«Не жеп өстің?»: бойы 2,4 метр сарбаз Таразда борышын өтеп жүр
Тараз қаласында әскери борышын өтеп жүрген сұңғақ бойлы сарбазға жұрт тамсана қарап, суретке түсіп жатады.
Ол Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5513 әскери бөлімінің сарбазы, қатардағы жауынгер Сергей Швецов. Астана қаласының салқын самалына арқа тосып өскен Сергей, бүгінде Тараздың аптап ыстығына да көндіккен.
Сұңғақ бойлы сарбаздың бойы 2 метр, 4 сантиметр. Сергейдің ата-анасы мен жалғыз інісінің бойы 1 метр 80 сантиметрден асады екен. Ол өзінен ұзын адамды әлі кездестірмегенін айтты.
«Отбасымызбен сұңғақ бойлымыз. Бірақ мен бәрінен ұзындаумын. Жұрт көбіне «Не жеп өстің? Сұңғақ бойыңның сыры неде?» деп сұрайды. Бой ұзартудың ешқандай сыры жоқ, мен де жұрт қатарлы қалыпты жағдайда өмір сүріп жүрмін. Тек Құдай осылай ерекше бой беріпті. Адамдармен қарым қатынасты бойына қарап жасамаймын. Әсіресе әскердегі досымның бойы кішкентай. Менің отырғаным – досымның тұрған сәтіндегі бойымен бірдей. Мен қасынан өткенде жұрт жапа тармағай қызықтап қарайтыны рас. Суретке де түсіріп алатындар бар», – дейді Сергей.