Нарша Қашағанұлы

04/10/20181min4460

1951 жылдың 1 сәуірінде Талас ауданына қарасты Ойық ауылында дүниеге келген. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, Талас ауданының Құрметті азаматы. Он жылдық мектепті бітірген соң алғашқы еңбек жолын туған ауылында әуелі мәдениет қызметкері, Ойық совхозы комсомол комитетінің хатшысы болып бастаған. 1970 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, арасында әскери борышын өтеп қайтады. Оқуды тәмамдағаннан соң Жамбыл облыстық Байзақ, Жамбыл аудандық газеттерінде әдеби қызметкер, аудармашы болып жұмыс істейді. Әр жылдары «Шапағат» газетінің бас редакторы, Талас аудандық әкімдігінде аудандық тіл басқармасының басшысы, Ұлт саясаты жөніндегі комитет төрағасы, Талас аудандық мәдениет басқармасының басшысы, аудандық өлкетану музейінің директоры секілді қызметтерді де абыроймен атқарды. Бірнеше аймақтық және республикалық жыр бәйгелерінің жүлдегері.

1998 жылы алғашқы «Өлеңге менің дағы бар таласым» атты жыр кітабы республикалық «Санат» баспасынан жарыққа шықты. Бұл жинаққа ақынның қазір әнші Асқар Жүнісбековтің орындауында елге кеңінен танымал болған «Хат жазып тұр» әнінің мәтіні енген. 1999 жылы аталмыш баспадан «Аманатқа адалдық» (Ә.Көпбергенмен бірге) атты сыр-сұхбат кітабы жарық көрген. Одан кейінгі жылдарда әртүрлі баспалардан «Жақсылық жаса адамға», «Туған ел тұлғалары» атты кітаптары басылып шықты. Көптеген эсселері, әдеби портреттер мен мақалалары республикалық басылымдарда жарияланған.

Нарша Қашағановтың шығармашылығындағы тарихи тұлғаларға арналған жырлар айшықты әрі ойлы шыққан. Әсіресе, Бөлтірік шешен, Есей би және Саурық батыр жайындағы жырлары, батыр Бауыржанға арнаған өлеңдері айрықша. Нарша ақын сонымен қатар Д.Қонаевпен жүздесіп, сөзін тыңдап, оған біраз жырларын арнаған. 2010 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша «Жазушы» баспасынан «Елде тұрам» атты жыр жинағы оқырманға жол тартты. Бірнеше мемлекеттік наградалармен марапатталған. 2013 жылы дүниеден озған.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *