Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру: Жаңа жүйе жайлы ақпарат жұртқа толық жетті ме?

«Осы Заң азаматтардың денсаулығын сақтауға конституциялық құқықтарын іске асыру мақсатында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді». Бұл 2015 жылдың 16 қарашасында еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың қолы қойылып, қолданысқа енгізілген «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының кіріспе сөзі. Бұл медициналық сақтандыру жүйесінің іске асырылуы аталған заңдағы кейбір қайшылықтар мен халықтың дұрыс қабылдай алмай, түсініспеушіліктер туындағанының салдарынан 2020 жылдың 1 қаңтарына шегерілген еді. Енді міне, бір жарым айдан кейін жаңа жүйе іске қосылғалы тұр.

 ДАЙЫНДЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ОЙДАҒЫДАЙ

Жалпы жүйенің өзі, облыстың медицина саласы бұған қаншалықты дайын? Мемлекет тарапынан сақтандырылатын қанша адам анықталды? Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына осы күнге дейін қанша қаржы жиналды? Міне, осы сұрақтар күн өткен сайын көпшілікті көбірек мазалай бастағаны рас. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыс бойынша филиалы да міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесін енгізу мақсатында дайындық жұмыстарын, тиісті іс-шараларын барынша жүргізіп бағуда. Бұл ретте филиал директорының орынбасары Ғайни Аймағанбетовамен байланысып, көп жайдың анық-қанығына көз жеткіздік.

– Басқа да мемлекеттердің тәжірибелері зерттеліп, өз әлеуетіміз бен мүмкіндіктеріміз сараланды. Бірқатар дайындық жұмыстары жүргізілді және әлі де жүргізілуде. «Мемлекет қаншалықты дайын?» дегенге келетін болсақ, оны бір ғана сөзбен немесе санмен көрсету мүмкін емес. Бұл бағытта медициналық мекемелерде оқыту, жалпы халық арасында түсіндіру жұмыстары ауқымды жүргізіліп келеді. Сақтандыру жүйесін енгізу үшін, әрине, әр медициналық ұжымда медициналық ақпараттық жүйелер енгізуді қажет етеді. Бүгінгі күні ақпараттандыру жұмысы қарқынды жүргізіліп, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялықемес акционерлік қоғамы облыс бойынша филиалымен келісімшарт жасасқан 88 медициналық ұйымның 87-сі медициналық ақпараттандыру жүйесіне кірді, – дейді филиал директорының орынбасары.

Айта кетсек, мемлекет тарапынан сақтандырылатын адамдар саны да айқындалыпты. Қазіргі таңда олар 700 387 азаматты, яғни облыс тұрғындарының 60 пайыздан астамын құрайды.

ХАЛЫҚ ӘЛІ НЕНІ ТҮСІНБЕЙ ЖАТЫР?

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов жақында әкімдікте өткен бір жиында бұл жүйені халыққа әлі де түсіндіріп, ақпараттандыруды күшейту керектігін тапсырды. Сонда халық әлі нені түсінбей жатыр? Ақпараттандыру бағытында қандай жұмыстар жүргізіліп жатқаны, шыны керек, бізді де қызықтырып отыр.

Жүйенің облыста жүзеге асуына қазір облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев жетекшілік жасап, басы-қасында жүр. Негізі, сақтандыру жүйесінің өзі бірнеше мәрте өзгерді. Е.Дауылбаевтың айтуынша, қазір соңғы нұсқасы бойынша халықтың арасына ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуде.

– Облыс әкімінің жуырдағы ұсынысы бойынша ұялы байланыс операторларымен жұмыс істеп жатырмыз. Осы аптаның ішінде барлық азаматтарға SMS-хабарландырулар жолдануы тиіс. Денсаулық сақтау басқармасы дайындаған бейнероликке де көп ақпарат енгізілген. Әлі де болса сақтандырылмаған азаматтар бар. Әрине, бұл әркімнің өз еркіндегі мәселе. Бірақ азамат сақтандырылмаған күннің өзінде кез келген емхана немесе ауруханаға барып, сақтандыру базасынан қарап, өзінің мәртебесіне көз жеткізе алады. Егер сіз сақтандырылмаған болсаңыз, сол жердегі түсіндіру тобының мамандары жүйе бойынша тиісті ақпараттарын беріп, қаражатты сол сәтте-ақ кассаға төлетіп, шамамен жарты сағаттың көлемінде мәртебеңіз «сақтандырылған» болып шығады. Бұны халық дұрыс түсінуі керек. Бұл ел ішінде әлеуметтік шиеленісті болдырмау үшін жасалған дүние. Әрбір азамат өзінің денсаулығына немқұрайлы қарамауы керек. Біз ол бойынша министрлікке де азаматтың денсаулығына қарауы бойынша жауапкершілігін енгізу жөнінде ұсыныс бердік. Мәселен, кейбіреулер соңғы күнге дейін ауырып, болмаған соң емханаға келеді. Сосын бірнәрсе болса, дәрігерге кінә артады. Бұлай болмайды. Сол үшін екі жақтың да жауапкершілігін қатайтқанымыз жөн. Өзінің денсаулығына жаны ашымаған адам, меніңше, ешкімге жаны ашымайды. Сол себептен мұндай мәселе жауапкершілікті арттыру жолымен шешілгелі отыр, – дейді Е.Дауылбаев.

Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, жүйеге 51 миллиард теңге қаралған болса, осы уақытқа дейін 70 миллиардтай теңге түскен екен. Яғни қордағы қаржы көбейген. Қаржы толық жеткілікті.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыс бойынша филиалы директорының орынбасары Ғайни Аймағанбетова атқарылған жұмыстарға қарамастан, түсіндіру жұмыстары әрі қарай жалғасын таба беретінін жеткізді.

– Халық нені түсінбей жатыр десек, бұл біржақты қарайтын сұрақ емес. Мәселен, бүгінгі күні қымбат тұратын зеттеулер тек жекелеген санаттарға ғана тегін кепілдендірілген көлемде көрсетілсе, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық азаматтарға сақтандыру шеңберінде тегін көрсетілетін болады. Яғни осы уақытқа дейін көптеген азаматтар медициналық зерттеулерге қомақты қаржы төлеп келсе, ендігіде соның бір бөлігімен ғана консультативті-диагностикалық немесе оңалту көмегін ала алады. Бұл жағдайды көбінесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар түсінсе дейміз. Бірыңғай жиынтық төлем төлеу арқылы оның көлемі қала бойынша 2 525 теңгені, ауылдық тұрғындар үшін 1 263 теңгені құрайды. Аталған төлемді ай сайын төлеген жағдайда сақтандыру мәртебесіне ие болып, жан-жақты медициналық көмек алуға мүмкіншіліктері пайда болады, – дейді Ғайни Аймағанбетова.

ТҰРҒЫНДАРДЫҢ 80 ПАЙЫЗЫНЫҢ МӘРТЕБЕСІ ӨЗЕКТЕНДІРІЛДІ

Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан өз бетімен жұмыспен қамтылғандарды өзектендіру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде мәртебесі анықталмаған адамдар саны 2018 жылдың 1 қаңтарында 206 438 адам болса, 2019 жылдың қыркүйегіне дейін 164 756 адамның немесе 80 пайызының мәртебесі өзектендірілді. Қалған 41 682 азаматтың мәртебесін анықтау бойынша жұмыстар жалғасуда.

Сондай-ақ 2019 жылға облысқа арналған коммуникативтік жоспар және арнайы жол картасы бекітіліпті. Еліміз бойынша жүйе іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесі мен 2019 жылдың 30 қыркүйегі аралығында жұмыс берушілер мен жекеменшік кәсіпкерлерден міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға түскен жарнаның жалпы сомасы 214,4 миллиард теңгені құрапты.

– Біздің облыс бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 249 270 азаматтан 6 миллиард 221 миллион теңге қаржы жиналған. Жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады. Ол болашақта міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберіндегі қызметтердің ақысын төлеуге жұмсалады. Еліміздің бас банкімен қаржыны сенімгерлік басқару туралы келісім бекітілген, – дейді филиал директорының орынбасары Ғайни Аймағанбетова.

Келесі жылдан бастап дәрілер тегін беріледі. Бізден нақты қандай ауруларға дәрі тегін болатынын сұраған оқырмандар да бар. Қазіргі таңда амбулаториялық деңгейде емханаға тіркелген тұрғындар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 29 тамыздағы №666 бұйрығындағы тізімге сәйкес, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуде. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап осы бұйрыққа сай дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жалғаса бермек.

– Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде туберкулез, иммунитет тапшылығы вирусы (АИТВ) тудырған ауру, вирусты созылмалы гепатиттер және бауыр циррозы, қатерлі ісіктер, қантты диабет, психикалық бұзылулар мен мінез-құлықтың бұзылуы сынды көптеген әлеуметтік маңызы бар және жүрек-қантамыр аурулары, қан аурулары, тыныс алу жүйесінің аурулары, оның ішінде өкпенің созылмалы обструктивті өкпе ауруы және бронх демікпесі асқазан және он екі елі ішек жара ауруы, сүйек-бұлшық ет жүйесі мен дәнекер тіннің ауруы, қалқанша безі ауруы, эпилепсия және балалардың сал ауруы секілді созылмалы аурулармен ауыратын науқастар амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз етіледі, – дейді Ғ.Аймағанбетова.

Дәрігерлердің айтуынша, келесі жылдан бастап олардың жалақысы еліміздің денсаулық сақтау саласында қазіргі қолданыстағы «Damumed» сынды ақпараттық жүйе бойынша төленеді екен. Яғни қанша науқас қабылдағаны осы бағдарлама арқылы анықталатын көрінеді. Бірақ «Damumed» әлі толықтырылып жатқандықтан, кейінгі жаңартулардан кейін дәрігерлердің жеке кабинетіндегі көп мәлімет өшіп кеткен екен. Филиал директорының орынбасары Ғ.Аймағанбетовадан сұрап-білгенімізде ол: «Damumed» – медициналық ақпараттық жүйелердің бірі. Қай жүйені таңдау ол әр медициналық ұжымның құзырында. Облысымызда бірнеше медициналық ақпараттық жүйе қызмет көрсетеді. Барлық медициналық ұйымдардың көрсеткен медициналық көмектері келісім жасалған ақпараттық жүйеде тіркеледі, көрсетілген медициналық көмек сапасына мониторинг жасалады. Бұл қызметтің ақысын төлеуге негіз болады. Ал медициналық ұжымдар түскен қаржымен ары қарай заңнамаларға сәйкес төлемдер жасайды. Әрине, бірінші кезекте жалақы төленеді, – дейді.

Қалай болған күнде де біз медициналық қызмет алудың жаңа сатысына, яғни әлемдік тәжірибеде бар сақтандыру жүйесіне көшетініміз ақиқат. Түсіне білсек, бұл Үкіметке ғана керек нәрсе емес. Ең алдымен адамдардың денсаулығын неғұрлым жақсарту үшін, медициналық қызмет сапасын арттыру үшін қолға алынып жатқан үлкен бастама. Сондықтан халық әліптің артын бағып қарап отыра бермей, жүйенің сәтті жүзеге асуына мүдделілік танытуы тиіс.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, журналист

 

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *