарат алаңында өткен баспасөз брифингінде айтты.

Сайлаушылардың нақты саны 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 720 365 адамды құраған. Ал, облыс халқының саны 1 млн.136,9 мың адам екенін ескерсек, халық қалаулыларына таңдау жасайтындардың қарасы қалың деген сөз.
-«Ал, 5 партияның тізіміне келер болсақ, олардың барлығы өз үміткерлерін 100 пайыз тіркеді. Айталық, «Nur Otan» 390 , «Ауыл» 44, «Ақ жол» 44, «ADAL» — 31 және «Қазақстанның халық партиясы» — 14 кандидатын тіркеді. Оның ішінде әйелдер мен 29 жасқа дейінгі жастар саны – 229, бұл 43,8%, 30% квота толығымен сақталған» деді С. Айдапкелов.
Жалпы, партиялық тізімдерге 345 ерлер енсе, әйелдер саны 178. Ал, 29 жасқа толмағандар 96 адам. Олардың ішінде қазақтар 94,8%, орыстар 0,95%, басқа ұлттар 4,2% пайызды құрайды.
Айта кетейік, тіркелген саяси партиялар үшін, 10 желтоқсанның сағат 18.00-ден бастап үгіт насихат науқаны басталды. Бұл науқанда осы партиялардың сенімді өкілдері мен тізімге енген кандидаттары өз жұмыстарын жүргізетін болады.
Спикер үгіт-насихат жұмыстары Сайлау туралы Конституциялық заңмен тиым салынбаған тәсілдермен атқарылуы тиіс екенін ескертті. Яғни, сайлаушыларға тегін немесе жеңілдікпен тауарлар, бағалы қағаздар беріп, қызметтер көрсетуге, қайырымдылық акциялар өткізуге, ақшалай төлемдер жасау, немесе басқа да уәделер жасау жөнсіз үгіт деп саналады. Оған тиым салынған.
Облыста аудандар мен Тараз қаласы әкімдерімен белгіленген 223 кездесу орны бар, оның 33-і облыс орталығында, 190-ы аудандарда. Сонымен қатар, аймақта 297 үгіт-насихат құралдарына арналған орындар айқындалған, оның 39-ы облыс орталығында, 258-і аудандарда белгіленген.

Өңірлік коммуникациялар қызметі