«Сапсан» жедел тобы – жеделдік пен шеберліктің үлгісі

03/12/20191min1540

Табиғаттың байлығы – қоршаған орта мен ондағы жан-жануарлар дүниесі. Бүгінде қорықтар мен қаумалдардағы аң-құстарың көбеюіне, сонда тұрақтап қалуына қорықшылардың қосып отырған үлесі зор. Қаскөйлерден табиғат байлығын сақтауда табиғат қорғаушылардың қырағылығы қажет-ақ. Бұл үшін орманшыларға жүктелер жауапкершіліктің жүгі жыл санап артып келеді.

Бұған дейін өңірімізде жұмыс істеген «Үмбет» аңшылық шаруашылығы 2001-2015 жылдар аралығында қаумал аумағындағы аң-құстардың азайып кетуіне тосқауыл бола алмады. Оның басты себебі, шаруашылық өзінің қарауындағы 298 мың 400 гектар қаумал аумағына аңшыларды еркіне жіберіп алған. Сондай-ақ аң аулауға берілетін жолдаманы да оңды-солды таратқан. Бұл мұндағы аң-құстардың жойылып кетуіне қаупі төндірген де 2015 жылы қаумалда аң аулауға тиым салынды. Содан бастап ерекше қорғалатын табиғи аумақта аң-құстардың саны арта бастады.

Дегенмен де, осында заңсыз жолмен аң аулап үйреніп қалған қаскөйлерге тиым болмай тұрған сияқты. Олар сол баяғынша қаумал аумағына ұрлана кіріп, табиғатқа өлшеусіз зияндарын тигізуде. Өткен жылы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда 13 заң бұзу фактісі анықталып, браконьерлер қылмыс үстінде ұсталып, олардың қару-жарақтары сот шешімімен тәркіленген болатын. Қаскөйлердің табиғатқа келтірген залалы айыппұлмен өтелді. Браконьерлерді құрықтауда табиғатты қорғау кеңесі мен «Мамандандырылған жануарлар дүниесін қорғау жедел қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мамандары атсалысқан еді. Биыл бұл мекеме таратылып, оның орнына өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің 2019 жылдың 29 қазанындағы № 241 қаулысымен облыс көлемінде табиғатқа қасақылық жасаушылармен күресу, қору жұмыстарын атқаратын жедел топ құрылып,  топқа «Сапсан» атауы берілді.

Бұл топ құрыла салып жедел іске кірісті. Жаңа құрылған топ екінші күн-ақ «Үмбет» ерекше қорғалатын табиғи аумағында заң бұзушылықтың орын алғаны туралы хабар алды. Сөйтіп топ өздерінің алғашқы рейдтік іс-шарасын жүргізу барысында заң бұзушыны ұзатпай қолға түсірді. «Көкшұрат» бөлімшесінен жеткен хабарда қаскөй бір доңыз, бір борсықты атып алыпты.  Мұны жасаған М.Арыстанбаев есімді Ресей азаматы болып шықты.

Заң бұзушыны құрықтауда «Үмбет» ерекше қорғалатын табиғи аумағының  «Көкшұрат» бөлімшесінің қорықшысы Сәндібек Мадияров қырағылық танытып, оны құрықтау іс-шарасына қатысты. Ол өзіне бекітілген «УАЗ» автокөлігімен заң бұзушыны қуып жүріп ұстаған. Жедел то

п жеткенше оның жолын бөгеп, қашуына мүмкіндік бермеген. Осылайша қаскөй астындағы жылқысымен, ерткен иттерімен бірге құрыққа түсті.

Тергеу барысында оның қылмысы толық ашылып, қосұңғылы аңшы мылтығы тәркіленді. Доңыз бен борсықты жанына ерткен тазы иттері арқылы «Бас шеңгел» аумағынан атпен жүріп атып алғаны анықталды. Ол Меркі ауданындағы «Талдыбұлақ» шаруа қожалығында 3 жылдан бері бақташы болып жұмыс істейді екен. Қолға түскен сәттегі астындағы күрең айғыр, қосұңғылы аңшы мылтығы, тазылар сол шаруа қожалықтың меншігі болып шықты. Қаскөй тергеу барысында бұған дейін иттерімен бірнеше доңызды, кейде торайларымен бірге аулағанын, борсыққа да ит салғанын мойындады. Бұл іс бойынша сот шешімімен заң бұзушыға 932 250 теңге айыппұл салынды.

«Үмбет» ерекше қорғалатын табиғи аумағында аңшылық жасайтындар аз емес. Сонымен бірге мұнда мал бағып отырған шаруа қожалықтары көп. Олардың әрбірінде  қолға ұстап отырған ит те жеткілікті. Жалпы иттердің түрлі жұқпалы ауруларды тарататынынын ескерсек, мұндағы аң-құстарға оның таралып кетуін ешкім жоққа шығара алмайды. Бұл да аң-құстың көбеюіне кедергі келтіруі әбден мүмкін. Оның алдын алу үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың ережесіне сәйкес малшылардың ит ұстауына шектеу қою керек. Аң-құс төлдейтіп, ұя  басатын наурыз-қыркүйек айларында иттерді шынжырлап ұстауды енгізген жөн. Сонымен қатар оларға мал дәрігерлік жеке құжаттар ашып, мерзімді уақыттарда емдеп тұруды қадағалау керек. Бұл жұмыстарға салғырт қарайтын болсақ, шырмауы көп түйінді мәселеге айналатыны анық.  Себебі, емделмеген иттің қиындағы құрт 200 күн бойы 50 градус ыстық пен 50 градус суықта да өлмейді. Тіпті керек десеңіз шөптен-шөпке таралып, сол арқылы малға жабысып, ішіне енген жағдайда «эхинококк» және «ценуроз» секілді әртүрлі ауруларға ұшырау қаупі жоғары.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 27 ақпан 2015 жылғы №18-03/157 бекітілген «Аң аулау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының 18-тармағының 13-тармақшасына сәйкес, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен табиғатты пайдаланудың жекелеген түрлеріне жол берілетін аумақты қоспағанда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда аң аулауға тыйым салынған. Дегенмен, өңірдегі азаматтардың заң талаптарын сақтамай заң бұзушылыққа жол беруі азаймай тұр. Атап айтсақ, «Меркі» ерекше қорғалатын табиғи аумағында заңсыз қарумен аңға шыққан аңшылар  176 750 теңге айыппұл арқалады.

Бұдан бөлек, өңірімізде Қызыл кітапқа енген жануарларға аңшылық жасаған азаматтардың әрекетінен жануарларға жанашырлықтың жойылып бара жатқандығын көреміз. Екі қарақұйрықты жер жастандырып, артынан жедел топ өкілдерін көріп ізін суытпақ болғандар ұзаққа бармай, қолға түсті. Бүгінде тергеу амалдары жүргізіліп, табиғатқа залал келтіргендердің шығыны есептелуде.

Қасақылық жасағандар арасында тұяқты жануарлармен қатар, жабайы құстардың да жойылу қаупі жоғары. Мәселен, Мойынқұм ауданында 4 қырғауылға аңшылық жасаған 2 (екі) азаматқа салынған айыппұл мен келтірілген залал көлемі 75 750 теңгені құрады. Ал Сарысу ауданының бетпақ даласында жолталғамайтын автокөлікпен кең көсіле, дала төсінде атой салған қаскөйлерді жедел әрекет ету тобы тоқтаты. Тексеру барысында бір ұңғылы аңшы мылтығы тәркіленіп, басқа да айғақ заттармен аудандық ішкі істер бөліміне өткізілді.

Ал, Жамбыл ауданында 2 (екі) азамат заңсыз аңшылық жасап, 4 жабайы үйректі атып алған жерінен қолға түсіп отыр. Азаматтарға хаттама толтырылып, барлығы 37 875 теңге көлемінде айыппұл салынды. Ол сот шешімі арқылы өндірілетін болады.

Соңғы тіркелген оқиға қараша айының 22-сі күні алғашқы жауған қарда рейдке шыққан топ өкілдері 1 жабайы доңызға аңшылық жасағандарды тұзаққа түсірді. Оқиға Байзақ ауданы  Аяқкөл «Үмбет» ерекше қорғалатын табиғи  аумақта тіркелді. Тінту барысында анықталған 4 аңшы мылтығы аудандық полиция бөлімшесіне тапсырылды.

«Сапсан» жедел тобы өз міндетіне кіріскен күннен бері 21 рейдтік іс-шара ұйымдастырды. Әр рейд барысында заң бұзушылықтардың алдын алуда топ өкілдері жеделдік танытты. Бүгінгі таңда топ өкілдерінің  жұмыс нәтижесінде бас аяғы айыппұл мен залал көлемі — 7 миллион 282 625 теңгеге жетті. Оның бүгінде 1 миллион 140 мың теңгесі өндіріліп, қалған 6 миллион 142 мың теңгесі өндірілуде.

Топ өкілдерінің жұмысы әрі қарай жалғасуда.

 

Айбар ӘДІЛБАҚОВ,

облыс әкімдігі табиғи ресурстар және

табиғат пайдалануды реттеу басқармасы

басшысының міндетін атқарушы.


Бізбен байланыс

«ZAU.KZ» ақпарат агенттігі

Мекен-жайымыз: Жамбыл облысы, Тараз қаласы

Телефон: 8 771 399 43 63

Электронды пошта: zau.kz18@mail.ru