Латын әліпбиіне көшу-қазақ тілінің жаңа белесі

Қазақ тілінің дамуы заман талабына сай өзгеріп отырғаны барлығымызға белгілі. Тарихқа сүйенетін болсақ, қазақ халқы өзге түркі халықтары сияқты IV-V ғасыр бойы араб жазуын пайдаланды. ХIХ ғасырдың екінші жартысынан бастап зиялылар, ағартушылар, қазақтың ұлттық жазба әдеби тілін қалыптастыру үшін оның дыбыстық жүйесін толық бере алатын жаңа алфавит қабылдауды не осы жазуды жетілдіруді көздей бастады. Алфавит адамзат тарихындағы құнды дүниелердің бірі ретінде келер ұрпаққа мирас болып қалатын байлығымыз болып табылады. 2018 жылдың 19 ақпанында Елбасының №637 Жарлығымен латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі бекітілді.

Тұңғыш Президент-Елбасы   Н.Ә.Назарбаев өзінің мақаласында таяу жылдардағы міндеттердің бірі – қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру екендігін атап өткен болатын. Қазіргі кезде латын әліпбиіне көшу мәселесіне қатысты ел арасындағы айтылып жатқан пікірлерді негізінен екі топқа бөліп қарауға болады: оның біріншісі, неше түрлі қиындықтар мен кедергілерді көрсетсе, екінші біреулері, латын жазуының түрлі ақпарат кеңістігіндегі артықшылықтарын алға тартады. Латын әліпбиіне көшу туралы тіл мамандарының да көзқарастары екі түрлі екенін байқаймыз. Оның бірі әліпбиге, негізінен ана тіліміздің төл дыбыстарын алу арқылы қазақ тілінің табиғи ұлттық болмысын сақтауға ұмтылса, екіншісі, қазақ тілі әліпбиінің құрамындағы кейбір жат дыбыстардың артықшылығын тілге тиек етеді.

Латын әліпбиіне көшу – ана тіліміздің әлем деңгейіндегі ғылым мен білімге кіруін, әлем қазақтарының рухани тұтастығын қамтамасыз ететін нақты қадамның бірі. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында 2025 жылдан Үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауды тапсырып, уақыт ұттырмайтын бұл жұмысты қазірден бастап қолға алу қажеттігін атап өтті. Демек, көп ұзамай тәуелсіз еліміздің латын әліпбиіне көшетіні айқындалады. Әрине, бүгінгі ақпарат заманында латын әліпбиін қолдану – озық техника мен компьютер тілін меңгеруге жол ашады, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтеді. Қазақстан Республикасы әлемдегі дамыған мемлекеттердің көшінен қалмау үшін латын алфавитін үйренуі, меңгеруі, оқытуы және сол алфавитте жазуға көшуге қадам жасауы заман талабынан туындап отыр.

Жаңатас қалалық балалар өнер мектебінің ұстаздары латын әліпбиіне көшуді қолдап, көштен қалмай меңгеруге қашан да дайын екенін алға тартады. Бірақ, қосымша білім беру мекемелеріне біз секілді өнер мектептеріне латын қарпін сауатты жазатын, оқитын мұғалімдер, мамандар аса қажет. Ал әдістемелік жұмыстары мектебімізде қазақ тілін латын әліпбиіне кезең-кезеңмен көшіруге арналған жоспарға сәйкес жүзеге асырылатын болады. Латын әліпбиіне көшу – еліміздің білім, мәдениет, өнер, салаларының дамуына үлес қосатынына, ұлт ретінде дамуымызға жол ашатынына және қазақ тілінің жаңа белесі болатынына кәміл сенеміз!

Айнұр Ахметова, Жаңатас қалалық балалар өнер мектебі директорының тәрбие жұмыс орынбасары

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *