Таңдаулы жаңалықтар:

Байтенова Н.Ж. – филос.ғ.д.,профессор

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Жорабек Ж. – PhD докторант

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Жаңа жаңғыртудың ең басты шарты ұлттық салтты сақтай білу.

Мемлекет басшысы рухани жаңғыру мен бес әлеуметтік бастамасын жариялау арқылы елдегі жүргізіліп отырған реформалардың қоғамымыздың рухани әлеуетін нығайтуға және әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын одан әрі жақсарта түсуге бағытталғандығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы мен «Бес әлеуметтік бастамасы» тұтас бір қоғамның жаңғыруы мен әлеуметтік әлеуетінің өркендеуіне жол ашпақ.

«Жиырмасыншы ғасырдағы батыстық жаңғырудың үлгісі бүгінгі егемен қазақ еліне үлгі бола алмайды» деп атап өтті Елбасы, себебі «жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу».

Елбасы бағдарламалық мақаласында ұлттық кодқа негізделген ұлттық сананың кемелдене дамуының екі қырын атап көрсетті: ұлттық сананың көкжиегін кеңейту және ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, таяу жылдарда нақты жобаларды жүзеге асыру.

Рухани жаңғырудың бірнеше бағыттарын атап өтсек:

  1. Ұлттық бірегейілікті сақтау;

Ұлттық жаңғыру — ұлттық сананың кемелденуі. Бірінші, Елбасымыз айтқандай «жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты ұлттық кодты сақтай білу.»  Ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі — ұлттық болмыстың өзегін сақтау, өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту;

  1. Бәсекелік қабілет. Ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықтағы бағасы, өзгелерден сапасымен ұтымды дүние ұсынуға қабілеті. Заман талабына сай тұтас халық қана емес, жеке адамның өзі бәсекелік қабілетін арттырып, табысқа жетуге мүмкіндік алады;
  2. Прагматизм. Өзінің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, сол байлықты үнемдей отыра қолдана білу. Болашақты жоспарлай отыра, ысырапшылдық пен даңғойлық қасиеттерге жол бермеу. Білім алуға, мақсатқа жетуге, кәсіби тұрғыдан жетілуге деген ынта ықылас, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану мінездің прагматизмі. Заманауи әлемдегі бірден-бір үлгі;
  3. Білімнің салтанат құруы;
  4. Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы;
  5. Сананың ашықтығы.

Біздің қанымызда бар қасиет — білімді болуға ұмтылу. Табысты болудың басты факторы — білім. Жыл өткен сайын, біз жүрісі жылдам дамыған дәуірге аяқ басып келеміз. Сондықтан, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт биік табыстарға жетеді.

Осы тұрғыда, Мемлекет басшысы өмір өзектілігін заман талабымен ұштастыра отырып айқындап берген жалпыұлттық алты жоба қоғамдық сананың жаңғыруында маңызды орын алады. Атап айтқанда, «Рухани жаңғыру» біртұтас ақпараттық порталы іске қосылды, «100 жаңа есім» жобасының ақтық кезеңі аяқталып, көпшіліктің дауыс беруі нәтижесінде жобаның 102 жеңімпазы анықталды. «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобалары бойынша 400-ден астам мәдени нысан қалпына келтірілді. «100 жаңа оқулық» жобасы қазақстандықтар тарапынан кең қолдауға ие болып, республикалық және өңірлік деңгейде көптеген нәтижелі іс-шараларға ұласты.

Сондай іс-шараның бірегейі – Мемлекет басшысының қатысуымен өткен «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша дайындалған кітаптарды таныстыру рәсімі. Іс-шарада Елбасының бағдарламалық мақаласындағы алға қойылған міндеттерді іске асыру аясында қазақ тіліне түпнұсқадан аударылған оқулықтар таныстырылды. Бұл оқулықтар – еліміздің кітап қорын сапалы әлемдік ғылыми еңбектермен толықтыратын эксклюзивті гуманитарлық кітапхана қалыптастырудың алғашқы нәтижелері. Сонымен бірге оқулықтардың электронды нұсқалары мен олардың негізінде дайындалған видео лекциялар топтамасы Қазақстанның ашық университеті платформасы (OpenU.kz) арқылы еркін таратылады.

«Туған жер» жобасы – әр қазақстандықтың бойында патриотизмді, жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған бірегей жоба. Бір жылда «Туған жер» бағдарламасы аясында әлеуметтік 1500 нысан іске қосылып, әлі де жалғасын таба бермек.

«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында Отандық төл мәдениеттің заманауи жетістіктерімен тек қазақстандықтарды ғана емес, сонымен қатар халықаралық қауымдастықты да таныстыру мүмкіндігі туды.

Қоғамда Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру жобасы кең талқыға ие болды. Қазақстан Республикасының Президенті 2017 жылғы 26 қазанда «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойды. 2018 жылдың 20 ақпанында аталмыш Жарлыққа Мемлекет басшысы тарапынан өзгерістер енгізу арқылы латын графикасының тиімді нұсқасы қабылданды.

Рухани жаңғыруға қуатты серпін берген бағдарламалық мақаланың стратегиялық маңыздылығы мен бағдары болашаққа бағытталғандығы сөзсіз. Онда, қазақстандық құндылықтарды қалыптастыру мен нығайту, ұлттық бірегейлік пен қоғамдық сананы трансформациялау және ұлтты рухани жаңғырту сияқты іргелі мәселелер қозғалады. Ал, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен оның жалпыұлттық алты жобасының нақты жүзеге асырылуы, тұтас мемлекеттік саясаттың одан әрі трансформациялануының ұлттық рухани жобасының және ұлттық бірегейлігінің қалыбына айналды.

Осылайша, қазақстандық ұлттың қозғалысының жаңа векторы алдағы бірнеше жылға айқындалды, себебі аталған жаңғырту ең алдымен, сананың және ойлаудың жаңа моделін қалыптастыруға байланысты мәселелерді қамтиды.

Қазіргі таңда, жаңғыру бағдарламасының мақсатты міндеттерінің орындалуы мен жетістіктерінің қарқынын сақтай отырып, атқарылатын нақты іс-қимылдарды және перспективалардың тиімділігін анықтап, жүйелілігі мен кезеңділігін сақтау маңызды болып табылады.

Орталық ғылыми кітапхана сирек кітаптар қорының өкілі көрмеге ең құнды кітаптар мен қолжазбалардың әкелді. «Бұлар моңғол, шағатай, парсы, неміс тілдерінде араб, латын графикаларымен басылған дүниелер. «Қазақ» газетінің 1913 жылы шыққан 7-ші саны, «Айқап» журналының 1912 жылы шыққан 5-ші саны, Ахмет Байтұрсынұлының 1914, 1925  жылдары шыққан «Тіл-құрал», «Әліпби» кітаптары, Мұхтар Әуезовтің Абайдың өмірі мен шығармашылығына арнаған қолжазбасы, Мәшһүр Жүсіптің қолжазбасы қызығушылық тудырады деп ойлаймын. Көрмеде ХІХ ғасырдағы Құран кітабы да тұр. Жалпы, біздің сирек қордағы Құран кітаптарының барлығы да ХІХ ғасырда шыққан дүниелер. Жұртшылық үшін тың дүниенің бірі – Ақсақ Темірдің тарихы туралы белгісіз автордың шағатай тілінде жазған қолжазбасы. Мұны зерттеу, қазақ тіліне аудару – сирек қордың алдағы жұмыс жоспарына енгізілді.

Қорыта келе, Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» мақаласы мен «Бес әлеуметтік бастамасы» – дәйекті түрде жүзеге асыру тұрғысынан заманауи қажетті және маңызы терең бағдарламалар. Орындалу барысында, немқұрайлылыққа, селқостық пен бейқарекетсіздікке жол берілмеуі тиіс. Себебі, бұл мәселелер біздің ұлтымыздың рухани болашағы мен әлеуметтік әлеуетін айқындайтын тікелей бағдарламалар.

Ұлтымыз рухани жаңғыру арқылы өткенін електеп өткізіп қана қоймай болашаққа әлеуетін тіктеп қадам басуы керек.