ОРЫНДЫ ОЙ, ПАЙЫМДЫ ПІКІР АЙТЫЛДЫ

01/04/20211min460

Бүгін Дулати университеті қабырғасында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиева мен республикалық «Парасат жолы» жобасының жетекшісі, қоғам қайраткері, жазушы Сәдібек Түгел, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев білім ордасының студенттерімен кездесті.
Кездесуге студенттермен қатар профессор оқытушылар құрамы мен қызметкерлер де қатысты. Алғы сөзбен іс-шараны ашқан Басқарма төрағасы-ректор м.а. Ержан Әмірбекұлы университетте академиялық адалдықты сақтау барысында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. Оқу ордасында барлық қызмет көрсету түрлері ашық форматта, тазалыққа негізделгенін тілге тиек етті. Сондай-ақ, жемқорлықсыз қоғам құруда адам бойындағы ерік-жігерлік қасиетінің маңыздылығы мен асыл дініміздің рөлін де атап өтті.
Әрмен қарай сөз алған «Саналы ұрпақ» студенттік клубының төрағасы, Экономика және құқық факультетінің студенті Бекзат Әбдіхалық клуб жұмысы туралы ақпарат беріп, жастардың жемқорлыққа қарсы ойын жеткізді. Жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Арнат Ұлтанбаев «Саналы ұрпақ» клубының Академиялық адалдық саясатын университет қабырғасында жүзеге асыруда атқарып жатқан жұмыстарымен таныстырды.
«Әдеп жөніндегі» кеңестің жұмысы туралы мәліметімен бөліскен Кеңес төрайымы Дина Дүйсебайқызы университет қабырғасында әдеп қағидаттары бұзылған жағдайда қолданылатын шаралар мен қабылданған шешімдер турасында сөз қозғады.
Кездесу қонағы жазушы Сәдібек Түгел Жамбыл өңіріне іс-сапардың мақсат-міндеттерін айтып берді. Негізгі мақсат — елімізде жемқорлықты жоюда атақарылып жатқан жұмыстар мен қоғам өкілі ретінде бұл дертпен жұрт болып жұмылып күресуге шақыру және көпшілік сұрағына жауап беру екенін жеткізді. Сыбайлас жемқорлықпен күрес жолында елімізде Антикор орталықтары, Ақпараттық ағарту штабтары ашылып, сервистік әкімдік қызметі жұмыс істейтіні туралы айтты. Жемқорлыққа жасалатын алғашқы қадам – сыйлық беруге тыйым салынғаны туралы шешімнің де дұрыстығын әңгімесіне арқау етті. «Коронавирус адам бойындағы дерт болса, Коррупция қоғам қойнындағы дерт» деген қоғам қайраткері тазалық пен әділдік, адалдық пен парасаттылық қасиеттерін сақтап, ұрпаққа жақсы болашақты табыстайық деп ойын түйіндеді.
Өз кезегінде Жазира Жақсылыққызы университетте атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, студенттердің ой-пікірі, қадам алысы қуантарлық екенін жеткізіп, университет жұмысына сәттілік тіледі. Әрі қарай кездесуге қатысушылар жемқорлық салдарын суреттейтін, соңы үлкен өкінішке алып келетін оқиғаға негізделген роликті тамашалады.
Сәті түскен кездесуде Сәдібек Түгел «Айдың үздік кураторы» байқауының қорытындысы бойынша наурыз айының жеңімпазы «Биология» кафедрасының аға оқытушысы Гүлчехра Қуандықованы марапаттады.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *