Мұратхан Шүкеев: «Анам қызметтік көлігіме мінбей қойды»

 

Жамбыл облыстық «ARAІ» жастар газетінің таяуда шыққан номерінде Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев өз анасына деген сағыныш сезімін жеткізіпті. Басшылық қызметте жүрген азаматтың перзенттік толғанысы кім-кімді де бейжай қалдырмайтындығы сөзсіз.

«Менің анам Ұлмырза Юсупқызы Меркі ауданы  Кеңес ауылының тумасы. 1937 жылы ел басына күн туып, қиын қыстау кезеңде жарық дүние есігін ашыпты. Әкем Жүнісәлі Шүкеев болса,  1927 жылы дүниеге келген.  Ол өмірін ұстадық жолға арнап,  Кеңес ауылында шәкірт тәрбиелеген. Әкем отбасының жалғызы болғандықтан бар арманы ұрпағының санын көбейту болған.

Ерлі-зайыпты екеуінің тілегі қабыл болып, он перзент сүйді. Үш қыз, жеті ұл. Он баланың аралары екі жылдан. Алдыңғылары жоғары сыныпта оқысақ, кейінгілеріміз аузынан уыз сүттің табы кетпеген сәбилер еді. Ол кезде қазіргідей жағдай қайда? Үш қыз бір бөлмеде, жеті ұл бір бөлмеде қойындасып жатамыз. Анам жатар кезде көрпелерді ашып, «Бәрі түгел жатыр ма?» деп түгендейтін.

Әкем мен анамның айлығынан басқа, отбасымызға кіретін қосымша  табыс көзі жоқ. Он баланы асырау оңай емес. Біріміздің киімімізді біріміз киеміз. Анам үлкеніміздің ескісін кигізсе де, жағамызды кірлеткен емес. Тапқандарын он баланың аузына тосып, артылса үстімізге жабатын.

Анамыз бізді жастайынан еңбекке баулып өсірді. Ересектеріміз жазғы каникулда колхоздың жұмысына шығамыз. Қырман басында жүк көліктерінің үстінен бидай түсіреміз. Ауыр жұмыстардың көбі қол бейнетімен бітетін.

Менің  анам парасатты, өте ақылды әсіресе балаларына ерекше мейірімі төгілген адам болатын. Қолында барын ешкімнен аямайтын. Адамдарға жақсылық жасауға келгенде алдына жан салмайтыны есімде. Жоқ-жітікке көмектесіп, солардың қуанғанынан рахат табатын.

Он баланың керек-жарағы таусылған ба? Ішер ас, киер киімінен де бөлек,  басқа да керек-жарақ бар. Мен алтыншы сынып оқып жүргенімде «гармошкада» ойнайтынмын. Алайда мектептегі аспап өзіңдікі емес. Басыбайлы дүниең болғанына  не жетсін? Әлі есімде, мен сатып алам деген баянның бағасы 112 сом тұрды. Ол кезде кішкентай баланың ондай қымбат мүлікке қол жеткізуі өте қиын. Бір күні анам мені дүкенге  жетектеп барып, армандаған затымды алып берді. Сондағы қуанғаным, маған қарап көздерінен мейірім төгілген анамның жанары әрі жадымда. Анам сонда менің ғана емес, он баланың да осындай керегін бүтіндеп  жүргенін қазір ойласам қатты таңқаламын

Одан беріректе, қаратабан болып  жетілген біз ата жұртымыз Луговойға көшіп келдік. Аға, әпкем сондағы техникумда оқып, мен институтқа түстім. Қалған бауырларымның барлығы да жоғары білімді. Отбасындағы балалардың барлығы тете өскенімізбен, інім 1969 жылы інім 1-сыныпқа барды.  Мен ол кезде  оныншы сыныптамын. Бауырымды ертеңмен сабаққа жетектеп барамын. Үзіліс кезінде «пряник», «печенье» алып беріп қамқорлық жасаймын. Мұның бәрі әке-шешеміздің бізге берген тәрбиесінен, мейірімінен дарыған қасиет болатын. Алдыңғы арба қайда жүрсе, кейінгілері соған еретінін белгілі. Бір туған бауырлардың ұйымдасып, бауырмал болып өсуінің негізі тәрбиеде екенін осы  өмір тәжірибемнен  түйдім. Әйтпесе тәрбие,  иманы  жоқ адамдардың  бір қазаннан ас іше отырып,   бір-бірінен көз алартқанын осы күнде көріп жүрміз.

Институтты бітіріп, шаруаға араласқаннан бастап жоғары қызметтерде болдым. Жолым болды деуге келмес, пешенем шығар, 26 жасымда  комсомолдың хатшысы  қызметіне тағайындалдым. Ол кезде ауданның комсомол комитетінің бірінші хатшысы деген бүкіл ауданның жұмысына басшылық жасайтын. Менің қызметтегі бұл жетістігіме ата-анам қатты қуанды. Ел арасы болған соң, той-томалақ, өлім-жітім болмай тұрмайды. Сол кезде «Менің қызметтік көлігіммен барыңдар» деймін. Олар ат-тонын ала қашып, мінбейді. Ал мен болсам,  «олар  баласының су жаңа көлігімен жүріп, қуанып, еңбегінің өтелгенін сезініп, мейманасы тасыса» екен деп ғана ойлаймын.  Бір-екі мәрте жаяу кетіп бара жатқандарын көріп, ренжідім де. Кейіннен барып  түсіндік қой, олар менің атыма нұқсан келмесін, артымнан  сөз ермесін деп мені қорғаштап, қызметіме қауырсындай да салмақ салғысы келмегенін. Бүгінгі жасыммен пайымдап қарсам, ата-анамның сол әрекеті маған өмірлік сабақ болды.

Кейін келе аудан көлемінде біршама жауапты қызметтердің тізгінін ұстадым. Анама көрші, ағайындар «білдей бір аудан  әкімінің  орынбасарының шешесісіз, мына мәселелерді балаңа айтайықта, болмаса, сен айт» десе, «бармаймында, айтпаймын да» дейді екен. «Мәселесі болса өздері шешер, Үкімет ісіне араласпаймын» деп үзілді-кесілді қарсы болғанын сыртта жүріп   еститінмін. Расында  ол кісі өмірінде менің кеңсеме келіп  қолқа салған емес. Қосымша жүктеме артпайын дегені шығар, кім білсін?!

Анамның ауыл шаруашылық саласында қызмет атқарған екі інісі, нағашыларым маған мемлекеттік қызметтің жауапкершілігін үйретті. Бірі-агроном, бірі ветдәрігер еді. Сол саланың қызықты әңгімелерін айтып қанаттандырып, жұмыстың көзін тауып, тындыру жолдарын түсіндірді. Сол кісілердің ақыл-кеңестерінің арқасында  мен де агроном болуды мақсат тұтып, алға ұмтылдым. Құдай қолдап, еңбегім де жеміссіз болған жоқ.

Анам отбасында төрт ағайынды еді. Екі ұл, екі қыз. Кішкентай күнімде дімкәс, әлжуаз болсам керек, нағашыларым саумал беріп, сүйегімді қатайтыпты. Олардың маған, бауырларыма деген шексіз қамқорлықтарын екі дүниеде де ұмытпаспын!

Анам 72 жасында бақилық сапарға аттанды. Анаң қанша жасқа жетсе де қасымда жүрсе екен деп әрбір перзент армандайды ғой. Мен де кейде пенделікке салынып, анам әлі тірі болғанда   басқаша жағдай жасар ма едім, бұдан да көбірек көңіл бөлер ме едім деген ойлар келеді.

Анам өзінің әр перзентіне мән беріп отыратын. Әрқайсысын түгендеп, тіпті жасы келсе де үйлеріне қонақтап барып, аралап қайтатын. Бірде тұрмыстағы қызым босанып, немерелі болған кезім. Арқа-жарқа болып үйде қой сойып, етін қызыма беріп жіберіп жатсам, анам, «Балам-ау, ініңнің де қарны ашып жүр ғой» дегені бар ма. Шындығына келгенде  ол інімнің қарны ашып жүрген түгі жоқ. Жағдайы жақсы, отбасы бар. Бірақ, анам кенже балама да берсе, ол да осы үйдің етінен дәм  татса деген ниеті  ғой, шіркін.

Менің мінезім де, мығымдығым да анама тартқан. Ол кісі палуан еді. Сол кездерде еңбекақыға бидай алатын. Біз соны әр қапқа қаптап береміз, анам болса  кәдімгі 100 келілік бидай толы қапты көтеріп алып лақтыратын. Ол кезде жасы 40-42  шамасында. Тіпті, үйге шөп түсіретін кезде біз көмектесеміз, ал біз сабақта немесе басқа жақта болсақ түгел өзі жинап  тастайтын. Осы орайда мына бір оқиға есіме түсіп отыр. Бірде Луговойдың шеткі аймағында тұратын ағамның үйіне анам екеуміз бардық. Ол кез тыныш заман болған шығар, сыртқы есіктері өмірі құлыптанбайтын. Есесіне, ауласын күзетіп,  қабаған иті үнемі бос жүретін. Үйінде ешкім жоқ екен. Әлгі қабаған ит маған қарай жүгіріп келіп жабысып, шалбарымды жұлмалап жатыр. Қапелімді ештеңе ойламаған мен не істерімді білмей сілейіп тұрдым да қалдым. Сол кезде анам қолына айырды ала салып, итті түйреп лақтырып жіберіп, мені арашалап алды. Мен ол кезде қызмет жасап жүрген ересек жігітпін. Яғни, анаң үшін 40-қа, 50-ге  келсең де баласың деген осы екен.  Ана баласы үшін отқа да, суға да түседі. Тіпті жанын беруге дайын қасиет аналарға ғана тән  дер едім. Балаларын былай қойғанда немерелерін де қызғыштай қорғап, бәйек болып жүретін – осы ана.

Анам қара шаңырақта, кіші баласының қолында тұрды. Мен анамның қасымда, менің шаңырағымда тұрғанын қалайтынмын. Бірақ үйге келгенде көп болса 3-ақ күннен соң, киім-кешегін жинап, жұмыста кезімде қайтып кететін. Бұл өзінің қарашаңырағына деген адалдығы болса керек.

Анамның өз қолымен жасаған қуырдағы өте керемет болатын, әсіресе сүтке бұқтырылған тарысының дәмі аузымнан кетпейді. Дәл осы тағамдарды анамнан артық ешкім дайындай алмайтындай көрінеді.

Әттең, өмір. Тал бесікке түскен жер бесіктен қашып  құтыла алмайды. Десе де, анамды қатты сағындым!».

Айжан ӨЗБЕКОВА

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *


Бізбен байланыс

«ZAU.KZ» ақпарат агенттігі

Мекен-жайымыз: Жамбыл облысы, Тараз қаласы

Телефон: 8 771 399 43 63

Электронды пошта: zau.kz18@mail.ru