Қызықтың «көкесі» — қызылша шаруашылығында

Жер шары тұрғындарының саны жыл өткен сайын көбейіп, азық-түлікке деген сұраныстың артуы ауыл шаруашылығына жаңаша бетбұрыс жасауды талап етіп отыр. Қазіргі таңда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі әлем бойынша алдыңғы кезекке шығып, барша адамзатты ерекше толғандыратын түйткілге  айналды.

Осы орайда Елбасы ХХІ ғасырдың он жаһандық сын-қатеріне азық-түлік қауіпсіздігін жатқызғаны мәлім. Демографтардың болжамы бойынша, жер бетін мекендейтін халықтың саны 2050 жылға таман 9 миллиардқа жететін болса, ахуалдың тіптен күрделене түсері анық. Өйткені, бүгінде 7 миллиардқа жуық тұрғынның 1 миллиардтан астамы тоя тамақ ішпейтіндіктен ашқұрсақ жүреді екен. Сондықтан, алдағы 30 жылдың ішінде өнім өндіру көлемін арттыру міндеті тұр. Бұл тұрғыдан алғанда, Президент атап көрсеткендей, Қазақстанның мүмкіндігі мол. Жеріміз кең, асты-үсті қазба байлықтарға толы.

Дегенмен, әзірге әлеуетімізді толық пайдаланып жатырмыз деп айта алмаймыз. Себебі, агросалаға ғылым жаңалықтарды енгізу, өндіріспен ұштастыру, заманауи техникалармен жарақтандыру жағы әлі де кемшін түсіп жатқаны жасырын емес. Әрине, бұл саладағы жұмыстарды жандандыру үшін ұзақ уақыт керек екендігі даусыз. Бір қуантатыны, әрі ең маңыздысы сең қозғалып, бүгінгі таңда елімізде агросаланы ғылыммен ұштастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл тұрғыда Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына арнаған биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының үшінші бағытында: «Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек. Біз егін егіп, дәнді дақылдарды өсіруді үйрендік. Оны мақтан тұтамыз. Алайда, қазір ол жеткіліксіз. Шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығуымыз қажет. Бұл мәселені шешуге барлық аграрлық кешеннің түбегейлі бет бұруы маңызды. Аграрлық ғылымды дамыту мәселесі басты назарда болуға тиіс» деп сала мамандарының алдына үлкен міндет қойды.

Яғни, Елбасымыз агросала мен ғылымды ұштастыру, ғылыми жетістіктерді коммерцияландыру секілді мәселелерге қол жеткізбейінше ілгері басуымыздың қиын екенін шегелеп айтып, түйткілдің түйінін тарқатудың тиімді жолдарын ұсынды. Себебі, шынымен-ақ ғылым жаңалықтарын пайдалану арқылы ғана белгілі нәтижеге қол жеткізе аларымыз анық.

Ал, бұл орайда Мемлекет басшысы өзінің жаңа Жолдауында ауыл шаруашылығын ғылыммен байланыстыра отырып дамытуда ең алдымен аграрлық университеттердің рөлін қайта қарау керектігіне, жоғары оқу орындары диплом беріп қана қоймай, ауыл шаруашылығы кешенінде нақты жұмыс істейтін немесе ғылыммен айналысатын мамандарды дайындау қажеттігіне ерекше тоқталды. Осылайша, Елбасы үлкен жауапкершілік жүгін арта отырып, тиісінше тығырықтан шығудың жолдарын да атап-атап көрсетіп берді.

Осы орайда, оңтүстік өңірдегі  іргелі оқу орындарының бірегейі М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Мелиорация және агрономия» кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Қыдырәлі Мұсабековпен бүгінгі тақырып төңірегінде пікір алмасқан едік.

Еңбек жолын аталған оқу ордасында бастап, ұзақ жылдар бойы табан аудармай қызмет  етіп келе жатқан ұлағатты ұстаз өз сөзінде Елбасымыздың жыл сайынғы дәстүрлі  Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына айрықша көңіл бөлуі салаға үлкен серпін беріп жатқанын тілге тиек етті.

–Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласына ерекше назар аударып отырғандықтан, саладағы бірқатар күрделі мәселелер көп ұзамай оң шешімін табады деп сенемін. Мәселен, қазіргі таңда М. Х Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті үш мамандық бойынша ауыл шаруашылығы саласының мамандарын даярлайды. Өкінішке қарай,  бітірушілеріміздің басым бөлігі өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналаса алмай жүр. Себебі, бұрынғы ірі шаруашылықтардың барлығы тарап, жеке қожалықтар ашылды. Ал, шағын  шаруашылықтардың агроном немесе гидротехник ұстауға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан да, түлектеріміз сұранысқа ие болмай қалды.  Елбасымыздың былтырғы Жолдауынан кейін еліміздің әр аймағында ұсақ шаруашылықтар бірігіп, кооперативтер құрылып жатқанынан барлығымыз хабардармыз. Ал, бұл қадам саладағы жұмыссыздық мәселесін шешетініне үмітіміз зор.

Сондай-ақ, Ұлт көшбасшысы биылғы Жолдауында агросаланы ғылыммен байланыстыру мәселесіне тоқталып, ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын білім ошақтарының алдына үлкен міндет қойды. Артылған жауапкершілік жүгі салмақты.

Бүгінгі таңда оқу орнында ауыл шаруашылығы саласына білікті мамандар даярлау мақсатында үш зертхана жұмыс жасайды. Сонымен қатар,  бірнеше жыл бұрын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, студенттердің сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалды. Өндірістік тәжірибеден де оқу ордасында өтеді. Бірнеше жылдан бері интенсивті алма бағын егу жұмыстары кең көлемде қолға алынды. Аумағы екі гектарды құрайтын бақта жаңа технологиямен Польшадан әкелінген сұранысқа ие алма тұқымын өсіріп жатырмыз. Студенттер тек теориялық түрде білім алып қоймай, тәжірибе жүзінде де шыңдала алады. Яғни, алдағы уақытта жастар  ауыл шаруашылығын ғылыммен байланыстыру жұмыстарына сүбелі үлес қосады деп сендіргім келеді,–дейді Қ. Мұсабеков.

Сондай-ақ, ғалым ғылым жаңалықтарын енгізу арқылы ауыл шаруашылығы өндірісін дамытатын білікті мамандарды даярлау да күн тәртібінен түспеуге тиіс екенін атап өтті. Бұл бағытта да елімізде бас бармақпен бағаларлықтай тындырымды тірліктердің жүргізіліп жатқаны сіз бен бізге жақсы мәлім. Бүгін қолға алынған баянды бастамалар өз кәсібіне шын берілген жас мамандардың атсалысуымен жандана беретініне нық сенімдіміз.

Ал, Жамбыл облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Көкеев агросаланы ғылыммен байланыстыру жұмыстары облысымызда әлдеқашан қолға алынғанын, қазірдің өзінде белгілі нәтижелерге қол жеткізілгенін айтады.

–Бүгінгі таңда алдымызға агросекторды ғылыми негізде дамыту міндеті қойылды. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ауыл шаруашылығын, әсіресе ауылшаруашылық өніміне өсіп отырған жаһандық сұраныс жағдайында ауқымды жаңғырту қажеттігіне айрықша тоқталды. Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді орындау мақсатында облысымызда айтарлықтар жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, ақ егіс дақылдары бойынша айтар болсақ, қазіргі таңда алуан түрлі сұрыптар шығарылып жатыр. Өнімділігі өте жоғары сұрыптарды  облысымызға енгізу мәселесі бойынша Алматы қаласындағы Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен бірлесе жұмыс жүргізудеміз. Одан бөлек, ауа райының түрлі өзгерістеріне байланысты алдағы уақытта күздік арпаның егіс алқабын көбейтуді мақсат етіп отырмыз. Ғылыми негізге сүйене отырып жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде облысымызда күздік бидайдың алты қырлы «Жалғас» атты сұрпын шығардық. Дәнді дақылдың  бұл жаңа сұрпының өнімділігі гектарына 60 центнерге дейін жетеді. Нәтижесінде соңғы жылдары күздік бидайдан мол өнім алып жатырмыз.

Сонымен қатар, бүгінде елімізде қант қызылшасының егістік көлемін ұлғайтып, ішкі нарықты өз өнімімізбен қамтамасыз ету де өзекті мәселе болып тұр. Ал, қант қызылшасының өнімділігі ең алдымен тұқымға байланысты екендігі айтпаса да түсінікті. Қант қызылшасының тұқым шаруашылығы кенже қалып келе жатқаны рас.  Мәселен, қазіргі таңда жыл сайын егілетін қант қызылшасы тұқымының 100 пайызы Франциядан сатып алынады. Яғни, біз миллиондаған қаржыны сол елдің  экономикасына құйып жатырмыз десек те болады. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен тығыз байланыста жұмыс істеп, қант қызылшасының мол өнім беретін «Тараз» буданын шығардық.  Осы будан арқылы болашақта тұқым шаруашылығын жандандыруды көздеп отырмыз.  Аталған буданды облысымызға енгізу жұмыстары биылдан бастап іске асырылатын болады. Біз мұндай нәтижелерге ғылым жетістіктерін  тиімді үйлестіре отырып қол жеткіздік. Сондай-ақ, облысымызда қант қызылшасын өндіретін цех ашсақ деген жоспарымыз бар. Бұл бағытта да тиісті жұмыстар жасалып жатыр,–дейді Е. Көкеев.

Сонымен қатар, Ерлан Елібайұлы алдағы уақытта экспортталатын ет өнімдерінің көлемін ұлғайту мақсатында бірқатар шаралар  жоспарланып отырғанын тілге тиек етті.   Біз ғылымның соңғы жетістіктерін, отандық ғалымдардың инновациялық жаңалықтарын жүйелі түрде енгізе отырып жұмыс істеуде Жамбыл облысының өзгелерге үлгі болып келе жатқандығына көз жеткіздік.

Алдағы уақытта да өңірімізде ауыл шаруашылық саласын жаңғырту, аграрлық ғылым мен өндіріс интеграциясын дамыту,  агроөнеркәсіптік кешенде бәсекеге қабілетті, экспортқа бағытталған өнімдер көлемін арттыру, еліміздегі тағам қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы  жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге аса бермек.

Талғат НҰРХАНОВ

Пікір қалдыру

Your email address will not be published. Required fields are marked *