Өзібек ақынды өз елі ұмытпауы керек

 

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында туған жер тарихын терең білуге мән беріледі. Туған жер тарихын білу арқылы жас ұрпақтың бойында отаншылдық сезімі қалыптасуы қажет. Ал, біздіңше, туған жер тарихын білудің бір жолы – халық ақындарының шығармашылығын тану. Қазақтың сан ғасырлық тарихы да, күресі де, батырларға қойған ескерткіші де, дүниетанымы да халық жырларында сақталған.

Талас-Шу өңірінің ақындық дәстүрі дегенде, ХІХ ғасырдың 60-жылдарының соңында дүниеге келіп, ХХ ғасырдың 30-жылдарының бірінші жартысына дейін өмір сүрген, Ақыртөбе өңірінің айтулы ақыны Өзібек Ақжолұлының шығармашылығын айтпай өтуге болмайды. Өз ортасына сай мұсылмандық сауаты жоғары болған ол өлеңді жазып та, ауызша айтып та шығарған. Оның терме, толғау, өсиет-нақыл туындыларымен қатар біршама көлемді дастандары мен айтысы сақталған. Әлем әдебиетінің жауһары Фирдоусидің «Шаһнамесінің» жеке тарауларын қазақша сөйлеткен.

Ақынның мол әдеби мұрасының аз бөлігі белгілі журналист, өлкетанушы Тұрсынхан Толқынбаевтың құрастыруымен 2009 жылы шыққан  «Үриятнама» кітабы арқылы бізге жетіп отыр. Үриятнама, құрастырушының айтуынша, халыққа арналған хат, насихат деген мағынаны білдіреді. Қайтыс боларының алдында қолжазба кітабын ақын шәкірттерінің бірі Мұсылманқұл Қырықбайұлына сыйлаған. Ол қолжазба кітапты қайда барса да, өз жанында ұстап, өлеңдерін адамдарға жаттап айтып, насихаттап таратып отырған. Кейін, өкінішке қарай, қолжазба кітапты жоғалтып алған. Кейбірі ел аузынан жазып алынғанмен, әдеби мұрасының бір бөлігі сол Мұсылманқұлдың айтуымен бүгінгі оқырманға жетіп отыр.

Ақынның сөзін өзінен артық ешкім жеткізіп айта алмайды. Сондықтан өмірінің кейбір деректерін, ортасын білуде алдымен ақынның өзіне жүгінгеніміз абзал. «Жас шама» өлеңінде:

Оқытып он екісі молда қылды,

Он үші қалам, қағаз қолға алынды.

Он төрт, он бес жасымда халқым білді,

Құп көріп  сөзге шайыр болғанымды, —

дей келіп, бұдан соң:

Ән салып, домбыра шертіп, тамаша ғып,

Бұл басым, ұлы жиын -тойда жүрді.

Отыз жасқа келгенде дауысымды,

Қырғыз-қазақ баласы сонда білді, —

деп жыр тиегін ағытады.

Ақын өміріне қатысты жеке жайлар да өлеңдерінен аңғарылады. «Сөзімді сыйлап халық тыңдап жүрді» деген өлеңінде:

Бір кезде берді құдай баланы да,

Ел сыйлап құрметтеген заманында.

Өзінің бергендерін өзі алып,

Есебін тапты тәңірім аларында, —

деген жолдардан ақынның жанға батқан қайғысы көрінеді.

Өзібек ақын — халық тарихын, заман шындығын терең сезінген, одан өзіндік ой түйіп, көзқарасын білдірген кең тынысты ақын. Оның шығармашылығының бір парасы ғибратқа толы терме-толғаулар болса, енді бір саласы шежіре-тарих, өмір толғамдары болып келеді. Дегенмен, заманында кең көсіліп, сөз сөйлеген ақынның өкініші де зор. Сол өкініші өлеңінде былай өрнектеледі:

Дүниеге қуанышты адам келерінде,

Алланың рахымы көп қой берерінде.

Артымда бір-екі ауыз сөзім қалсын,

Аттанып ақыретке жөнерімде.

Жасымда есіме алып жаза бермей,

Өзіммен бірге кетті-ау өнерім де.

Денім сау кездерінде ойламаппын,

Жазу тек еске түсті-ау өлерімде, —

дейді.

Ақын өмірінің соңғы кезеңінде кеңестік заманның қыспағын сезінген. Бүкіл шығармашылығы шынайы мұсылмандық дүниетанымға құрылған оған ХХ ғасырдың 20-30-жылдарындағы құдайсыздық қоғамы соншалықты жеңіл тимеген тәрізді. Бұл жөнінде «Мәрді жампоз» дастанында аңғартады. Уақытында өз патшасына беріліп қызмет жасаған, оның жолында бар ғұмырын, қызығын сарп етуге дейін ниеттенген Мәрді жампоздың ғибратты ғұмырын жырлай отырып, ел басқарудағы азаматтардың жайын, оларға белгісіз сыртқы күштің әсерін ақын тұспалдай сөз етеді.

«Шын адал тұзын ақтап қызмет қылған, Мінекей, осылардай адам қайда?», «Бұл күнде дос боп жүрген адамдарға, Жақсылар, қарасаңыз пайым қылып», «Басына жақсы істің бірі келсе, Табалап отырамыз құласа деп», «Жолдастық бірге жүрген құрметі үшін, Жәрдем бер жаныңды аяп тұрып қалма. Біріңнен бірің сұра білмегенің, Кеткендей болма өштесіп, дүние кең», «Не таптық күншілдікке салып жүріп, Арада шағым сөзге нанып жүріп», «Бек жүйрік кісі болар азаматты, Ақсаттық аяғынан алып жүріп», «Кім жақсы болса соны жамандадық, Еш пайда мұныменен таба алмадық» деп келетін өлең жолдарынан голощекиндік кезеңдегі билік басындағы аласапыран білінеді. От алып түскендей зиялылардың бірін бірі қудалауы, қаралауы, жоқ қылуы, сол күннің қайта айналып өз басына тууы, түсініксіздік, қаптаған «жаулардың» пайда болуы – бұл сталиндік биліктің зобалаңы болатын. Бұл тек үлкен қалаларда ғана емес, ауылдық жерлерде де кеңінен көрінді. Міне, осы қоғамдық ахуалды, әділетсіздікті Өзібек ақын терең сезінген. Сондықтан да «Мәрді жампоз» дастанының соңын:

…Бұл заман жылдан жылға басқаланып,

Амалсыз көзді отырмын жасқа малып.

Бұл сөзім, біле алмадым, кімге жетер?

Жетпесе, өзімменен бірге кетер, –

дейді ішкі шерін ашып. Бұдан Өзібек ақынның, жоғарыда айтып өткеніміздей, қоғамның шындығын, аласапыранын салмақтай білген ойлы, сыншыл ақын болғаны аңғарылады.

Оның шығармаларының бір саласы – терме өлеңдер. Терме өлеңнің өзіндік сипаты ақын өмірден көрген-түйгендерін қорытып, тыңдаушысына ғибрат етіп айтады. Бұл өлеңнің түрінде ақынның дүниетанымы, сыншылдық ой-өрісі елеулі рөл атқарады. Жақсы деген не, жаман деген не, осыдан келіп туындайтын жақсы жігіт пен жаман жігіттің сипаты, жақсы қыз бен жаман қыздың көрінісі, жақсы әйел мен жаман әйелдің белгілері, тағы басқа жайлар ақынның тарапынан термеленіп айтылады. Ғибратқа құрылған мұндай шығармалардың кезінде өз тыңдаушысы болған. Көкірекке құйылар терең ой қорытулар тыңдаушысын ұйытып, ойлантып, өмірдің мәніне үңілтіп отырған.

Жүрегіне иман ұялаған, білімі терең, өмірден көрген-түйгені мол, оны өз тарапынан қорытып, көркем өлеңге айналдыра білген Өзібек ақынның шығармалары тыңдаушыларының арасында кезінде жоғары бағаланған.

…Шариғаттың бұйрығы,

Жастарға арнап айт деген,

Насихат сөз – термені.

Ажалдың торы дайын ғой,

Бір күні тартар кермені,

Бүкірейтер беліңді,

Өмірің өтіп зерделі, —

дейді ақын тыңдаушысына салмақты сөз арнап. Мұнда терменің кімге бағытталып айтылатыны аңғартылса, екіншіден, ақын өмірдің ақыры, мәні, кәрілік туралы ойын «ажалдың торы», «керме» деген тың образбен жеткізген.

Ақын туындыларында имандылық жайы жиі айтылады.

Тағдырсыз пенде өтпейді,

Жан денеден айырылып

Бұйрықсыз шығып кетпейді.

Иманды жазған құлына,

Ләһаттың құрты жетпейді, —

дейді ақын ойын нақылдай термелеп. Тыңдаушысын «ләһаттың құрты» тіркесі магнитше үйіріп, санасын селт еткізеді. Мұндағы қатпарлы ой түйіндерінің ақынның исламдық дүниетанымымен жалғасып жатқаны сөзсіз. Кім ләһаттың құртына жем болғысы келеді? Автор тыңдаушысының санасына мықты әсер ете отырып, одан шығудың жолын меңзейді. Ол – иман мәселесі. Жанға тиетін өлең жолдары арқылы имандылық мәселесінің қаншалықты жоғары, биік екенін білдіреді.

Ақын айтуындағы «бұйрық» сөзінің мағынасы да белгілі. «Бай болып асып толсаң да, Патша боп таққа қонсаң да, Бұйрықпен келсе Әзірейіл, Ешкімге рахым етпейді» деп ойлантады. Бұл — бүгінгі күнге дейін еш мағынасын жоймаған, кім-кімді де ойлантатын аталы сөз.

Өзібек ақынның терме-толғауларында айтылатын ой әрқилы. Ақынның бұл үлгідегі туындылары әйгілі Майлықожаның терме-толғауларымен үндесіп жатқаны байқалады.

Өзібек ақын — өз заманының тарихшы ақыны да. Оның «Шежіре хат», тағы басқа өлеңдерінде, сол сияқты Үсіпәлі ақынмен жазбаша айтысында өз заманының, сонымен қатар өзіне дейінгі ел ішінде танымал болған адамдардың есімі, қызметтері жан-жақты айтылып, жоғары бағаланады. Бұл Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған өлке тарихын білуде құнды дерек көздері екендігі даусыз.

Мәселен, екі нұсқадан тұратын «Керімбай болыс өлгенде көңіл айтуы» атты ұзақ өлеңі — осындай туынды. Мұнда бір ояз елге танымал болып, кезінде билігі жүрген Керімбай болыстың көзі тірісінде жасаған жақсылықтары, абырой-атағы, ақыл-парасаты кеңінен жырланады. «Керегең еді кешегі», «Серке сан, беу, саңлағым», «Ауыр жүк салсаң көтерген», «Қалың Дулат халқына, Ие болған сардарың» деп келетін, тағы басқа мол метафоралық қолданыстар оның заманында кім болғанын аңғартады. Көңіл айту қосынында сонымен қатар сол кездің игі жақсылары, бауырлары да сөз болады. Бекболат, Темір бауыры қайғының ауыр дәмін тартты дейді. Жүніс қажының, Жамаш пен Әбілек мырзалардың аттары беріледі. Ал, өлеңнің екінші нұсқасында Қаратеке, Бәйімбет, Жампоз датқа, Бұралқы есімдері еске алынады. Жоғарыдағы Жамаш пен Әбілектің есіміне қоса Алахан мырза аты айтылады.

Кешегі кеңестік дүниені ақ пен қара деп екіге бөлген заманда бұл есімдердің атын айтудан шошынсақ, енді оларды білуге, зерделеуге ұмтылуымыз керек. Ақын жырына іліккен бұлар, қалай дегенде де, өз уақытының маңдай алдылары. Елге сіңірген еңбектері де, жетістік-кемшіліктері де болуы мүмкін.  Қалай дегенде де, олар өткен тарих қой.

Өзібек ақынның ерекше назар аударуды қажетсінетін туындыларының бірі – «Шежіре-хат» өлең-толғауы. Өлеңде Алаш деген ұранда қосылатын Түрікпен, Қарақалпақ, Қырғыз, Қазақтан бастап жырланып, Үш жүздің таралуы, одан Ұлы жүздің тармақталуы, кімдерден туды, кімдермен жалғасты дегенді шежірелеп таратып айта келе Дулатқа тіреледі. «Дулаттың балалары Сиқым, Жаныс, Ел болды Ботпай, Шымыр неше арыс» деп жырлайды. «Шежіре-хат» өлеңінде де көп адамдардың аттары аталып, бір қауым елге айналуы шежіреленеді.

Шығармада сондай-ақ өзіне етене таныс ақындар ортасы сипатталады. Мұның қазіргі уақытта Шу-Талас өңірінің ақындық дәстүрін тануда маңызы зор.

Сәмбетте: Сәт, Дәуітәлі, ақын Бармақ,

Жақсыбай Жантөбет те және де өтті.

Ноғайбай Қасқарауда, Сарбас ақын,

Есдәулет, Үмбетәлі алмас ақын.

Жалайыр Қамқақман мен Бақтыбайлар,

Сөзімен қарық қылған жалпы халқын.

Кім білмес Сүйінбайды күмбірлеген,

Сауытбектей ақын бар ма Күнту елден.

Сәмбетте Байболат пен Балуан Шолақ,

Бұларға ешкімің де тең келмеген!

Көкіректе Биназар бар шаппай желген,

Ыстыда кім білмейді Бөлтірікті?!

Сөзбенен көнбейтінді көндіртті.

Қылышбай сөз кестесін келістірген.

Жаныстан Тілемістей ақын шығып,

Құлағын қырғыз, қазақ тегіс түрген.

Молда Мұса, Майлыбай ақындармен,

Ыстыда Майкөт өлең желістірген.

Ақыны Сыр бойының Мәделі еді,

Орынбай, Қазанғап пен сал Құлманбет,

Бұлардың сөзі қандай әдемі еді! –

дейді ақын. Осыдан Жетісу ақындық мектебін жалғастырып, толықтырып жатқан Шу-Талас ақындық мектебінің қаншалықты бай, әр алуан екенін байқауға болады. Ал, бұл ақындардың легін толықтыратын тағы қаншама ақындар бар десеңізші. Осыншама байлықтың толықтай  зерттелмеуі– ең алдымен, олардың шығармаларының жинақталып кітап болып әлі шықпай жатуымен байланысты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында олардың шығармаларын жинақтап кітап етіп шығарса, қандай жақсы игі істер атқарылған болар еді.

Кең өрісті, ойлы ақын шежіре-тарихпен шектеліп қалмайды. Өз заманының, өзіне дейінгі ел үшін зор еңбек сіңірген тұлғалардың аттарын атап, түстерін түстейді. Оларды жалаң тізбелеп шықпайды, әрқайсысының ел үшін сіңірген еңбектерін қысқа да болса нақтылап өлеңіне арқау етеді. Бұл жоғарыда айтқанымыздай, тарих үшін қымбат дүние. Тарихты білуге ұмтылған бүгінгі ұрпақ үшін қымбат.

Ақын атайтын есімдер Батырбек, датқа Байзақ, ер Сыпатай, Шыныбек датқа, Едіге, Райымбек датқалар, Ақмолда батырбасы, Сеңкібайдың балалары, Бүркітбай, Ботпай Жауғаш батыр, Бұралқы, Керімбай, Мәмбеттің балалары, Байзақ, Бәйтерек, Төрегелді, Мұса, Рысқұлбек, ер Сәлімбай, Алып, Бошай, Әйтімбет, жампоз Қабылбек, бестерек Райымбек, Шынжырбай, Жанқұлы, Сырғабай, Аққойлы Құдайберген Қарашайыр, Әліш деп жалғаса береді. Мұнда да, біздің пайымдауымызша, ашылмаған сыр, көп тарих бар.

Ө. Ақжолұлының туындыларының арасында Т. Рысқұловқа арнаған «Арнау» өлеңі кездеседі. 30-жылдардың бірінші жартысына дейін өмір сүрген ақын мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловты көрді ме, көрмеді ме, белгісіз, бірақ оның елге істеген өлшеусіз еңбегін сезінгені, білгені анық. Өлеңде сонымен қатар қырғыз халқының үлкен жазушысы Шыңғыс Айтматовтың әкесі Төреқұлдың есімі де аталады. Өлеңнен ақынның кеңестік кезеңнің елге әкелген көп қиыншылығын, кейбір әділетсіздігін көргенмен, ел жаңалығына, тұғырлы тұлғаларға, олардың атқарған жұмыстарына көңілі сергек, құлағы түрік болғанын байқаймыз. Оларды мақтауы жалаң емес, үлкен ілтипатқа, құрметке құрылады.

Өзібек ақынның «Әзірет Омар», «Мәрді жампоз» дастандары бар. «Азырақ сөз сөйлейін бір нұсқадан» деп Әл-хазіреттен кейінгі оның орнына болған Абу Бәкір, Сыдықты айта келіп, одан кейін халифалық хазірет Омар туралы баяндалады. Дастанда хазіреттің адалдығы, әділдігі суреттеледі. Дастанның бүгінгі уақытта да тәрбиелік мәні зор. Қазіргі таңда  тастанды баланың өмірде жиі кездесе бастауы қоғамның қатыгезденуімен, халық тұрмысының ауырлығымен сипатталады. Ал, шығармада баланы бағып-қағып, жақсы тәрбие, білім беріп өсіру парыз екені айтылады. Қорғанышсыз нәрестемен бетпе-бет қалған Омар хазірет алдымен баланың күтіміне, одан соң жақсы тәрбие, білім алып қалыптасуына аса көңіл бөледі.

Жетімді жебеу бұрынғы ата-баба дәстүрімен жалғасып келе жатқан жақсы қасиетіміз десек, бүгінде сол салтымыздан айырылып қалып бара жатқан жоқпыз ба?

«Мәрді жампоз» дастаны да тақырыптық жағынан «Әзірет Омар» дастанымен сарындас келеді. Мұнда Мәрдінің өз патшасына шын беріліп жұмыс атқаруы, сонымен биік атақ, абыройға жетуі суреттеледі. Шығармада «жәлел қызмет», «жәлел дос», «жәлел ниет» деген ұғымдар қолданылып, олардың мазмұны сюжет барысында ашылады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, ел басқарған азаматтардың бірін-бірі қолдауы, күншілдікке жол бермеуі тілге тиек болады.

Үсіпәлі мен Өзібек ақынның жазбаша айтысы – халық әдебиетінде өзіндік орны бар шығарма. Мұнда айтыс өнерінің дәстүрі жан-жақты қамтылған. Қанды қыздырып, шамға тие сөйлейтін өткір сөз де, ақындыққа тән шабыт пен бейнелі сөйлеу де кездеседі. Айтыстан Үсіпәлінің де сөз өнерінің иірімдерін игергені байқалса, Өзібек ақынның айтыс өнеріне тән тау суындай қуатты сөз саптауы, өз ортасының арғы-бергі тарихын терең білуі және оны айтыста қарсыласын тұқырта жеңуі үшін орнымен қару етіп шебер қолдануы көрінеді. Түйіндей айтқанда,

Сахи бол жігіт болсаң ел көргендей,

Досыңа қысылғанда дем бергендей.

Пайдаңды жақсы болсаң көпке тигіз,

Тұйғынға қашса-дағы жем бергендей.

Әр істі жақсы-жаман үйрен бастан,

Жастыққа масаттанып елбеңдемей,

Мінезің тастан ауыр салмақты бол,

Желге ұшқан ебелектей желбеңдемей.

Сөзіңді халық алдында байқап сөйле,

Сөйлеме жұртқа дөкей – өр келгендей.

Әліңше әділетті билік айтқын,

Халықты ақылменен меңгергендей, —

деп өсиет ететін Өзібек ақынның шығармашылығы ғибратқа толы. Тек оны оқи, тани, зерделей білуіміз қажет. Оның туындыларында айтылған сөздер бүгін де өміршең. Ендеше, «Алтын кездіктің қап түбінде жатпасы анық».

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
филология ғылымдарының докторы, профессор.

 

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *