Таңдаулы жаңалықтар:

Қордайлық «Жасыл ел» жасақтарының тыңдырған тірлігі ауқымды

Жастар саясатын іске асырудың негізгі міндеттерінің бірі — жас адамдардың өнегелік және рухани дамуын қалыптастыру, оларды патриотизмге тәрбиелеу, ішкі саяси тұрақтылықты нығайту болып табылады.  Аталған міндеттерді іске асыру үшін республика бойынша жастарды патриоттық тәрбиелеу іс-шаралары да әзірленген. Солардың бірі  «Жасыл ел» бағдарламасы. 

«Жасыл ел» бағдарламасының негiзi тұңғыш президент Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан экономикалық, әлеуметтiк және саяси жедел жаңару жолында» Жолдауы бойынша қаланған болатын. Нәтижесінде 2005 жылы Астана қаласында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының республикалық штабы құрылып, елiмiздiң барлық облыстарында филиалдары ашылған еді.   Міне, сол кезден бастап Елбасының бастауымен  Қазақстан Республикасында «Жасыл Ел» бағдарламасы кең етек алды.

Жалпы, бағдарламаның негiзгi мақсаты – жастардың күшiмен елiмiздi көгалдандыру, елді-мекен айналасын жасыл ағаштармен көмкеру, көркейту, сонымен қатар жастардың Отанға, жерге, табиғатқа деген махаббатын, патриоттық сезiмiн ояту.  Ең бастысы – жылына қаншама жастарды осы істерге тарта отырып,  олардың арасындағы жұмыссыздықты төмендету.

Аталмыш бағдарламаны жүзеге асыру барысы бүгінгі күнде Қордай  ауданында жүйелі түрде қолға алынды. 2021 жылы аталмыш бағдарлама бойынша ауданымызда 30 жас жұмыс атқарып жатыр.  Бұл көрсеткен сандық көрсеткіштеріміз, ауданымыз бойынша  жастар  жұмыспен қамтылып, бүгінгі таңда жастарымыз қоршаған ортаның тазалығына өз септіктерін тигізуде.

Осы  бағдарлама аясында жұмыс атқарып отырған ж астарымыз бүгінгі күнде ауылында Ұлы Отан Соғыс ардагері, жалғыз басты қарттардың үйінің ауласын тазалау жұмыстарын жүргізіп, қоқыстан тазартуда. Қураған ағаштарды кесіп, ағаштарды әктеп, киелі жерлерде тазалық жұмыстарын жүргізіп, ауданымыздағы саябақтарды да қоқыстан тазарту сияқты игілікті жұмыс атқару барысында үлкен белсенділік көрсету үстінде.

Жасыл ел жасақшыларының ұйымдастыруымен бүгінгі күнде ауылдарда көптеген акциялар, қамқорлық шаралары өткізілуде. Атап айтар болсақ ауылдарда қарттарға көмектесу мақсатында «Ардагерлерді ардақтайық!» акциясы, ауыл тазалығына еңбек жасындағы кісілерді тарту мақсатында «Еңбек түбі – береке» атты, саябақтарды көркейту мақсатында «Таза парктер» тақырыбында акция ұйымдастырылып өткізілді. Қариялардың батасын алып қамқорлық көрсеткен жастарымыз, өз ауылдарының тазалығына белсенділік танытуда.

 

Гүлжазира ДЕМЕУОВА,

Ұйымдастыру және бақылау бөлімінің жастар ісі жөніндегі инспекторы