Құмай тазы тұқымы құрып барады

Ұлт жанашырлары қазақы құмай тазылардың қатары жыл өткен сайын кеміп келетіндігін айтуда. Тіпті, құрып кету қаупінің жоқ еместігін де жасырмайды. Шындығы сол, тазыны дәстүрлі ас жиын-тойларда, Наурыз мейрамындағы арнайы көрмелерден ғана тамашалайтын күнге жеттік.

Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауыл-аймақтардың өзінде қазір құмайды ілуде біреу ғана ұстайды. Оның орнын тұрқы бөлек, тұқымы басқа иттер басқан. Бұның түпкі себебі неде? Осы мәселе туралы ұлт мүддесін ұлықтап жүрген жамбылдық, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, профессор Қайрат Байжанов бізбен өз пікірімен бөліскен еді.

-Қазақтың құмай тазысы азайып барады, сондықтан бұл мәселе қоғам назарында болғаны жөн. Дәл қазіргі кезде мемлекеттік тіркеуге алынғаны бар болғаны 500-ге жуық екен. Тазы тұқымының сиреуіне- қазақ жеріне қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің қолда ұстап, асыраған иттерімен будандасып, дүрегейленіп кетуі себеп болуда. Бұл — тазы генофондының бұзылып, өзіндік қасиеттерінің жойылуына әкеліп соққан бірден-бір фактор. Ресей ғалымы Аркадий Слудскийдің зерттеуіне сүйенсек, ертеректе қазақ жерінде 10 мыңнан аса тазы тұқымдас ит болған екен,-дейді Қайрат Балабиұлы.

Асылы, құмайдың ерекше белгілері күшік кезінен байқалса керек. Бұл жөнінде жазушы Мұхтар Мағауин «Тазының өлімі» атты шығармасында тарқатып айтады. Онда құмай тазының күшік  кезіндегі сипаты: «Кеуделі екен, ұзаққа шабар. Қысқа мойын, әрі шықшытты, езулі көрінеді, қайратсыз да болмас. Артқы аяғы да келісті, маймақ біткен — жүйріктіктің белгісі», ал өсе келе «Шодыр төбелі басына түйе жапырақтай жалпақ, ұзын шашақты құлақтары әсем кейіп беріп тұр» деп, суреттеледі. Сонымен қатар, сол туындыда желден жүйрік, қуғанын иесіне қайырып алып келетін қасиетке ие тазының ертертекте бір ауыл жұртын ашаршылықтан аман алып қалғаны жайында да сөз болған.

Қайрат мырза тазының табиғи жаратылысына да ғылыми негіз беріп, тарқатып айтып берді.

-Алдында айтқанымдай, қазір Қазақстанда таза қанды тазы тұқымдасы тым аз. Қазіргі қолымыздағысының өзі қырғыз елінің тайған итімен будандасып кеткен. Ал екі иттің айырмашылығы өте көп. Мысалға, қазақы құмай тазы үй қоритын ит емес. Ол адам баласына үрмейді. Тек саятшылыққа бейім. Сосын із кесушілік, иісшілдік қасиеті тіптен жоғары. Ал қырғыздың тайғанында мұндай қасиеттер кездеспейді.

Өзім құмай тазыға құмартамын. Қызығушылығым өмірлік хоббиіме айналды. Биология саласының маманы ретінде, тазы тұқымдасының санын еселеп өсіргім келеді. Мұны ғылымда селекция деп атайды. Бүгінгі таңда төрт бірдей таза қанды құмай ұстаймын. Оларға анау айтқандай көп күтімнің қажеті жоқ. Кәдуілгі үй жануары. Құмай басқа иттерге қарағанда өте таза, иесіне адал. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген мақал тазыға қарата айтылмағаны анық. Оның кербездігі мен біртоға мінезі көкжалға қарсы шығудан тайсалмайды. Кейде уақыт тауып, тазыларымды ертіп саятшылық құрып, аңға шығамын. Мұндайда құмайдың қасиетін барынша тани түскендей боласың, — деп сөз түйеді саятшы.

Иә, ғасырлар бойы халқымызбен жасасып, жорғадай жүйріктігімен, қырандай қырағылығымен ерекшеленген тазының қазақ даласында азайып бара жатқаны жанға батады. Дегенмен, соңғы жылдары тазы тұқымын көбейту мемлекет тарапынан қолға алынып, назар аударыла бастағаны көңілге медеу. Қазір халықаралық тізімге қазақ итін жеке түр ретінде енгізу үшін оның стандарттары белгіленді. Онда құмайдың сипаты мен өлшемі анық келтірілген. Сөйтіп, оны өзгелер иемденіп кетпеуі үшін алдын алдық. Енді тез арада жеті қазынамыздың бірін жоғалтып алмауды, тұқымын көбейтіп, санын арттыруды жолға қою қажет. Ол үшін Қайрат Балабиұлы сынды ұлт мүддесін көздеген азаматтардың бастамасына мемлекет тарапынан тиісінше қолдау көрсетілуі тиіс.

                                                                                                                                                                                                                                    Нұрсұлтан РАХЫМБАЙ, Жамбыл облысы


Бізбен байланыс

«ZAU.KZ» ақпарат агенттігі

Мекен-жайымыз: Жамбыл облысы, Тараз қаласы

Телефон: 8 771 399 43 63

Электронды пошта: zau.kz18@mail.ru