Таңдаулы жаңалықтар:

Қордайдағы ауыл жастарының алар асулары алда

«Бейбітшілік және келісім» жобасы аясында «Ақпараттық түсіндіру» тобының мүшелері, Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Берікқожа Серікбол Қайратұлы және облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры Таутен Айбек Қанатұлы Қаракемер және Сортөбе ауылдық округінің жастарымен арнайы кездесіп,  мемлекеттік бағдарламалар аясында ақпараттандыру бойынша жиналысқа қатысты.

Қаракемер ауылдық округінің жастарымен асарлатып салынған үйлерді аралап көрді. Жоба аясындағы топ мүшелері ауыл жастарының мұндай игі іске атсалысуы – олардың бойындағы ізгілік, қайырымдылық қасиеттерінің белгісі екенін атап өтті.

Сондай-ақ, алдағы уақытта да осылайша мұқтаж жандарға қол ұшын созуды әдетке айналдыруға шақырды. Бұдан соң қонақтар   ауылдың спорт кешенінде өткен «Спорт – денсаулық кепілі» атты ауыл жастары арасындағы кіші футбол ойынына қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі.  Басқарма басшысы спорт – жастарды шымыр болуға және уақыттарын тиімді пайдалануға үндейтінін баса айтып, Қордай ауданындағы ауыл жастарының алар асуы алда деген сенім білдірді.

Сонымен қатар, топ мүшелері Сортөбе ауылдық округіндегі балық шаруашылығымен айналысатын «KORDAY Fish» ЖШС-нің жұмысымен танысты.

Айта кетейік, ұлтаралық татулық пен келісімді нығайтуға бағытталған «Бейбітшілік пен келісім жобасы» өткен жылы Жамбыл облысының аумағында басталғаны белгілі. Тікелей Президенттің тапсырмасымен қолға алынған бұл жобаның нәтижелі орындалуына  обблыс әкімі Бердібек Сапарбаев та үлкен көңіл бөліп отыр.