Таңдаулы жаңалықтар:

Қордайлық ерікті жастар қарияға қолғабыс білдірді

Жамбыл облысы Қордай ауданының жастары қайырымдылыққа барынша ден қойып, игі істерге тұрақты түрде атсалысып келеді. Соның бір дәлелелі жуырда ғана қордайлық жастардың аға буын өкіліне тигізген қолкөмегі десек қателеспейміз.

Нақтырақ айтқанда, ағымдағы жылы сәуір айының соңында Қордай ауданы  әкімдігі ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің және «Қордай» гуманитарлық-экономикалық колледжының ұйымдастыруымен,  Қордай ауданының Құрметті Азаматы  Молдахалықов Шапен атаға ерікті жастар арнайы барып көмек көрсетіп, қолғабыс білдірді. Бұл шара Қазақстан Республикасының  Тәуелсіздігінің  30 жылдығына орай «30 игі іс» қайырымдылық акциясы  аясында өткенін айта кеткен абзал.

«Мейірімділік – жүректен, Мейірімсіздік – білектен» — деген тәмсілді терең түйсінген жалынды ерікті жастар ақсақалдың үйінің ауласына тазалық жұмыстарын жүргізіп, қоқыстарын тазартып, үй шаруасына барынша  жәрдемдесті.

«Батаменен – ел көгерер»,-демекші өз кезегінде Шапен Молдахалықов ақсақал да жақсылыққа жаны құмар жастарған ақ батасын жолдап,  ыстық ықыласын білдірді.

— Қазір елдің бәрі жастар бұзылған, жастар жаман дегенді көп айтады. Өз басым бұл пікірмен келіспеймін. Қазір жалынды, білімді, тәрбиелі жастар көп. Тек оларды әрдайы бағыттап, ұйыстырып отыру керек. Бүгін маған қолғабыс білдірген жастар да өте көргенді өрендер. Бұларға тек жақсылық тілеймін. Осыған бас-көз боп ұйымдастырып жүргендерге ризашылығымды білдіргім келеді, -деді қария.