ПАРАСАТТЫ БИЗНЕС – ҰЛТТЫ ӨРКЕНДЕТУДІҢ КЕПІЛІ

21/12/20201min460

Атырау облысына жұмыс сапарының екінші күні Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев қалалық мемлекеттік мекемелердің қайта құрылған қызметімен танысып, бизнес-қоғамдастықпен және жұртшылықпен кездесулер өткізді.

Бұл күн «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Атырау облысы бойынша жаңа филиалына барудан басталды. Ол бір мезгілде 30 тұтынушыға қызмет көрсетіп, ХҚКО үшін қалыпты емес Жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаменті мен Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық қызметтерін көрсетеді.

Мемлекеттік мекемелер ұсынатын қызметтің сапасымен танысуды жалғастыра отырып, А. Шпекбаев облыстық сот жанындағы Құқық қорғау және татуластыру қызметтері орталығына жол бастады. «Азаматтарға ыңғайлы болу үшін біз қызметтер ауқымын кеңейттік. Егер бұрын Орталық азаматтарға тек құқықтық кеңес берсе, қазір өтініш білдірушілер білікті заңгерлік, психологиялық және медиативтік көмек алады», – деп атап өтті облыстық сот төрағасы Б. Жұмағұлов.

Одан кейін Агенттік төрағасы Атырау қаласы сервистік әкімдігінің қызметімен танысты. Бірінші қабат ыңғайлы қызмет көрсету үшін толығымен қайта жасақталған. Сондай-ақ, жедел өзара әрекеттесу үшін қызметкерлер, соның ішінде менеджерлер open space жұмыс нысанына көшті.

Сервистік әкімдік ғимаратында А. Шпекбаев тұрғын үй, жер алу және тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселелері бойынша азаматтарды жеке қабылдады.

Сондай-ақ, ведомство басшысы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне табан тіреп, «Саналы ұрпақ» жемқорлыққа қарсы жобасының қызметімен танысты және ZOOM арқылы студенттермен кездесті.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомство басшысы А.Шпекбаевтың бизнес-қауымдастықпен кездесуі жұмыс сапарының өзегіне айналып, оның барысында кәсіпкерлерді толғандыратын мәселелер талқыланды.

Әңгіме барысында Агенттік төрағасы мемлекеттің экономикадағы реттеуші рөлін төмендету және кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуға жол бермеу қажеттігін тағы да атап өтті.

«Кәсіпкерлер барлық келеңсіз жайттарға ерекше сезімтал. Әсіресе пандемия кезінде, тап осы уақытта мемлекеттің қолдауына мұқтаж. Қазіргі жағдайда бизнестің жұмысына кедергі жасау – бұл ең ауыр қылмыс», — деді ол.

Бұл тұрғыда кәсіпкерлер мен инвесторларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеу жобасын атап өту маңызды. Осы мақсатта алдын алу жұмыстары жүргізіліп, бюрократиялық кедергілерге және заңсыз араласуға жол берілмейді. Тек Атырау облысында 159 млрд теңгеден астам сомаға 20-дан астам бизнес жобаның қорғауына алынған.

Превенцияның күшеюімен қатар бизнес мүдделеріне қарсы қылмыстар үшін жауапкершілік те күшейтіледі. Қылмыстық кодекске жаңа түзетулер енгізілгеннен кейін құқық қорғау органдарының қызметкерлері кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіргені үшін екі емес бес жылға дейін, ал мұндай қызметке заңсыз қатысқаны үшін бір емес екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Құқық қорғау органдары басшылығының және судьялардың осындай әрекеттерді жасауы тиісінше 8 және 5 жылға дейін одан да қатаң жазаға әкеліп соғады.

Атырау облысына жұмыс сапары азаматтық сектор өкілдерімен және журналистермен кездесумен аяқталды. Онда сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың соңғы новеллалары баяндалды.

Атап айтқанда, ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталған адамдар үшін шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күшін жою, құқық қорғау және сот органдары қызметкерлерінің жауапкершілігін қатаңдату және мемлекеттік қызметшілер үшін шетелдік банктердегі шоттарды иеленуге тыйым салу атап өтілді.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *