Онлайн байланыс-оңтайлы қадам

Жуырда ғана Сарысу ауданының әкімі болып тағайындалған Бақытжан Жақсылықов жұртшылықпен кері байланыс орнатуда әлеуметтік желілердің мүмкіндігін кеңінен пайдалануда. Аудан басшысы атқарылып жатқан жұмыстар, ұлылардың ұлағаты сынды дүниелерді бөлісуден бөлек Фейсбук арқылы жиі-жиі тікелей эфирге шығып, көптің көкейіндегі сұрақтарға нақты жауаптарын беруде. Бүгін де әлеуметтік желінің тікелей эфирін тиімді пайдаланған Бақытжан Алпысұлы аудан тұрғындарына қазіргі  ахуалды айтып өтті.

— Сарысу ауданында 176 адамның коронавирус індетін жұқтырған жағдай тіркелген болатын. Бүгінгі  таңда  176 науқас сауығып шықты.

Есепте тұрған науқастар жоқ.  Барлық науқастар дерттерінен айықты.

Ағымдағы жылдың 1 тамызынан бастап індет жұқтырғандар тіркелмеген.

Алайда, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирустың жаңа толқыны қазан айында болатынын атап өткен болатын. Бұл мәселе бойынша жаңа іс-шара жоспарлары бекітілетін болады.

Сондықтан, карантин режимін қатаң сақтап, санитарлық талаптардың орындауға шақырамын!,-дей келе 2020 жылдың 14 тамызындағы «Жамбыл облысы аумағында шектеу іс-шараларын кезең-кезеңмен әлсірету туралы» №32 қаулыға сәйкес атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті.

Содан соң  жаңа оқу  жылына қатысты аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Ілияс Алшынбайұлы Баймағанбетовтың баяндамасы тыңдалды.

Тікелей байланыс барысында әлеуметтік сипаттағы қала тазалығы, балалар ойын алаңы, жол жөндеу, қаланы абаттандыру мәселелерін көтерген азаматтар да өз пікірлерін білдірді.

Мүмкіндікті пайдаланып арнайы уақыт бөліп, тұрғындардың сауалдары мен өтініштеріне құлақ асқан аудан басшысына алғыс айтып, жақсы пікір білдіргендер де болды.

Өз кезегінде Бақытжан Алпысұлы  сауалдарға  толыққанды жауап беріп, аймақта індеттің алдын алу жұмыстары уақытылы жүргізіліп жатқандықтан алаңдауға негіз жоқ екенін жеткізді. Аудан әкімі онлайн сұхбатты қорытындылай келе аудан тұрғындарына амандық тілеп, кеш түскен сауалдар да жауапсыз қалмайтындығын айтты.

Әлеуметтік желідегі тікелей эфирлер алдағы уақытта да жалғасын тауып, сан сала бойынша сауалдарға тиісті жауаптар берілетін болады.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *