Таңдаулы жаңалықтар:

Қордайлық өнерлі жастар сынға түсті

Қордай ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі және Қордай аудандық мәдениет үйімен бірлесе отырып Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Мен — Отанымның патриотымын!» атты аудандық жастар арасында патриоттық ән байқауын ұйымдастырып өткізді. Байқау барысында барлық карантиндік талаптар қатаң сақталды.

Игі шараға оннан аса үміткер қатысып, өздерін өнерлерін ортаға салып, барынша бақ сынасты. Бабы келгендер көпшіліктің қошеметіне бөленсе, енді бірі тамаша талантымен талайдың таңдайын қақтырды. Әтттеген-ай, деп тосылып жатқандар жоқ емес. Десе де, өнерлі жастардың әуезді әндері көптің көңілінен шығып, құлақ құрышын қандырды.

«Халықтың рухын көтеріп, азаматтық белсенділігін арттыруда патриоттық бағыттағы әндердің маңызы зор. Сондықтан бұл байқауды өткізудегі  мақсатымыз өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезім қалыптастырып, Отанға деген құрметті күшейту, өнерлі тәрбиешілерді анықтап, сахна өнеріне баулу»,-деді ұйымдастырушылардың белді өкілдері.

«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, үздік орындаушыны анықтауда әншінің туындыны жеткізуі, сахналық образы мен әнді сүйемелдеуіне ерекше мән берілді. Екі кезеңді артқа тастаған соң қазылар алқасы үздіктерді анықтады. Байқау жеңімпаздары «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің бағалы сыйлықтарымен және диплом, алғыс хаттарымен марапатталды.