Таңдаулы жаңалықтар:

Қордайдағы «Алмарасанның» алар асуы алда

Қордай ауылдық округінен орын тепкен Николай Сидоренко басқаратын «Алмарасан» шаруа қожалығы 2004 жылы құрылған. Бүгінде егін және мал шаруашылығын жүргізуде тәжірибесі мол Николай Михайлович қолға алған кәсібін сәтті дөңгелетіп келеді.

Қазіргі таңда шаруа қожалығында 300 бас мүйізді қара мал бордақыланып, сүт және ет бағытында байланып отырған 180 бас сиыр бар. Мұнымен қоса агроқұрылымның тамшылатып суғару технологиясы орнатылған жеміс бақтары, дәнді дақыл алқаптары мен қажетті техникасы тағы бар. Жуырда шаруа қожалығы мемлекеттік қолдаудың арқасында лизингіге сусорғы мен дизельдік қозғауышы бар жаңбырлатып суғару қондырғысын алған.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудан кәсіпкерлеріне аталмыш жаңбырлатып суғару қондырғысын сатып алуды арнайы құрылған чат арқылы ұсынды. Біз біраз ойланып, қондырғыны аламыз деген шешімге келдік», — дейді шаруа қожалығының басшысы.

Жалпы айта кетейік, аудандағы ауыл шаруашылық өнімдерінің жалпы көлемі 8894,9 млн.теңгені (2020 жыл – 8310,1 млн. теңге) немесе нақты көлем индексі 103% құрады, оның ішінде: өсімдік шаруашылығы өнімі – 321,4 млн. теңге (2020 жыл – 231,3 млн. теңге) немесе нақты көлем индексі 100%, мал шаруашылығы өнімі – 8573,5 млн. теңге (2020 жыл – 8078,8 млн. теңге), нақты көлем индексі 103% құрады. Ауыл шаруашылығы өнімінің өсім қарқыны 107% құрады.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес 2021 жылдың өнімі үшін ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік көлемін 134810 гектарға орналастыру жоспарланған.

Бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда (120712 га) 14098 гектарға немесе 11,7 % артық. Берілген жоспар толық орындалып, көктемгі егіс дала жұмыстары аяқталды.