«Сандықтан шыққан» Әсембек- cиқырдың сырын ашқан әлемдегі үш адамның бірі

Ел іші — өнер кеніші. Тараз қаласында тұратын Әсембек Жұмабаевтың есімі аймағымызға кеңінен танымал. Ол кісіні сиқыр әлемінің жұлдызы деп атасақ та әбден жарасады. Себебі, адамзат баласы үшін әлі де жұмбақ құбылыс — үш жерден құлыпталған бітеу сандықтан, оның ішіндегі ауызы буулы кенеп қаптан бұзып-жармай, санаулы минутта сыртқа шығып алу құпиясы әзірге ағылшындық Гарри Гудини, одан кейін арада ғасыр өткенде осы сиқыр өнерін меңгерген үндістандық Продип пен қазақстандық Әсембекке ғана белгілі. Осы үш адамға ғана аян. Адамның ой-санасы мүмкіндігінің шексіз екенін дәлелдеген осы үшеудің есімдері тарихта қалатыны да анық.

Халқы таныған Әсембек өткен ғасырдың қырқыншы жылы, яғни Ұлы Отан соғысының қарсаңында дүниеге келген. 1960 жылы Алматы ауыл шаруашылық институтына оқуға түсіп, агроном мамандығы бойынша бітіріп шықты. Еңбек жолын облыстық тәжірибе стансасында ғылыми қызметкерліктен бастап, одан әрі қызметін Алматы қаласындағы шабандық ғылыми-зерттеу институтында және Жамбыл облыстық су шаруашылығы оқу орнында жалғастырған.

Үздіксіз еңбек жолында өндірістік қызметін тек ғылыммен ұштастырған Әсембек Жұмабаев ауыл шаруашылығы техникасы саласында ғана емес, өнертапқыш ретінде өндіріске тың жаңалықтар енгізіп келеді.

Өзінің құпияға толы тылсым өнерімен аты алысқа кеткен әйгілі Әсембек қариядан «сандықтың» сырын білмекке ол кісі тұратын құтты шаңыраққа іздеп бардық. Қария қазаққа тән қонақжайлық танытып, төрге оздырып, бал қымыздан дәм таттырды. Әңгіменің ауанын аңғарған ол, «сиқырлы сандықтың сырын» сұрап келіп жатқан адамдардың көп екенін айтты.

— Бұл құпияны ешкімге тіс жарып айтқан емеспін. Ең абзалы, осынау ойдың қайдан туғанын тарқатып берейін. Ол кезде мен Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтының аспиранты едім. Жатақханада жатамыз. Жұмбақ десе жанымды салып, сиқыр десе алдымдағы асымды ұмытатын әдетіммен «Казахстанская правда» газетінің қай жылғы екені есімде жоқ, әйтеуір 14 қаңтардағы санында шыққан «Сандық құпиясы» атты мақаланы бар ынтаммен оқып шықтым. Онда Гарри Гудини деген теңдесі жоқ сиқыр әлемінің «жұлдызы» саналатын адам жөнінде жазылған екен. Ол көрермендер құлыптаған сейфтерді оп-оңай аша салатын. 1903 жылы Лондонда Гудини мыңдаған цирк әуесқойларын таңдандырады. Жиналғандардың арасында кез-келген бірнеше адам оның аяқ-қолын кісендеп, өзін бітеу қаптың ішіне салады. Осылайша Гудиниді Тема өзенінің толқынды ағысына сол күйінде лақтырады. Арада бірер минут өткен соң олар кісендерді қолына ұстап малтып келе жатқан Гудиниді көреді. Қызығы сол, кісен ашылмаған, қаптың аузы сол қалпында буулы екен…

Мұндай «бақсылық» кәсіптің білгірі Гудини кейін осы әдісін қара құлыпты сандықпен жасаған. Кейін ол құпиясын қағазға жазып, Нью-Йорктегі нотариалдық кеңселердің біріне тапсырған. Оны 1974 жылы 6 сәуірде өзінің 100 жылдығында ашуға рұқсат еткен. Бір қызығы, әлгі құпяны ашып қарағанда, тек таза, бос парақ шыққан!-деп әңгімесін әріден бастаған Әсембек ақсақалды ұйып тыңдадық.

-1926 жылдан бері жұмбақ боп келген ғажайыпты Үндістандағы Калькутта университетінің аспиранты Продип бұлжытпай, айна-қатесіз қайталап шыққан. Ол өзі ішіне түсуге тиіс сандықты, кенеп қапты жиылған жұртқа беріп, көзінше тексертіп алған. Өзі де тінтуден өткен. Енді сандықтан тірі пенде шыға алмайтынына көзі жеткен арнайы топ Продипті жүздеген адамның көзінше Бенгаль бұғазында суға тастайды. Арада бірер минут өткенде су бетіне малтып шыққан Продипті көрген жұрт жағаларын ұстапты.

Мақалада баяндалған осы мәліметті бір деммен оқып шықтым да, неліктен осы құпияның сырын ашып көрмеске деп ойға келдім. Сол түні көз ілмедім. Жаңағы жұмбақтың шешуін іздеген ойым сан-саққа жүгірді. Шіркін, адам қиялы ұшан-теңіз, қиыры шексіз. Ақыр соңы, жауаптың жұмбағын тапқандай болдым, — дейді сол түнгі жетістігін еске алған өнертапқыш.

Осылайша жас өнертапқыш Әсембек Мәдениет министрлігіне келіп, өзінің Гудини құпиясын ашқанын айтады. Өз ойын дәлелдемекке Қазақ циркінің шаңырағына келеді. Бітеу қаптың ішіне Әсембекті байлап, үш қара құлып салынған сандыққа салады. Осылайша оны көзден тасаланған жеке бөлмеге апарып қамайды. Арада жеті минут өткенде бөлменің есігін ашқан жұрт құлыптаулы сандықтың үсітінде отырған Әсембекті көреді. Бұдан кейін ол осы әдісін арнайы комиссияның алдында да көрсетіп, сыннан сүрінбей өтеді. Дүниежүзін дүр сілкіндірген Әсембек ашқан жұмбақ жаңалық жер-жаһанды шарлай жөнелді. Осыдан кейін дүйім жұрт оны «Сандықтан шыққан» Әсембек деп атап кетеді.

Бұл — бір әулеттің арғы ата-тегінен келе жатқан дәстүр сынды. Әсембектің атасын көзкөргендер көзі тірісінде «Жолбарыс алған Жұмабай» деп атаған екен. Жасынан-ақ жаужүрек жігіт жалаңаш қолымен жолбарысты жер құштырып, осылайша бір ауылды қауіп-қатерден аман алып қалса керек. «Тегіне тартпай ұл тумас» деген дана қазақ. Мүмкін Әсембектің қайтпас қайсар, ерік-жігерлі және жігітке тән жеті өнері болуы осы атасы Жұмабайдан дарыған шығар. Әкесі Ырысқадыр да халқына сыйлы азамат болған. «Өмірде ер жігіт екі ісінен, оның ішінде мамандық пен жар таңдаудан жаңылыспауы керек болса, менің екеуінен де бағым жанды» дейтін Әсембек қария жары Бибіткүл әжеймен бақытты өмір сүрді. Бес саусақтың саласындай бес бала тәрбиелеп өсірді. Бұл күнде барлығы да тәуелсіз елімізге елеулі еңбек етуде. Қазір қос қария олардан немере-шөбере сүйіп отырған бақытты жандар.

Бұл күнде жасы жетпістің жетеуіне келген Әсембек ақсақал қол қусырып қарап отырған жоқ. Екі күннің бірінде өмір құбылыстарының түрлі құпияларын қолмен қойғандай ашып беріп, төңірегін тәнті етумен келеді. Ол кісінің адам басқаруынсыз тасада тұрып оқ ататын құрылғы, балық шаруашылығында қолдануға арналған аса бағалы қара уылдырық қорын үнемдеуге септігі тиетін қондырғы, мұнымен қоса әскери салада танк қалқанын броньсыз-ақ берік ету әдісін ұсынып, өндіріске енгізуі — соның дәлелі. Сонымен қатар, оның бұдан басқа да өнертапқыштық ұсыныстары жетерлік. Олардың барлығы тиісті сала мамандарынан үлкен бағасын алып үлгерген.

Шын талантқа жеті өнер де аз. Әсембек Ырысқадырұлы жергілікті жұртқа қаламгерлік қырынан да жақсы таныс. Өзі өткен өмір өткелдері сабақталған әңгімелері мен драмалық шығармалары, жүрекжарды жырлары, өнертабыстары мен мақалалары жинақталып кітап болып жарық көрді.

Жұрт танитын Әсембек Жұмабаевтың ел білмейтін бір сыры осы…

 

                                                                                                                                                                                                                                                     Нұрсұлтан РАХЫМБАЙ,

                                                                                                                                                                                                                                                     Жамбыл облысы


Бізбен байланыс

«ZAU.KZ» ақпарат агенттігі

Мекен-жайымыз: Жамбыл облысы, Тараз қаласы

Телефон: 8 771 399 43 63

Электронды пошта: zau.kz18@mail.ru