Праймериздің пайдасы қандай?

Құрметті сарысулықтар!

Өздеріңізге белгілі, «Nur Otan» партиясы «Мықты лидерлер – Мықты партия» қағидасы негізінде партияішілік іріктеу өткізуді қолға алған болатын. Былтыр пилоттық жоба ретінде ұйымдастырылған праймериз Елбасының тапсырмасына сәйкес биыл еліміздің барлық өңірінде өткізілмек.

17 тамызда басталған, бірнеше кезеңнен тұратын партияішілік іріктеу – жетекші партия тарихындағы ауқымды жоба.

Праймериздің басты мақсаты – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі және барлық деңгейдегі мәслихаттардағы депутаттық корпусты қалыптастыру, партиялық желі бойынша ілгерілету, мемлекеттік органдардағы лауазымдарға үміткерлерді ұсыну үшін мықты көшбасшыларды анықтау болып табылады.

Бұл қоғамның дамуына өз үлесін қосуға ынталы, белсенді әрі тың идеялары көп азаматтар үшін таптырмас мүмкіндік. Сондықтан аудан тұрғындары мен бастамашыл топ мүшелері праймеризге белсенді түрде қатысады деп сенемін.

Былтыр пилоттық жоба ретінде өткізілген праймериз Жамбыл облысы бойынша ұйымдастырылғанын жақсы білесіздер. Аудандағы партияішілік іріктеу ашық, жария түрде өтті және жоғары деңгейде қорытындыланды. Осы ретте жетекші партияның аудандағы мүшелері мен жақтастары биыл да ауқымды жобаның абыроймен өтуіне атсалысары анық.

Партияішілік іріктеу шарасы коронавирус пандемиясымен сәйкес келіп отыр. Сондықтан тұрғындардың қауіпсіздігі үшін праймериз онлайн форматта өткізілмек. Бұл жетекші партияның ашық әрі қолжетімді жұмыс жүйесі қалыптасқанын білдіреді. Праймериздің тағы бір ерекшелігі – білімі мен тәжірибесін туған елінің қажетіне жұмсауға мүдделі азаматтардың да іріктеуге қатыса алуы. Сондай-ақ әйел азаматтар мен жастарға мол мүмкіндіктер ұсынылуда.

Елбасы – партия Төрағасы Н.Назарбаев атап өткендей, праймериз- партияның белсенді мүшелері мен көшбасшыларын айқындаудың ең тиімді тетігі әрі тұңғыш рет  жаңа сипатта өткелі отыр. Осылайша, еліміздегі сайлау жүйесі демократияландырудың жаңа кезеңіне қадам басты.

Өңірде аталған шараны жоғары деңгейде өткізу бойынша кешенді жоспар әзірленген. Арнайы Ережесі, күнтізбелік жоспары, ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі медиа-жоспары  бекітілген.

Ұйымдастыру комитеттері (10 адам) мен есеп комиссияларының (36 адам) құрамдары жасақталған.

Аудандық филиал төрағасының бірінші орынбасары, ұйымдастыру комитеті мүшелерімен праймериз тәртібін түсіндіруге бағытталған семинар өтіп, тиісті нұсқаулар берілді.

​Ауданда 4328 жуық мүшені қамтитын 22 бастауыш партия ұйымдары бар. Дауыс беру тәсілі карантин жағдайы ескеріле отырып, онлайн және дәстүрлі (бюллетень) түрде өткізу көзделген. Онлайн форматында дауыс беру 1-3 қазан аралығында, ал, дәстүрлі дауыс беру тәсілі 3 қазанда өтеді.  ​

​Дәстүрлі дауыс беру үшін 10 орын-жайлар белгіленді.

​Одан бөлек, барлық аудандық филиалда «Қауырт желі» байланысы іске қосылған. Тұрғындардың праймеризге қатысты сұрақтарына жауап алу мүмкіндіктері бар.

​Бүгінгі таңға праймеризге қатысуға 4 үміткер өтініш білдірді.

​Өтініштердің барлығы «Праймериз» ақпарттық жүйесі арқылы ұсынылды.

​Айта кететін мәселе-үміткерлерді ұсыну «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы немесе тікелей ұйымдастыру комитеттеріне қолма-қол құжат тапсыру арқылы жүргізіледі.

Баршаңызды осынау айтулы шараға белсенділікпен қатысуға шақырамын.

Мұратбек Есмұрзаев,  «Nur Otan» партиясы Сарысу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары

 

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *