Мақсатымыз-Ұлы даланың ұлттық құндылықтарын ұлықтау

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы өткен жылдың өзінде ел тұрғындарының үлкен қолдауына ие болды. Ұлт көшбасшысы аталған құжатта еліміздің түп тарихын зерттеу мен ұлттық мұрамызды әлемге әйгілеуге бағытталған ірі жобаларды атап өтті. Түсінгенге, бұл құжат Елбасының саясаттағы үлкен тәжірибесінің нәтижесі деуге болады. Елбасы бұған дейін «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтқанындай, кезекті мәрте ұлттық тарихымыздың әлемдік өркениеттегі орны мен салмағын бағамдауға шақырды. Мысалы, мақаланың «Түркі әлемінің генезисі» деп аталатын үшінші бөлімінде: «Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы». Бүгінгі қазақтың сайын даласынан әлемнің әр түкпіріне тараған түркі тектес тайпалар мен халықтар, басқа елдер мен өңірлердің тарихи үрдістеріне елеулі үлес қосты. Осыған байланысты, «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаны қолға алу қажет. Бұл жоба аясында 2019 жылы Астанада Түркологтардың дүниежүзілік конгресін және әртүрлі елдер музейлерінің экспозияцияларына ежелгі түркі жәдігерлері қойылатын Түркі халықтарына ортақ туындылардың бірыңғай онлайн кітапханасын ашу да маңызды» — деп атап көрсетті.

Елдің қамын күйттеген Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында әлемнің жеті кереметіндей саналатын ата бабамыздан келе жатқан жеті кереметті айшықтап жазып, көрсетіп отыр. Ұлы даладан жалғасын тапқан жеті қырды ұлықтаудың мән-маңызына тоқталып, айрықша көңіл бөлуді ұсынып отыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде жарияланған мақала өткенімізді сараламай, бүгінімізді болжау мүмкін емес екендігін дәлелмен көрсетіп берді. Ел болған соң, халық болған соң оның өзінше тағдыр-талайы, тарихы болатыны талассыз шындық. Қазақ елінің тарихы да сонау сансыз ықылымдар қойнауынан тамыр тартқан. Басқалар сияқты, біздің де ежелгі мемлекеттігіміз, қағанаттарымыз, ордаларымыз, хандықтарымыз болған. Елбасы мақаласындағы негізгі мақсат — бүгінгі буынға төл тарихымызды шашпай-төкпей жеткізу. Бабаларымыздың мықтылығын дәлелдегіміз келсе, аманатына адалдық танытып, Елбасының мақаласын бетке алып жұмыс жүргізуіміз қажет. Бұл бағытта қазірдің өзінде шалғай өңірлерде, аудандарда және ауылдарда көптеген дүниелер қолға алынып, жүзеге асырылып жатыр.

Мәселен, аталған мақаланы аудан аумағында жүзеге асыру мақсатында бүгінгі күнге дейін түрлі деңгейдегі 20 іс-шара өткізіліп, оған 700-ге жуық тұрғын қатысты. Сондай-ақ, олардың қатарында аудандағы мектеп оқушыларына атқа міну мәдениеті, ат әбзелдерін таныстыру, атбегілік кәсібі мен жалпы жылқы сипаты туралы мәдени, сауықтыру шаралары, түсіндіру жұмыстары сынды шараларды әр тоқсанда бір реттен өткізіп тұруды жоспарлаудамыз. Қазіргі кезде аудан орталығындағы аудандық музейдің құрылыс жұмыстары аяқталып, түгелдей қолданысқа берілуге аз қалды. Осыған байланысты, ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі аясында елді мекендерден экспонаттар жинау жұмыстары қолға алынуда. Бұдан бөлек, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын көптеген спорттық ойындарды да жаңғыртып, арнайы жүлделер тігілмек. Бұның бәрі де Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған мақсат-міндеттердің бір бөлшегі ғана. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жандандырып, бірқатар жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыратын боламыз.

 

Қайрат ДОСАЕВ,

Шу ауданының әкімі.

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *