Салық амнистиясының салмағы қандай?

30/03/20191min890

 

Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылдың 5 қазанындағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында айтылған көп бастаманың бірі – кәсіпкерлерге салық рақымшылығын жасау болды. Яғни, Елбасы салықтың негізгі сомасын төлеген жағдайда өсімпұлдар мен айыппұлдарды есептен шығару арқылы шағын және орта бизнес субъектілері үшін салық амнистиясы шараларын жүзеге асыру жөнінде Үкіметке тапсырма берді. Жуырда еліміздің Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитеті бұл шара қанша қаржы сомасын қамтитынын және салық амнистиясына кімдер ілігіп, оның қалай жүзеге асатынын нақтылап берді.

Жалпы комитет таратқан ақпаратқа сүйенсек, елімізде салықтық берешегі бар жеке тұлғалардың саны 1 238 622 бірлікті құрап отыр екен. Егер осы миллионнан аса кәсіпкерлік субъектілерінің салыққа деген берешегін өндіріп алатын болсақ, онда қазына қоржыны кәдімгідей қампайып қалар еді. Бірақ, таяқтың екінші ұшы барын ескерсек, өсімді өндіреміз деп өндірісті, шағын және орта бизнесті әлсіретіп алуымыз бек мүмкін. Сондықтан, қарыз құрығына іліккен кәсіпкерлер үшін бұл шараның маңызы өте зор болғалы тұр.

Дегенмен, биылғы салық амнистиясы еліміз кәсіпкерлері үшін тың жаңалық емес. Естеріңізде болса Үкімет бұған дейін де бірнеше рақымшылық шарасын енгізіп, ел экономикасының алға жылжуы үшін бюджетке түсер миллиардтаған қаржыны «құрбандыққа» шалған-ды. Айталық, қаржы-шаруашылық қызметін сауықтыру мақсатында айыппұлдарды және өсімақыларды есептен шығару үшін салық амнистиясы алғаш рет 1997-1999 жылдары қолданылды. Одан кейін 2011 және 2015 жылдары кәсіпкерлерді кезекті мәрте жарылқадық. Яғни, салық төлеу былай тұрсын, оның өсімпұлын да төлеуден жалтарып немесе қиналып жүрген заңды тұлғаларға қордаланған борышынан құтылып, заңды коммерциялық қызметін жалғастыруға мүмкіндік берілген-ді. Қаржы министрлігі таратқан мәлімет бойынша, соңғы екі акция (2011 және 2015 жылдар) кезінде айыппұлдар мен өсімақыларды қосқанда жалпы сомасы 143,7 миллиард теңгелік қарыз есептен шығарылыпты.

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, қазіргі таңда салық түрлері бойынша берешектің ең көбі корпоративтік табыс салығының үлесінде екен. КТС бүгінде 149,2 миллиард теңгеге жетіп, барлық берешектің 41,6 пайызын құрап отыр. Ал қосымша құн салығы бойынша берешек – 130,7 миллиард теңге немесе 36,4 пайыз.

Енді экономикалық қызмет түрлері бойынша келсек, төленбеген салықтың ең көп бөлігі, яғни 123,3 миллиард теңгесі немесе 36,9 пайызы көтерме және бөлшек сауда үлесінде екен. Одан кейін 98,1 миллиард теңге немесе 29,3 пайызбен құрылыс саласы тұр. Бұл «үздік» үштікке 35,7 миллиард теңге немесе 10,7 пайызбен тау-кен өнеркәсібі де кіріпті.

Комитет төрағасы М.Сұлтанғазиев кәсіпкерлер мойнындағы салықтық қарыздардың қалыптасуына негізінен бизнес жүргізудегі шорқақтық пен сауаттылықтың төмендігі сеп болғанын айтуда. Сондай-ақ, көп жағдайда кәсіпкерлердің түрлі қарыздарын өтей алмауы да ақыр аяғы салық төлеу төңірегіндегі келеңсіздіктердің пайда болуына да әкеп соғады екен. Одан бөлек, немқұрайдылық пен сылбырлық та салықтық берешектердің уақытылы төленуін тежеп келеді.

Жамбыл  облысында да рақымшылық шараларына іліккен 3636 салық төлеуші субъект анықталыпты. Олардың өсімақысы мен өсімпұлының сомасы 1 727 800 000 теңгеге жетіпті.

– Салықтық амнистияны жүргізу үшін Қаржы министрлігінде заңнамаға тиісті түзетулер әзірленіп, бүгінде Парламент Сенатының қарауына жіберілген. Түзету жобасы шағын және орта бизнес субъектілеріне 2018 жылдың 1 қазанына сәйкес, 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін негізгі қарызын төлеген жағдайда өсімпұл мен айыппұлдарды есептен шығаруды қарастырады. Бұл ретте 2018 жылғы 1 қазандағы жағдайға сәйкес есептелген айыппұл сомасы, ал негізгі қарыз сомасын төлеу күніне дейін есептелген өсімпұл сомасы есептен шығарылады, – деп түсіндірді облыстық кірістер департаменті борышкерлермен жұмыс жүргізу басқармасының басшысы Гүлмира Құндызбаева бізге берген сұхбатында.

Дегенмен, рақымшылық шаралары барлық кәсіпкерді бірдей «бақытқа бөлемейтінін» айта кеткеніміз жөн. Мәселен, амнистияға ілікпейтіндер қатарында бақылауды талап ететін ірі салық төлеушілер, жерасты суларын, емдік балшықты алу құқығына иелік ететін жер қойнауын пайдаланушылардан басқа жер қойнауын пайдаланушылар, акцизделетін тауарларды өндірушілер, кәсіпкерлік қызметпен немесе жеке тәжірибемен айналыспайтын жеке тұлғалар бар.

Ал жоғарыда айтылған 3636 салықтөлеушілердің ішінде Салық кодексіне, Оңалту және банкроттық туралы заңға сәйкес салықтарды төлеуді кейінге қалдыруға немесе мерзімін зартуға берілген және оңалту рәсімі қолданылатын салық төлеушілер де бар. Мәселен, негізгі бересі сома 377,6 миллион теңгені төлеген жағдайда салығын кейінге қалдыруға немесе мерзімін ұзартуға жататын 16 заңды тұлғаның 30,8 миллион теңге өсімақысы есептен шығарылмақ. Ал оңалту рәсімі қолданылған тағы 16 салықтөлеуші негізгі бересі қарызы 1 549,4 миллион теңгені жапса, 530 миллион теңге өсімақы мен 175,7 миллион теңге өсімпұл сомасы кешірілгелі тұр.

Басқарма басшысы Г.Құндызбаева салық амнистиясына тиісті салық төлеушілердің алдын ала тізіміне кірген салық төлеушілерге бүгінде Салық төлеуші кабинетіне қысқаша ақпараттық хабарлама жолданғанын айтты. Ал, салық төлеуші кабинеті жоқтарға 2019 жылғы 1 қаңтарынан бастап көрсетілген мекенжайлары бойынша поштамен хабарландыру жолданыпты.

Бұл ретте кәсіпкерлер құқығын қорғап жүрген ұйым өкілінің де пікірін білгенді жөн көріп, облыстық кәсіпкерлер палатасы Шу қалалық филиалының директоры Асқар Комаевпен хабарластық.

– Елбасы Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында «салық амнистиясы» жөнінде мәселе көтеріп, Үкіметке нақты тапсырма берді. Бұл – өз қызметінде кездейсоқ кедергі мен күтпеген қиындыққа кез болып, қолайсыз жағдайға қалған шағын және орта бизнес өкіліне көрсетілген үлкен көмек. Яғни, енді кәсіпкер салықтан негізгі қаржысын төлесе, айыппұл мен өсімпұлын төлемейді. Кәсіпкерлердің айтуынша, шара дер кезінде қолға алынған маңызды шешім. Оның мемлекет әл-ауқатын жақсартуға ықпалы күшті болмақ. Салық амнистиясы шағын және орта бизнеске істі жаңадан бастауға және кәсіпкерлердің қаржылық жағдайын жақсартуына көмектеседі. Бүгінде Шу ауданында 6228 кәсіпкерлік субъектісі бар болса, оның 5114-і белсенді жұмыс істеп тұр. Бұның ішіндегі 3201-і орта және шағын кәсікперлік субъектісі, ал қалғандары шаруа қожалықтар. Бұған дейін де кәсіпкерлер төлеп келген 13 салықты қысқартып, тек үш-төрт түрін ғана қалдыру керек деген бастама айтылып келген. Шыны керек кейбіреуі салық түрлерін шатастырып-ақ бастары қатып жүрген. Сондықтан Тұңғыш Президенттің бұл бастамасы кәсіпкерлерді көлеңкеден шығаруға септігін тигізеді деп айта аламын. Себебі, қаржылақ қиындықтан шығу үшін соңғы кездері айлықты қысқартып немесе жұмысшылар санын азайту мәселесімен бетпе-бет келген кәсіпкерлер де жоқ емес. Осы рақымшылық шараның арқасында бұл келеңсіздікті айналып өтетін болды. Яғни, кешірілген салықтық өсімпұл, өсімақының есебінен керісінше айлық жалақыны 10-15 пайызға көтеруге де мүмкіндіктері туып отыр. Мемлекет басшысының жалақыны көтеріңдер деген тапсырмасы да бар. Бір сөзбен айтқанда бизнеске қолайлы қаржылық климат қалыптаспайынша ілгерілеу мүмкін емес. Сол себепті Елбасының бұл жолғы қамқорлығы осы климаттың қалыптасуына дөп келіп отыр, – деген филиал директоры сөзінің жаны бар.

Тағы бір айта кетерлігі жалақысы 25 айлық есептік көрсеткіш – 60 125 теңгеден аспайтын қазақстандықтар кіріс салығынан да босатылады. Былтыр 2 шілде кні Салық кодексіне тиісті өзгертулер мен заңнамалық актілер енгізіліп, қабылданған болатын. Жалақысы 25 АЕК-тен аспайтын жұмысшылардың кіріс салығының 90 пайызынан босатылуы туралы нормалар биылғы 1 қаңтарда күшіне енді.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *