Сарысу ауданында азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жұмыстарына айрықша назар аударылуда.
Осы орайда аудан әкімінің тапсырмасына сәйкес аудандағы ірі сауда дүкендерінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын өсіруге жол бермеу және аз қамтылған отбасыларға арналған төмендетілген бағадағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бұрыштарын ашу мақсатында Тараз қаласындағы тұрақтандыру қорымен, Жамбыл ауданының шаруа қожалықтарымен және көтерме сауда нүктелерімен тиісті жұмыстар ұйымдастырылды.
Бүгінгі күнге «Төмендетілген бағадағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бұрыштары» Жаңатас қаласының 6 сауда нысанында ашылды. Атап айтқанда кеншілер шаһарының 1 шағын ауданында орналасқан «Нұрай» және «Шадияр» дүкендерінде, орталық базарда «Шолпан» сауда орталығында, 3 шағын ауданында «Заңғар» сауда орталығында және Дегерез елді мекеніндегі «Ажар» сауда орталығында, «Сағындықова» жеке кәсіпкерлігінің 2 шағын аудандағы жеміс-жидектер дүңгіршегінде осындай бұрыштар іске қосылған. Сонымен қатар Байқадам ауылдық округінің 2 сауда дүкенінде, Жайылма мен Жаңаарық ауылдық округтерінде 1 сауда дүкендерінде де «Төмендетілген бағадағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бұрыштары» ашылды. Қажетті тауарлар қойылатын сөрелерге арнайы жазылған жазба баннерлері ілініп, картоп, сәбіз, пияз, күнбағыс майы, макарон өнімдері, тұз, құмшекер сияқты азық-түліктер төмендетілген бағамен қойылды.
Қазіргі таңда Тараз қаласындағы көтерме сауда нүктелерімен және Жамбыл ауданының шаруа қожалықтарымен келіссөздер жүргізіліп, ауданға 31 тонна картоп (сатылу бағасы – 60-90 теңге), 8,5 тонна пияз (сатылу бағасы – 60 теңге), 3,5 тонна сәбіз (сатылу бағасы – 140 теңге), сонымен қатар Тараз қаласындағы Тұрақтандыру қорынан 4 тонна ұн (сатылу бағасы – 6 500 теңге), 1,5 тонна күріш (сатылу бағасы – 250 теңге), 6 тонна құмшекер (сатылу бағасы – 200 теңге) өнімдері арзандатылған бағада әкелінді. Аталған тауарлар келуіне байланысты ашылған әлеуметтік бұрыштарға жүйелі түрде жеткізілуде.
Сарысу ауданында бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралар алдағы уақытта да жалғасатын болады.