Таңдаулы жаңалықтар:

Мақтаарал ауданында былтыр 86 мың шаршы метрге жуық баспана пайдалануға берілді

Мақтаарал ауданында өткен жылы құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 255%-ға артып, 15,4 миллиард теңгені құраған. Бір жылдың ішінде 86 мың шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне берілген. Ауданда 8 мектептің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, облыстық бюджет есебінен жалпы конкурстық құны 3 млрд. теңгеге 5 мектептің құрылыс жұмыстары басталды. Жергілікті бюджет есебінен 906 млн. теңгеге 2 мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Мақтаарал ауданы аумағында көпбалалы аз қамтылған 50 отбасыға 50 тұрғын үй сатып алуға былтыр республикалық бюджет есебінен 418 миллион теңге қаржы қаралып, толық игерілген. Алдағы уақытта аталған үйлер көпбалалы отбасыларға табысталады.
Сонымен қатар, аудан орталығы Мырзакент кентінде орталық кітапхана күрделі жөндеуден өтуде. Нысанның құрылысына 309 миллион теңге қаржы қарастырылды. Алдағы наурыз айында пайдалануға берілетін орталық кітапханада 50 мыңнан аса кітап қоры сақталады. Онда арнайы заманауи оқу залы мен оқу бөлмелері жұмыс істейді. Оқушылар үшін балалар кітапханасы да жеке қарастырылған. Мәдени нысанда түрлі ақын-жазушылардың, қаламгерлердің шығармашылық кешін өткізу мақсатында 200 орындық концерт залы ашылады.
Аудан орталығында құрылысы жүрген алып нысандардың бірі – Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадионы. Екі мыңнан аса көрерменге арналған нысанның құрылыс жұмыстарына 240 миллион теңге бөлінген. Стадион аумағында скейт воркаут тренажер алаңы, кіші футбол алаңшалары және волейбол, баскетбол алаңшалары ашылады.
Сондай-ақ, Мырзакент кентінде Даңқ аллеясының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. С.Қожанов көшесі бойындағы мәңгілік алау ескерткішін қайта құру үшін былтыр бюджеттен 137 миллион теңге қаржы қаралған.
Айта кетейік, өткен жылы Мақтааралда орын алған төтенше жағдайдан кейін 8 әлеуметтік нысанның құрылысы басталған болатын. Оның ішінде, Мырзакент кентінің жанынан бой көтерген жаңа мөлтек ауданда 400-ге жуық тұрғын үй салынып, бір мектеп, бір балабақша, бір дәрігерлік амбулатория мен полиция пунктінің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, Өргебас, Фирдауси ауылдарындағы мектептер ағымдағы жөндеуден өтіп, дәрігерлік амбулатория мен полициялық тірек пункттері салынуда.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі