Санкциялар «соғысы»

АҚШ — тың Иранға салған санкциясына байланысты әлемдік мұнай бағасы біртіндеп көтеріліп келеді. Тіпті, сарапшылар жыл соңына дейін бренд маркалы мұнайдың бір баррелі 100 долларға дейін жетеді деп отыр.

Ол қараша айында Батыстың Иранға қарсы жүзеге асатын санкциясынан кейін белгілі болмақ.

Осы орайда барлық қымбатшылықты мұнайдың арзандауымен байланыстыратын біздің Үкімет жанар-жағармай, инфляция деген мәселелерді шеше ала ма екен? Бензин бағасы ше?  Ол уақыттың еншісіндегі жағдай.

Алайда, кеше Нью- Йорк қаласындағы БҰҰ — ның Бас ассамблеясында сөз алған АҚШ президенті Дональд Трамп алдағы бесжылдықтағы әлемдік тәртіптің қалай болатындығын айтып берді.

Ол бірінші кезекте АҚШ — тың Иранды тұқыртуымен байланысты болмақ.

Бұл жолғы АҚШ-тың басты сылтауы Иран Сирия террористерін қолдап отыр деген әңгіме. Алайда, алып державаның айтқанына көне салатын Иран жоқ.

Олар керісінше, «біз берілмейміз» деп отыр. Дейтұрғанмен, АҚШ пен оның одақтастары салған санкциядан Иранның да зардап шегіп отырғандығын айта кетуіміз керек.

Бүгінде, көптеген елдер Иранмен бірлескен ірі жобаларын тоқтатқан. Үлкен корпорациялар жаппай Ираннан кетіп жатыр. Тіпті, күні кеше «Эйр Франс», «Бритш Эйрлайнерс» әуе компаниялары енді Иранға ұшпайтындықтарын айтты. Бұл Иран экономикасына үлкен әсер ететін факторлар. Бұдан бірінші кезекте халық зардап шегеді.

Алайда, бұған Иран президенті пысқырып та қарап отырған жоқ. Тіпті, Хасан Роханидың сенімді түрде сөйлеуінің артында бір гәп бар секілді. Оның үстіне, Иран өзінің Ирак, Сирия секілді көршілеріне қарағанда әскері мығым мемлекет.  Ресей секілді сенімді серігі де бар.

Бірақ, Хасан Роуханиға саясатта ешкімге сенуге бола бермейтіндігін ескерген жөн секілді. Жағдайлар әп-сәтте өзгеріп кетуі мүмкін…

Айбол ҚАРАШОВ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *