«Нұрлы жолдың» жемісі 

sdr

Алғашқы ізі сонау біздің заманымызға дейінгі ІІ ғасырларда түсе бастаған, бертін келе Азия мен Таяу Шығыстың, одан әрі Еуропаның арасын жалғап, барыс-келісті арттыра түскен Ұлы Жібек жолы бойындағы қайнаған тіршілік әлі толастаған жоқ. Бұл алып күре жолдың негізгі тармақтары басып өтетін Қазақстан жері де бүгінде индустриясы аяққа тұрып, өзіндік көлік логистикасы қалыптасқан іргелі елге айналды. Өндіріс болған соң, тауар тасымалының да қатар жүретіні заңдылық. Өндіруші мен тұтынушының ортасында алтын көпір қызметін көрсетіп отырған көлік логистикасы саласында әсіресе темір жолдың алар орны айрықша.

Өзінің «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында «Қазір де қайнаған тіршілік күре жолдардың бойында. Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Барлық аймақтар теміржолмен, тасжолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек. Астанада тоғысқан тоғыз жолдың торабы елорданың жасампаздық рухын тарататын өмір-тамырға айналуы тиіс. Аймақтардың өзара байланысын жақсарту елдің ішкі әлеуетін арттырады. Облыстардың бip-бipiмeн сауда-саттығын, экономикалық байланыстарын нығайтады. Ел ішінен тың нарықтар ашады» деген болатын Елбасы Н.Назарбаев.

Бұл ретте отандық тауар айналымына жамбылдық теміржолшылардың да қосып отырған үлесі орасан. Өйткені, облыстағы Жамбыл, Шу стансалары тоғыз жолды тоғыстырған тораптық бекеттер қатарынан саналады.

Темір жол – экономиканың күретамыры екені бекер айтылмаса керек. Өйткені, өндірілген өнімді ұшақпен, не автокөлікпен тасығаннан гөрі темір жол арқылы жөнелткен әлдеқайда тиімді әрі арзанға түседі. Тыныс-тіршілігін өткен ғасырдан индустриялық бағытқа бұрған Жамбыл облысында бір кездері химия өнеркәсібінің тасы өрге домалаған. Қуаты бұрынғыдай болмаса да ел экономикасына сүбелі үлесін қосып отырған Әулиатаның сары фосфорын бүгінде алыс-жақын шет мемлекеттер, Еуропа алпауыттары әлі тұтынып келеді.

«Қазақстан Темір Жолы – Жүк тасымалы» АҚ – «ЖТ Жамбыл бөлімшесі» филиалы директорының логистика жөніндегі орынбасары Әділ Түсіповтің айтуынша бөлімшеге тиесілі жүк тасымалы жылдан жылға артып келеді екен. Былтырғы жылмен салыстырғанда тасымал 8 пайызға артыпты. Бұл өңір экономикасында алға жылжу динамикасы байқалып отырғанын көрсетеді.

– Біздің негізгі клиенттеріміздің қатарын «Қазақмыс» корпорациясының еншілес компаниясы «Балхашцветмет» өндірістік бірлестігі, «Қазфосфат» ЖШС, «Кнауфгипс» ЖШС, «WTRADING» ЖШС, «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС, «Ер Тай» ЖШС сынды бас-аяғы онға жуық компания құрайды. Бұлардың ішіндегі басты тапсырыс беруші – «Қазфосфат» ЖШС. Серіктестік Қаратау стансасынан 580 вагон фосфор рудасын, Жаңатас стансасынан 715 вагон фосфор ұнтағын, 1450 вагон фосфор рудасын, Аса стансасынан 175 вагон сары фосфор өнімдерін артадыды. Фосфор рудасы мен ұнтағы серіктестіктің өз облысымыз аумағындағы өңдеу орындарына жеткізілсе, әлемдік сұранысқа ие сары фосфор Германия, Дания, Польша, Чехия, Швейцария, АҚШ, Үндістан, Италия сынды елдерге жөнелтіледі. Ал Мыңаралдағы цемент зауыты Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан мен Қырғызстанға да шамамен айына 887 вагон сапалы цементін өткеруде. «Балхашцветмет» ӨБ. Бірлестік бізге айына 707 вагон түрлі түсті руда салады. Бірлік стансасынан шығатын вагондарымыз күніне орта есеппен Балқаш стансасына 23,6 вагон руда жеткізеді. Аса стансасынан «Кнауфгипс» ЖШС-нің айына 647 вагон тасты гипсін артып, еліміздің өзге өңірлеріне жеткізіп береміз. Әрине, айта берсек мұндай мысалды көптеп келтіре беруге болады. Ең бастысы өткен жылғы есепті кезеңмен салыстырғанда логистикалық қозғалыс, яғни жүк тасымалы 8 пайызға артып отыр, – Әділ Алдиярбекұлы.

Еліміздегі жүк тасымалы мен тауар айналымын жетілдіре түсу үшін аймақтардан логистикалық орталықтар ашу ісін қолға алуды Елбасының өзі «Нұрлы жол» бағдарламасында басымдық бергенін жоғарыда айттық. Бірақ әзірге, Астана мен Шымкент қалаларында ғана қозғалыс бар. Әділ Түсіповке «Жамбылдағы тораптық стансалардан да мұндай логистикалық хаб ашуға бүгінде қаншалықты сұраныс бар» деген сауалымызды қойдық.

– Елбасымыз қай салада болмасын алдымызға үлкен ауқымды міндеттер қойып отыр. Солардың бірі – логистиканы жаңғырту. Әрине, еліміздің әр аймағында осындай орталықтар жұмысын бастап, ел экономикасында тіршілік қайнап жатса қандай жақсы. Шын мәнінде бұл үлкен ауқымдағы жоба болғандықтан оны еңсеру оңай шаруа емес. Алдымен жүк тасымалы нарығында бұған деген сұраныс, клиенттердің қызығушылығы болу керек. Сондықтан, аса бір қажеттілік болмаса кейін қаңырап бос тұратын логистикалық орталықтарді дәл бүгін негізсіз ашу орынсыз әрі асығыс болар еді. Сол себепті, бұл жоба төңірегінде әлі де зерттеп, зерделей түсетін дүниелер көп. Бұйыртса, болашақта қажеттілік артып жатса облыста ондай орталық та ашыла жатар, – дейді филиал директорының орынбары Ә.Түсіпов.

Осы ретте облыстағы темір жол тасымалының басты тапсырыс берушілерінің алды болып отырған «Қазфосфат» ЖШС-нің өндірістік қуатына аз-кем тоқтала кетсек. Компания бүгінде фосфорит кенін байытып қана қоймай әлемдік сұранысқа жауап беретін өнім шығару бағытында барын салуда. Содан болар, бұл алпауыттың сары фосфорының негізгі тұтынушылары – ТМД мен Еуропа елдері.

– Бүгінде 21 түрлі өнім өндіретін серіктестік әлемнің 27 елімен экспорттық байланыс орнатып, тауар өткеріп келеді. 2018 жылдың тоғыз айында зауыттармыздың өнім өндіру көлемі 80 миллиард теңгеге жетті. Негізінде биыл 112 миллиард теңгенің өнімін өндіруді көздеп отырмыз. Одан бөлек, өндірістегі қайта құрылымдау, жаңғырту жұмыстарын жандандырып, соның нәтижесінде биылға игерілу тиіс инвестиция көлемін 13 миллиард теңгеге жеткізбекпіз. Ал, келер жылғы өнім көлемін 130 миллиард теңгеге ұлғайтуды мақсат тұттық. Осыншама инвестиция тартылып, миллиардтаған табыс түсіп жатқан жерде көлік логистикасының да жұмыссыз қалмасы анық, – дейді «Қазфосфат» ЖШС Бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров.

Жалпы, Елбасының қай Жолдауын алсақ та онда Тұңғыш Президент  әлеуметтің әл-ауқатын арттыруды көксейді. Биылғы Жолдаудың да қазақстандықтардың табысын молайтып, тұрмыс сапасын жақсартуды мұрат еткені анық. Өмір сүру сапасын арттыру үшін алдымен елге жұмыс керек, жұмыс болуы үшін өндіріс, шағын және орта бизнес алға жылжымаса іс өнбейді. Қысқасы Жолдау жүктеген міндеттерді орындау аясында елдегі өндіріс көлемі артуы тиіс. Бұл – жүк тасымалы мен тауар айналымы көлемі артады деген сөз. Мұндай жағдайда көлік логистикасына, оның ішінде темір жол тасымалына тағы да күш түспек. Айталық, аймақтағы ең ірі химия алпауыты «Қазфосфат» ЖШС, цемент патшалығы атанып кеткен «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» да жылдын-жылға өнім түрлері мен көлемін көбейтіп келеді. Оның үстіне Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев соңғы Жолдауында «Экспортқа бағытталған индустрияландыру мәселесі экономикалық саясаттың негізгі элементі болуға тиіс. Үкімет өңдеу секторындағы экспорттаушыларға қолдау көрсетуге баса мән беруі қажет. Біздің сауда саясатымызда селқостық болмауға тиіс. Оған біздің тауарларымызды өңірлік және әлемдік нарықта ілгерілететін белсенді сипат дарыту керек», дей келе, «Бұл экспорттық әлеуетімізді жүзеге асыру тұрғысынан ғана емес, сондай-ақ ішкі нарықты отандық тауарлармен толтыру үшін де маңызды. Үкіметке өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдау мақсатымен алдағы 3 жылда қосымша 500 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Басымдығы бар жобаларға қолжетімді несие беру міндетін шешу үшін Ұлттық банкке кемінде 600 миллиард теңге көлемінде ұзақ мерзімге қаржы бөлуді тапсырамын», деп шегелеп айтқан еді. Осы басымдықтарға мән бере келе Президент бұл тапсырмасын көлік-логистикасы және басқа да қызмет көрсету секторларын ілгерілету жөніндегі жұмыстарды жандандыру керектігі жөніндегі жүктемесімен түйіндейді.

Ғасырлар бойығы жаугершілік заманды бастан кешірген Қазақ елі осы күнде кең-байтақ жерге иелік етіп қалды. Осы ұлан-ғайыр далаға жол жүргізіп, көлік қатынасын реттеу де оңай шаруа емес. Сондықтан, Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасында көзделген көлік логистикасын дамыту ісі орасан қаражат пен еңбекті, аса ауқымды жұмысты қажет етеді. Халық даналығында да «Елдің жайын білгің келсе, жолына қара» деген сөз бар. Ендеше, аймақ экономикасының бойына қан жүгірткен жамбылдық темір жол логистикасы да отандық индустрия күш алып келе жатқан шақта бүгінгі жетістігімен тоқатап қалмасы анық.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ

 

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *