Таңдаулы жаңалықтар:

Қордайлық жастар кәсіпкерліктің қыр-сырын белсенді меңгеруде

Қордай ауданының жастары «Жас келсе – іске» деген тағылымды тәмсілді тұмар етіп тағынып, өз кәсіптерін бастап, нәсіптерін адалынан теруде. Оған «Бейбітшілік және келісім» жобасы аясында ауданға келген «Ақпараттық түсіндіру» тобының мүшелері, Жамбыл облысы әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Берікқожа Серікбол Қайратұлы және облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Таутен Айбек Қанатұлы да тереңірек көз жеткізді.

Топ мүшелері Жамбыл ауылдық округінің жастарымен сұхбаттасып, мемлекеттік бағдарламалар жайында түсіндіріп, ауыл жастарының ұсыныстарын назарға алды. Мемлекеттік грант ұтып алған жас кәсіпкерге қолдау білдіріп, құмблок шығаратын жас кәсіпкер Мақашев» жеке кәсіпкерлігінің иесімен кездесу өткізді. Сонымен қатар, Жаңатұрмыс ауылдық округінде  жастарымен асарлатып салынған үйлерді аралады.

Қордай ауылдық округіндегі бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығы және  5 қабатты үйлердің құрылысымен танысты. Қордай ауданының жас кәсіпкері, мемлекеттік грант иегері «Тимур Bаkerу» -дың кәсібімен таныс болды.

Бұдан соң «Қордай» кеден бекетінде жүргізілген  күрделі жөндеу жұмыстарынан кейінгі өзгерістер мен жаңашылдықтарымен танысты.

Еске сала кетсек,  «Бейбітшілік және келісім» жобасының мақсаты – қоғамдық-саяси ахуалдың мониторингілеу, жергілікті халықты толғандыратын өзекті мәселелерді анықтау және шешу болып табылады. Өткен жылы «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында ауданда 618 іс-шара ұйымдастырылып, оған 15481 адам қамтылған болатын. Нәтижесінде жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 23 адам қайтарымсыз грантпен қамтамасыз етілді, 24 адам «Еңбек» бағдарламасы аясында жұмысқа тартылды, 44 адам тұрақты жұмысқа орналасты, 6 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды, 4 адам шағын несиемен қамтылды және 516 адамға стационарлық амбулаториялық ем көрсетілді.